El іshі
Тірек мектебінде ауқымды жұмыстар атқарылуда
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі өз сөзінде білім мен ғылымда, мәдениет пен спортта, өнер мен өндірісте алда жүрген өрендерге азаттық алған алғашқы жылдардағы уақытша қиындықтарды, әлеуметтік ауыртпалықтарды айтып отырады. Расында да, Елбасы әр сұхбатында сонау егемендік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарды мысалға келтіреді. Мұның да өзіндік тағылымы, кейінгі буын жастар алар сабағы бары екені айтпаса да түсінікті.
Еліміздің талантты да алғыр жастарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқытып алуға жол ашты. Нәтижесінде, қазір технологияның құлағында ойнайтын ойы орамды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс істеуде.
Адам ғұмыр бойы білім іздеп, өзін ұдайы дамытып отыруы шарт. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Елбасының айрықша қасиеті. «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы» – ұлт болып өзін өзі қамшылаудың айрықша көрінісі. Бәсекеге қабілетті болу үшін адам факторы алғы межеге шығады.
Мемлекетіміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, етек-жеңіміздің жинаған сәттен бастап Елбасы білім саласына ерекше мән берді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында қаншама жұмыстар атқарылды. Жаңа мектептер бой көтеріп, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілді. Заман талабына сай оқу бағдарламалары жаңартылды. Білмді жастарға білімін жетілдіруге, шыңдауға, бар жағдай жасалуда.
Тәуелсіздік жылдары біздің ауданымызда 15 білім нысаны салынды. Оның екеуі жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Олардың бірі №15 мектеп-лицей болса, екіншісі «Аягүл» балабақшасы. Ал, қалған 13-і ескірген мектептердің орнына қайта салынған ғимараттар.
Жаңадан бой көтерген мектептердің бірі №25 Ақтөбе тірек мектебі. Тәуелсіздік жылдары түлеген мектептің тыныс-тіршілігі, алға қойған жоспарлары жайлы мектеп директоры Гүлнар Әбілдаевамен сұхбаттасқан едік.
-Гүлнар Жақсылыққызы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Алдымен мектептің тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Асқаралы Алатау мен қазыналы қарт Қаратаудың бөктерінде орын тепкен Ақтөбе ауылындағы №25 Ақтөбе тірек мектебінің тарихы да өзінше бір шежіре.
Мектеп тарихы сонау 1940 жылдары төрт оқу бөлмесінен тұратын бастауыш мектеп болып ашылғаннан бастау алады. Ол кездері мектепті Кандалова Лидия Ивановна басқарды. 1970-1992 жылдары Попова Галина Ивановна басшылық жасаса, 1992-1996 жылдары Мадкрамова Айша сынды білікті ұстаз тізгінді ұстады. 1996-1998 жылдары Бопахова Гүлмира Камалқызы игі істі әрі қарай жалғастырды. 1998 жылы бала санының өсуіне байланысты бұрынғы балабақша ғимараты жөндеуден өткізіліп, жеті оқу кабинеті тағы қосылып, бастауыш мектеп орталау (негізгі) мектеп болды. Мектепке Айтбаева Базаркүл Қалембайқызы басшылық етіп, мектеп толыққанды білім мен тәрбиенің бастауына айналды. 2000 жылы Ақтөбе орталау мектебі 11 жылдық орта мектеп болып, қайта құрылды. 2006 жылдан бастап мектепті басқару маған жүктелді.
2012 жылдың мамыр айынан бастап, 150 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды. 2013 жылдың 1 қыркүйегінде ел игілігіне пайдалануға берілген жаңа мектеп жұртшылықтың көзайымына айналды. Қазіргі уақытта балаларымыз барлық стандарттарға сай, әдемі, көрікті мектепте білім алуда. 2014 жылы 1 қыркүйекте Ақтөбе орта мектебі, «№25 Ақтөбе тірек мектебі (ресурстық орталық)» статусын алды.
Бүгінгі таңда мектеп оқу тәрбие үрдісінің барлық көрсеткіштері бойынша аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атануда.
-Жалпы тірек мектебі деген нені білдіреді? Тірек мектебінің жәй мектептерден айырмашылығы неде?
-Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында шағын жинақты мектептерді сапалық тұрғыда дамытуға мән берілген. Осы бағдарлама негізінде шағын жинақталған мектептердің проблемаларын шешуде тірек мектебі (ресурстық орталық) моделі қолға алынды.
2012 жылдан бастап облысымызда шағын жинақталған мектептердің қызметін жандандыру үшін құрылған тірек мектептерінің бірі – Жуалы ауданы, Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы) жұмысын бастаған. 2014 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының №583 бұйрығына сәйкес, №25 Ақтөбе орта мектебіне ауыстырылды. Содан «№25 Ақтөбе тірек мектебі (РО)» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.
Тірек мектебінің (ресурстық орталықтың) негізгі мақсаты- оқушылардың сұранысына сәйкес барлық деңгейінде сапалы және қолжетімді білім беруді қамтамасыз ету.
Міндеттері:
-білім беру үдерісінің тиімділігін арттыру, баланың тұлға ретінде дамуына территориялық біріктірулер, әлеуметтік серіктестіктер мен педагогтардың күш-жігері арқылы бағыттауды;
-оқушыларды оқыту және тәрбиелеуде тірек мектебі (ресурстық орталыққа) кірген білім беру мекемелерінің жұмыстарында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануды;
-әр баланың өзіндік даралық қасиетін көрсетуіне және оның қажеттілігіне, қызығушылығы мен қабілетін жүзеге асыруына мүмкіншілік беруді;
-тірек мектептер (ресурстық орталықтар) магниттік мектеп оқушыларына бейіналды дайындыққа көмек көрсетуді;
-оқу және оқудан тыс іс-шаралар ұйымдастырғанда, оқушылардың ата-аналарын белсенді қатыстыруды;
-әлеуметтік серіктестік пен білім беру ұйымдары оқушылардың жан-жақты дайындалуына, өзіндік өміріне, еңбекке, өмірлік және мамандықты таңдауды өзінше шешуіне жағдай жасауды қажет етеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, тірек мектептері шағын жинақталған мектептердің проблемаларын шешу үшін құрылған. Шағын жинақталған мектептер дегеніміз қандай мектептер? Мәселен, шалғай ауылдардағы бала саны аз, материалдық-техникалық базасы нашар мектептер сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіндігі болмайды. Яғни, мұғалімдердің жетіспеушілігі, материалдық-техникалық базасының толық болмауынан түрлі зертханалық, тәжірибелік жұмыстар, білім сапасына қатысты іс-шараларды толыққанды өткізу мүмкіндігі болмайды. Сол себептен, тірек мектебі шағын жинақталған мектептерді магнитті мектептер қылып шоғырландырады.
Тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасы толыққанды жабдықталып, білікті ұстаздармен қамтамасыз етіліп, шағын жинақталған мектептердің оқушыларының білімін тиянақтау үшін оқытуға дайындайды.
Бүгінгі таңда Ақтөбе тірек мектебіне Жаңаталап және Алатау орта мектептері магнитті мектептер болып кіріктіріліп отыр. Магнитті мектептер өз мектептерінде білім бағдарламасына сәйкес толыққанды білім алып, тоқсанына бір рет тірек мектебіне сессияға келеді. Тірек мектебінде онкүндік сессия ұйымдастырылады. Сессия кезінде оқушылар өз мектептерінде алған білімдерін біздің мектепте тиянақтайды, қорытындылайды.
Сессия барысында оқушыларға сапалы білім берумен қатар әлеуметтендіру жұмыстары қатар жүреді. Әлеуметтендіру жұмыстары барысында бала бір ауылдың, бір мектептің деңгейінде қалып кетпес үшін оқушыларды шығармашылық жағынан дамыту мақсатында түрлі іс-шараларға тартамыз. Мәселен, вокал маманы, театр өнері маманы, хореограф, домбыра тартуды үйрететін маман, қолөнер маманы барлық мектепте бола бермейді. Сол себептен тірек мектебінде осындай қолжетімсіз мамандар оқушыларды үйірмелерге тартып, жұмыс жасайды. Мәселен, бізде қазақ драма театрының халық әртісі драма үйірмесінен сабақ береді. Жалпы жоғарыда аталған мамандардың барлығы біздің мектепте бар. Оған қоса тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы үйірмелері жұмыс істейді. Қысқасы, шағын жинақталған мектептердің оқушыларымен ауқымды жұмыстар атқарылады.
-Мектептің материалдық-техникалық базасы қандай?
-Оқу кабинеттерінің саны-20, спортзал, мәжіліс зал, асхана және спорт алаңы бар. Жаңа модификациялық кабинеттер саны екеу, лингафон кабинеті біреу, робототехника кабинеті, екі шеберхана, екі компьютер сыныбы жұмыс істейді. Компьютер сыныптарында 60 компьютер бар.
-Білім шаңырағында қанша мұғалім, қанша оқушы бар? Және мұғалімдердің санаты қандай?
-Жалпы 38 мұғалім бар. Оның 37-і жоғары білімді, біреуі арнаулы орта білімді. Ал, санатына келсек, екі педагог шебер, жеті педагог зерттеуші, 13 педагог сарапшы, төртеуі бірінші санатты, 13-і санатсыз педагогтар. Оқушылар саны – 187. Сонымен бірге мектепалды даярлық тобында 13 бала бар.
-Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен барлық мектептерде «Жомарт түлек» жобасы қолға алынып, мектептер түлектерімен берік байланыс орнатуда. Бұл игі іс Сіздердің мектепте қалай жүзеге асуда?
-Жоба аясында мектеп түлектері шахмат бұрышы, мектеп маңдайшасы, рәміздер бұрышы, мектепті безендіру жұмыстарына, «Оқуға құштар мектеп» жобасына 601 000 теңгеге демеушілік жасалды.
-Мектеп жетістіктері жайлы айтып берсеңіз.
-Тірек мектеп (РО) мұғалімдерінің кәсіби әлеуетін үздіксіз жетілдіру және іс-тәжірибе алмасу мақсатында (магниттік мектеп ұстаздарын қоса алғанда) кәсіби желілік қауымдастығы ұйымдастырылған. Оқу мен оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында білім, ғылым мен мәдениет саласында тікелей және өзара тиімді ынтымақтастықты орнату үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын негізге ала отырып, өлкетану жұмыстарын жас ұрпақ арасында насихаттау, қоғамдық санасын жаңғырту мақсатында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейімен меморандум жасалды.
Тірек мектебінің жүйелі жұмыстары облыс, республика көлемінде таратылды. Атап айтсақ, 2017 жылы «Тірек мектебі жағдайында (РО) ШЖМ оқушыларын әлеуметтендіру» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар, 2018 жылы «Тірек мектебі (ресурстық орталық) жағдайында оқушыларды әлеуметтендірудің ұйымдастыру-педагогикалық шарттары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.
Шағын жинақты мектеп оқушысының білім сапасын арттыру мен қоғамға әлеуметтендіру мақсатында жан-жақты бағыттағы ұйымдастырылған іс-шаралар мен тәжірибелерді насихаттап №25 Ақтөбе тірек мектебі (РО) «Үздік тірек мектебі» республикалық байқауында жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Сонымен қатар, жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жағдайындағы үздік тәжірибе үлгілерін тарату аясында мектеп ұжымы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Алғысхатымен марапатталды.
2020 жылы Облыс көлемінде «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясын жеңіп алып, облыс әкімінің 1 000 000 теңге сертификатын иеленді.
Мектебімізде оқушы тұлғасын әлеуметтендіруге бағытталған 14 үйірме, 1 клуб жұмыс жасайды. Аталған үйірмелер мен клубқа қатысатын оқушылар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, түрлі жарыстарда, байқауларда оза шауып жүр. Соңғы бесжылдықта аудандық пән олимпиадаларында – 24 оқушы, облыстық пән олимпиадаларында-4 оқушы, республикалық қашықтық олимпиадаларда – 94 оқушы, халықаралық қашықтық олимпиадада -13 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Аудандық ғылыми жарыстарда -16 оқушы, облыстық ғылыми жарыстарда-9 оқушы, республикалық ғылыми жарыстарда -4 оқушы жүлделі орындарды иеленді.
Мектеп педагогтарының ғылыми еңбектері республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларының 75 жинағында жарық көрді.
Үздік тәжірибелерді тарату бойынша мектепішілік – 7, желілік бағытта – 10, ЖОО профессор-оқытушылармен бірлестікте 3 әдістемелік нұсқаулық, 4 авторлық бағдарлама жазылды.
-Алдағы жоспарларыңыз.
-Алға қойған жоспарларымыз әрине көп. Оның ішінде маңыздыларына тоқталсам, П.Дадлидің «Финдік оқыту жүйесі әдістемесін» біздің мектептің үрдісіне ыңғайластырып енгізу (даму жоспарын жасау). «Мектеп-отбасы» жобасын дайындау, енгізу және «Оқуға құштар мектеп» жобасын үздіксіз жалғастыру. Және де мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін арттыру мен оқуды, оқытуды жетілдіру жұмыстарын жаңашаландыру.
-Әңгімеңізге рақмет! Оқу жылына мол табыс тілеймін!
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тағы да құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»