El іshі
Біз – тәуелсіз ел ұланы, болашаққа үн қосқан
Спорт – саламаттылық кепілі, денсаулық тірегі. Әдетте кез келген адам спортпен шұғылдана білуі мүмкін, бірақ шын спортшы болуы екіталай. Өйткені ол – спортта қайтпас қайсар мінез бен күш-жігерді үйлестіре білген адам ғана ұтатыны өмір шындығы. Осындай қарапайым спорт түрі емес, елімізде бұрыннан кең қанат жайған спорттың түрі – ол бокс екені бәрімізге мәлім.
Биылғы жылдың қараша айында жастар арасында Азия чемпионаты Монғолияның астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтті. Сол дүбірлі жарыста ауылымыздың төл тумасы, осы мектептің түлегі Дархан Дүйсебай алтыннан алқа тағып, көк туымызды биікте желбіретіп, 2019 жылдың жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Дарханның жеңісі тек біздің ғана емес, бәрімізге ортақ – бүкіл қазақ елінің жеңісі.
Бүгін Азия чемпионатындағы жарыстан кейін туған елге, туған жерде өзі білім нәрімен сусындаған мектепте жеңіспен оралған жерлесіміз салтанатты түрде «Жас Ұлан» ұйымына оқушыларды қабылдау рәсіміне ие болды. Жеңімпаз ағаларының қолымен ұйымға кірген жас оқушылардың қуанышында шек жоқ.Көздері нұрланып,жандары жадырап, ертеңге деген зор үміт кеуделерінде алаулап тұр.Дархан ағаларына қарап бейне өздері де жеңімпаз атанып қалғандай күй кешуде.
Кездесу барысында мектеп директоры Сәтбай Жайықбаев сөз сөйлеп,тілек айтты. Жуалы жерінің тумасы қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлы сияқты қайсар азамат болсын деген ниетпен жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Мен қазақтың баласы» кітабын сыйға тартты.Қарасаз ауылдық округі әскери есеп бөлім меңгерушісі кездесу қонағы Хасеновна Бақыткүл Жексекеева жеңімпаз Дарханның жеңісін қалай бөліскені туралы әсерлі әңгімесімен оқушыларды толқытып тастады. Дарханға деген тілектерімен де бөлісті.Қонақ болып келген кәсіпкер Сейітқали Жайықбаев да ауылымыздың ғана емес,еліміздің абыройын асқақтата көтерген Дүйсебай Дарханның болашағынан зор үміт күтетінін зор сеніммен айтты. Ал оқушыларымыз жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазына ойларында жүрген сұрақтарын қоя отырып, спортшылардың өмірі туралы, т.б. көптеген қызықты, пайдалы кеңес алды.
Дархан болса алғаш рет қолына қалам алып,әріптерді үйреткен ұстазы Жәмила Жарылқаповаға, жаттықтырушысы Ерболат Айнабековке және басқа да ұстаздары мен ауылдастарына деген шексіз алғысын жасырмай ризашылығын білдірді.Кездесуден шыққан Дархан кітапханашы Ғазиза Досыбаеваның кітапханадағы Дарханның жеңісіне арналған бұрышты тамашалап, алғысын білдірді.
Анафия Шерімбаева,
№14 Б.Майлин атындағы орта
мектептің мұғалімі