El іshі
70 жылдық тарихы бар жетекші кәсіпорын
«Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның өнімдеріне сұраныс қашанда жоғары
Қазақ халқы үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиісті. Төрт түлігін өргізіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.
Күнделікті өмірде қоңырқай тірлік кешіп келе жатқан ауылдарда бүгінде заман талабына сай жаңа бастамалар қолға алыну үстінде. Ауылдың негізгі тіршілігінің бірі мал және егін шаруашылығы дейтін болсақ, ауылда аталған атакәсіппен қатар кәсіпкерлік саласы да кең қанат жайып келе жатқаны белгілі. Соның бірі ретінде сүт өндірісін айтуға болады. Бүгінде Жуалы ауданында сауын сиырдың да басы артып келеді. Сүт бағытындағы сиыр басының өсуіне елімізде бұдан бірер жыл бұрын қолға алынған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің құрылып, кооперативтерге жеңілдетілген несие беру жұмыстары оң әсер еткені анық. Жекелеген кәсіпкер азаматтар қазір ауыл-ауылдан сүт жинап, оны аудан орталығындағы сүт өңдеу кәсіпорындарына өткізу ісімен айналысуда. Кәсіптің бұл түрі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталғаны анық.
Қазіргі таңда ауданда өндірілетін сүттің елеулі бөлігін «Бурное сүт компаниясы» ЖШС өңдеп отыр. Зауыттың тарихына тоқталар болсақ, «Бурный ірімшік зауыты» кәсіпорнының іргетасы Жамбыл облыстық сүт комбинатының филиалы ретінде 1949 жылы қаланып, 1951 жылы алғашқы өнімін шығара бастайды. Сапалы сүт өнімдерімен ерекшеленген зауыт ұзақ жылдар тек қана таза әрі табиғи өнім шығарумен айналысып келеді.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда зауыт жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. 1995 жылы жекешелендіру саясатының негізінде зауыттың базасынан «Бурный ірімшік зауыты» ашық акционерлік қоғамы құрылды. Кәсіпорынды жергілікті кәсіпкер азаматтар сатып алып, жұмысын қайта жандандырды. Содан зауыт 2006 жылы акционерлік қоғамнан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырылды. Өндірістің жұмысын үздіксіз жүргізіп, бәсекеге қабілетті болу да нарықтың талабы екені анық. Осы ретте 2009 жылы зауыт «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қомақты несие алып, ультрапастерленген сүт құюға арналған қондырғыны сатып алады. Алайда оны бірден іске қосуға қаржы мәселелері қолбайлау болып, содан бір жылдан кейін қаржылық қиындықтарға байланысты зауыт өз жұмысын тоқтатқан болатын. Екі жылдық үзілістен соң кәсіпорынның тамырына қайта қан жүгіре бастайды.
Зауыттың ең негізгі шикізаты сүт дейтін болсақ, бұл ретте зауытпен қоян-қолтық жұмыс істеп, ауыл-ауылдардан сүт тасымалдаумен айналысқан жеке кәсіпкер азаматтардың да еңбегін атап өткен жөн сияқты. Олар сүт тасымалдау арқылы зауыттың күнделікті жүктемесін арттырды. Ал жүктеме артса, оған қосымша жұмысшы күші де қажет болатыны анық. 2014 жылы аталған кәсіпорын «Бурное сүт компаниясы» ЖШС болып қайта құрылды. Міне содан бергі уақытта зауыт дамудың даңғыл жолына түсті. Зауыт басшылығының айтуынша, 2012-ші жылдары мұнда небәрі 20 адам ғана жұмыс жасаса, қазір жұмысшы күші 120 адамға жуықтап отыр. Бұл кәсіпорын жүктемесінің едәуір артып отырғанын көрсетсе керек.
Жалпы кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да жан жақты айтылғаны белгілі. Президент өз сөзінде: «Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет.
Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ»,- деп айтты.
«Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның ұжымы мемлекет міндеттеп отырған бұл үдеден әрдайым шығуға бар күш-жігерлерін салуда. Дегенмен, қазіргі таңда мұнда білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі бар. Атап айтқанда, кәсіпорын жұмысын ілгерілетуге инженерлер, кипавтоматика мамандары, ультрапастерленген сүт құюға арналған қондырғымен жұмыс істейтін операторлар, электрик, микробиолог, лаборанттар жетіспейді. Зауыт басшылығы бұл мәселені жастардың ауылға келіп жұмыс істегісі келмейтіндігімен байланыстырып отыр. Әйтпесе мұнда жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгені құрайды.
«Бурное сүт компаниясы» ЖШС ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 10 405 тонна сүт өңдеп, одан 822 тонна қатты ірімшік, 30 тонна сары май, 6 245 тонна ультра жоғары пастерленген (қаптамадағы сүт) сүт өндіріп отыр. Өнім ассортиментіне келер болсақ, зауытта қатты ірімшіктің сегіз түрі, сары майдың үш түрі және арнайы термо қаптамадағы пастерленген сүт шығарылады. Кәсіпорында жоғары сапада өңделіп, өндірілген экологиялық таза сүт өнімдері еліміздің ең үлкен мегаполистері – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларымен қатар, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және тағы басқа батыс өңірдегі қалаларға жөнелтіледі. Сонымен қатар, зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясының Саратов, Самара қалалары, Алтай өлкесіне және Мәскеу облысында да жоғары сұранысқа ие.
Серіктестік директоры Сыбанбай Арыновтың айтуынша, зауыттың сүт қабылдау мүмкіндігі тәулігіне 100 тоннаға дейін жетеді екен. Алайда кәсіпорын оның тек 30-40 процентіне ғана қол жеткізіп отыр. Ауданда сауылған сүт Б.Момышұлы ауылындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-мен қатар, басқа да сүт өңдеу цехтарына өткізіледі. Бірқатар ауылдық округтерде өндірілген сүт облыс орталығына және өңірдің басқа да аудандарына тасымалдануда. Одан бөлек, Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-да сауылған сүт Меркі ауданындағы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-на өткізілетін көрінеді. Жалпы Жуалының сүтіне деген сыртқы қызығушылық ауданда сүт кластерін дамытуға өз кедергісін келтіруде. Міне, аудан шаруашылықтарында өндірілген құнарлы сүттің елеулі бөлігінің сыртқа кетуіне байланысты «Бурное сүт компаниясы» ЖШС толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. Әрине, бұл мәселе зауыттан шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға қолбайлау.
Зауыттың негізгі шикізаты сүт болғандықтан, кәсіпорынды қажетті сүтпен толықтай қамтамасыз ету мақсатында зауыт басшылығы былтырдан бері бірқатар жобаларды қолға алып отыр. Атап айтқанда, Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай ауылының маңындағы бұрынғы сүт тауарлы фермасының орнынан 800 бас сауынды сиырға арналған заманауи сүт тауарлы фермасының құрылысы басталды. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қазіргі таңда ауылдық округ маңынан егістік жер алу мәселелері пысықталу үстінде екен. Бұл – ең алдымен мал азығы базасын құруға үлкен мүмкіндік бермек. Құрылыс аяқталған соң мұнда асыл тұқымды сиырлар әкелінеді деп жоспарлануда. Бұл жоба өз кезегінде зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге өз септігін тигізетін болады.
– Биыл «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның құрылғанына 70 жыл толып отыр. Бұл – кәсіпорын үшін үлкен айтулы белес. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпорында өндірілген сүт өнімдері елімізде ғана емес, Ресейде де жоғары сұранысқа ие. Менің осында басшылыққа келгеніме жарты жылдай уақыт болды. Осы аралықта зауыттың жұмысын ілгерілету мақсатында бірқатар жоба-жоспарларды қолға алып жатырмыз. Осыған сәйкес жұмыстың ауқымы да кеңейіп, қосымша жұмыс орындары да ашыла бастады. Бізге кәсіби мамандар жетіспейді. Биылдың өзінде біз аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына 11 бос орынға жұмысшылардың қажеттілігі жөнінде өтініш бергенбіз. Алайда кәсіби мамандардың жетіспеушілігі әлі де болса сезілуде.
Былтыр кәсіпорынның ішінен құрт цехы іске қосылды. Жалпы зауытта қатты ірімшік, май, құрт шығаратын және сүт құятын төрт цех бар. Жұмысшыларға айлық жалақыдан бөлек, заңды түрде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру және зейнетақы жарналары тұрақты аударылады. Басқа да әлеуметтік көмектер жасалады. Зауытқа ең керегі сүт шикізаты. Оны біз шаруалардан жоғары бағада қабылдаймыз. Сондықтан осында жеткізілетін сүт қорын молайта түсу үшін аудандағы шаруалар және жеке кәсіпкерлермен, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшыларымен жиі-жиі бас қосып, келіссөздер жүргізудеміз,- дейді серіктестік директоры Сыбанбай Арынов.
Аудандағы ең үлкен кәсіпорындардың бірі саналатын «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның экологиялық таза сүт өнімдерін шығарудағы жетекші рөлі және тұрғындарды жұмыспен қамтудағы елеулі үлесімен қоса, компанияның баға саясатына да қосып отырған үлесін баса айтуымыз қажет. Себебі, зауыттың жанында ұзақ жылдан бері фирмалық дүкен жұмыс істейді. Мұнда кәсіпорында өндірілген өнімдер ешқандай алыпсатарлардың араласуынсыз зауыттың өз бағасымен саудаланады. Қазір мұны ауданның тұрғындары жақсы біледі. Тұрғындар көбінде зауыт өнімдерін осы дүкеннен арнайы келіп сатып алуға тырысады.
Сүт кластерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Бурное сүт компаниясы» ЖШС бірқатар салалық марапаттарға ие. Мұның жарқын дәлелі ретінде серіктестік «WorldFoodKazakhstan-2014» және «WorldFoodKazakhstan-2015» көрмелерінде бірінші орынды жеңіп алғанын айтсақ болады. Онымен қоса, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында екінші орын, сондай-ақ, елордадағы көрме-конкурстарында зауыт өнімдері жоғары бағаланған. 2019 жылы «Сала көшбасшысы» марапатына ие болды. Осы орайда кәсіпорынның ауданның кірісін молайтуға қосып отырған үлесін айтпай кетуге болмас.
Бір сөзбен айтқанда, серіктестіктің еліміздегі сүт кластерін дамытумен қоса ауданның гүлденіп, дамуына қосып отырған үлесі орасан.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»