Qoǵam

ЛАГЕРЬДЕГІ ҚЫЗЫҚТЫ КҮНДЕР

Ауданнан «Берікқара» жанұялық демалыс кешеніне жазғы лагерьге кеткен балалар өткен сенбі күні қайтты. Балаларды орталық алаңнан автобустан ата-аналары мен туыстары қарсы алды. 12 күнге кеткен балалар бір жағы қуанып, бір жағы сағыныш сезімімен көздері бал-бұл жайнап үйлеріне тарқады.

Лагерьдегі күндерін қызықты өткізген балалардан сұхбат алудың да сәті түсті.
Жасмин Жолтай, Замира Тәжібай, Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектептің 8 сынып оқушылары.
-Біз лагерьге көпбалалы отбасының балалары ретінде бардық. Екеуміз де бұл лагерьге бірінші рет баруымыз. Лагерь бізге қатты ұнады. Ондағы ағайлар мен апайлар әр күні әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Әсіресе, «Екі жұлдыз» байқауы мен макет жасау, «Лагерь аруы» байқауы қатты ұнады. Макет жасау шарасында біздің топ «Берікқара» лагерінің болашақ даму жоспарын жасады. Топтың әр мүшесі өз ойын, ұсынысын қосып жасап, өзіміз қорғап шықтық. Концерттерде өз өнерімізді, білімімізді көрсеттік. Лагерьде көп достар тауып, көпшіл, тату болуды үйрендік.
Әсет Немеребаев, №15 мектеп-лицейдің оқушысы.
– «Берікқара» лагеріне биыл екінші рет баруым. Лагерь ғимаратының орналасқан жері тамаша. Табиғатына да көз тоймайды. Біз онда демалғанда тауға да серуенге шықтық. Биіктікке шығып түрлі ағаштар, шөптер, құстарды көрдік, су шашыспақ ойнап, суретке түстік. Лагерьдегі әр күніміздің қызықты өтуіне тәлімгерлеріміз ерекше атсалысты. Лагерь барлық балаға ұнады деп ойлаймын.
Асылым Мекемтас, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы.
– Лагерьге мен оқу озаты ретінде бардым. Ауылдан алыста орналасқан лагерьге биыл бірінші рет барып тұрмын. Маған қатты ұнады. Балаларға осындай демалыс ұйымдастырған аудан басшыларына үлкен алғысымды білдіреміз.
Ауданнан барған балалар 14 топқа бөлінді. Әр топқа бір тәлімгер мен бір тәрбиеші жетекшілік етті. Біздің топ «Торнадо» деп аталды. Тәлімгеріміз Бақдәулет Дудар деген кісі бәріміздің көңілімізден шықты. Қызығушылығымызды арттырып, бойымыздағы өнерімізді аша түсті. Бауырмалдыққа, ашықтыққа, шыншылдыққа баулыды.
Лагерьдегі балалар бес мезгіл тамақтанады. Тамақтары да ұнады. Бәрі бала ағзасына пайдалы тағамдар. Күнде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Күндіз бассейнге шомыламыз, тынығамыз, әңгімелесеміз, кешкі іс-шараға дайындаламыз. Кешкі іс-шарадан кейін би кеші болады. Бір сөзбен айтқанда, Берікқара шатқалындағы демалысымыз өте көңілді, әсерлі өтті.
Көп достар таптым. Ата-анамыздан жырақта жүріп өз өзімізді ұстауды, кісімен қалай қарым-қатынас жасауды, біреудің бойынан жақсы қасиетті, біреудің бойынан жаман қасиетті көріп, ой түйдім. Жақсы мен жаманды ажырата білуді үйрендік.
Лагерьден қайтардан бір күн бұрын гала-концерт өтті. Концертте бәріміз лагерь директорының қолынан грамота алдық. Әр күніміздің мәнді де мағыналы өтуіне атсалысқан аға-апайларымызға алғысымызды білдіреміз. Біз осылайша жазғы демалысымыз қызықты еткен лагерьмен қимай-қимай қоштастық.
Лагерьге баруыма себепкер болған мектептегі ұстаздарыма да айтар алғысым шексіз.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close