El іshі

«Туған жерім – дархан далам»

атты мерекелік шара өтті

Ауылдық округтердің аудандағы мәдениет күндері аясында Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Туған жерім – дархан далам» атты шара ұйымдастырылды.
Шараға ауылдық округ әкімі Ғани Жұбаев, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ардагер Нұрғали Есмұратов, Күреңбел ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышев, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен қонақтар қатысты.

Мәдениет үйінің алдындағы алаңда ұлттық киімде ат мінген, құмай тазыларын ілестірген ауыл азаматтарымен теңге алу, арқан тартыс, аударыспақ т.б. ұлттық ойындар ойнатылды.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жастарға ат әбзелдерінің топтамасын таныстырып, атқа міну тәсілін ауыл азаматы Нұралы Сапашбаев үйретті.
Шашу шашып қонақтарға қазақтың ұлттық дәмі – бауырсақ қымыздан дәм таттырды.
Әрі қарай ауыл келіндері ұлттық киіммен қазан-ошақ басында ыстық бауырсақ пен отта таба нанның пісірілуін, күбіде айран пісу, қымыз сапыру, тас диірмен тарту, келі-келсаппен бидай түю көріністерін көрсетті.
Мәдениет үйінің ішінде ұлттық салт-дәстүр рәсімі бойынша ұлттық киімде әжелердің киіз басып, ұршық иіріп, жүн түтіп, құрақ құрау жұмысы таныстырылды. Мәдениет үйінің оң бұрышында спорттық ойындар, соның ішінде қазақша күрестен көрініс көрсетілді. Әрі қарай өнер мектебінің хореографы Индира Ералиева қонақтарды көрмемен таныстырды.
Іс-шара әрі қарай мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиешілері дайындаған мерекелік концертке ұласты. Іс-шарада алғы сөзді ауылдық округтің әкімі Ғани Жұбаев алды. Ол жиналғандарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен құттықтап, сөзді Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Нұрғали Сәрсенбекұлына берді.
Ол Алматыдағы орталық алаңда өзінің басынан өткен оқиғалармен бөлісті. Жастарға «білім алыңдар, білімнің арқасында көп нәрсеге қол жеткізесіңдер» деп өзінің ақыл-кеңесін айтып, көрермендерге жылы лебізін білдірді.
Ауыл әкімі Ғани Жұбаев желтоқсаншы Нұрғали Есмұратовқа арнайы сыйлық пен грамота табыстады.
Мерекелік концертте мектеп оқушылары патриоттық әндер шырқап, ұлттық билерді мың бұрала билеп, көрермендерге өз өнерлерін көрсетіп, жоғары деген баға алды. Ауылдық округ аппаратының мамандары да мерекелік концертке өз үлестерін қосты. Бірі ән айтса, бірі би биледі.
Күреңбел ауылдық мәдениет үйінде өткен іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ауылдық округ тұрғындарының ауызбіршілігі мен тыңғылықты дайындығы көрініп тұрды.
Концерт соңында ауыл қариясы Ырысалды Батырбай: «Туған жеріміз, еліміз Қазақстан гүлденіп, көркейе берсін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын!» деп өзінің ақ тілегін білдіріп, батасын берді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close