El іshі
Елмен бірге еңсесін тіктеп келеді
Билікөл ауылдық округіне қарасты Жылыбұлақ ауылында Өтеген Оразалиев әке жолымен қой шаруашылығын қолға алып, атакәсіпті дамытып отыр. Өтеген Әжібайұлы басқаратын «Кішкентай» шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған. Қазіргі таңда иелігінде 35 гектар егістік, 35 гектар шабындық және 200 гектардан аса жайылымдық жері бар. Сонымен қатар, Өтеген аға 500-ге жуық ұсақ мал, 20 шақты жылқы және 10 шақты сиыр ұстап отыр. Шаруа Билікөл маңында Аса өзенінің бойындағы қора-жайда қысы-жазы мал бағып, төрт түлігін көбейтуде.
-«Жақсы әкенің даналығы – балаға мың жылдық азық» деген халық даналығында жақсы сөз бар. Әкеміздің бізге көрсетіп кеткен жолы өмірбақи азық болып келе жатыр. Әкеміздің еңбекқорлығы мен жұмысқа деген жауапкершілігін үлгі етіп өстік. Ол алты жасынан бастап қой баққан. Кезінде «Билікөл» совхозында қой бағып, үздіктердің қатарынан көрінген. Әр жыл сайын 100 қойдан 100-120 бас қозы төлдетіп, жоспарды артығымен орындаған шабан болған. Әкемізді бүкіл ел құрметтейтін. Бала күнімізден әкеміздің жанында жүріп, совхоздың қойын бағуға қолғабыс еттік. Қой төлдеп, қора у-шу болып жатқанда қасында жүріп, тәжірибе жинақтадық. Сондықтан бұл кәсіп бізге әкемізден аманат болып қалған,- дейді Өтеген Әжібайұлы.
Өтеген ағаның айтуына қарағанда, 1995 жылдары Билікөл өңірінде малшылар слеті өткен екен. Сол слетта Әжібай ақсақал құрметті зейнет демалысына шығып, көпшіліктің ортасында ұлы Өтегенге өзінің ақтаяғын құрметпен тапсырған. Әкесінің ісін ұлы жалғайтынына сенім білдірген. Ең жас шопан ретінде қой шаруашылығын қолға алып, әрі қарай дамыту үшін батасын берген.
-Ел Тәуелсіздігін алып, аумалы-төкпелі кезеңге тап болдық. Бұрынғыдай колхоздың малын бағу деген жоқ. Қайта совхоз тарап, бөлініп шығып, жеке шаруашылық құрыла бастады. Иеліктеріне жер мен малдарын алып, әркім өзінше әрекет етуге кірісіп, жаңашылдыққа қарай бет бұрдық. Шүкір, әкеден қалған мирас ретінде берілген төрт түлігімізбен шаруа қожалықтың іргесі қаланып, тіршілігімізді жасай бастадық. Малды көбейттік.
«Мал баққанға бітеді» дейді. Ең бірінші, малдың қора-жайын соғып, маз азығын молынан жинап, төлді көбейттік. Қораны жылылап, мал төлдету науқанына дайындық жасаймыз. Қой төлдеген уақыт жауапты науқан. Бұл уақытта бір күнді босқа жіберуге болмайды. Қырағылық пен мұқияттылықты қажет етеді. Қоздаған қойларды бөлек орынға жайғастырып, қозының аяқтанып кетуін қадағалаймыз. Малымыздың басы көбейіп, шығынға батпау үшін отбасымызбен, ағайынды бауырларыммен бірге осындағы тірлікті бірлесе жүріп атқарамыз. Биыл қыс қамын жасап, төрт түлігімізге 3000 түк шөп жинап, үш тонна бидай түсірдік. Өзіміздің жүк көлігіміз бар, – дейді шаруа қожалық төрағасы.
Шаруа қожалық Кішкентай бабаларының құрметіне «Кішкентай» деп аталған. Марқұм Әжібай ақсақал бабасының аты өшпесін, кейінгі ұрпағы оны еске алып жүрсін деген ниетте осы атауды берген екен.
Атауы «Кішкентай» болғанымен, ісі ауқымды. Қожалық қой өсірумен қоса, мал бордақылап, көпшіліктің сұранасына байланысты бордақы малды саудалауда. Ағайынның малын бір жерге біріктіріп, өзі бағып, әулетінің ауызбіршілігін сақтауда. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі және елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Өтеген Әжібайұлы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған.
Өтеген аға адал еңбегінің арқасында ата кәсіпті жалғастырып отырған жайы бар. Ол Үкімет тарапынан көмек болса, мал бордақылау ісін қолға алмақ ниетте. Жоспардағы істі жүзеге асыру үшін шаруаға ең біріншіден үкімет тарапынан қолдау қажет. Сонымен қатар, шаруа қазіргі таңда малшы таба алмайтынын, бұл жұмысқа көп адам келе бермейтіні де “үлкен мәселе” дейді.
Ө.Әжібайұлының өмірлік жары Гүлмира Естайқызы да отбасылық ата кәсіптері жайында да өз пікірін білдірді.
-Мал баққан оңай емес. Әр нәрсенің өз қиындығы бар. Ауа райын талғамай, жауын-шашынға қарамай, малдың қамын жасап, тіршілігіңді жасайсың. Бұл үлкен еңбекті, шыдамдылықты қажет етеді. Отау құрған кезімізден бастап осы шаруашылықпен айналысып келеміз. Ата-енеммен бірге тұрып, тәрбиесін алған едік. Әулеттегі ауызбіршілігіміздің осы істі алға қарай жылжытудамыз. Шүкір, шаруашылыққа жақындарымыз қолғабыс етіп, әрдайым қасымыздан табылады. Жолдасымның қасында мен де бірге жүріп, жауапты науқандарға қатысамын. Қора-жайда жарық орнатылған. Іші жылы, мал ұстауға ыңғайлы.
Біздің отау құрғанымызға биыл 30 жыл. Елмен бірге біз де еңсемізді тіктеп келеміз. Осы әулетке келін болып түскенде ең алғаш рет ауылда Наурыз мерекесі тойланған еді. Думандатып, барша ауыл қуанып, Беташар рәсімін осы мерекеде өткізді. Қазақтың алты ауызын шырқап, игі дәстүрді көрсетті. Қасиетті қара домбырамен бетімді ашып, ұлттық мейрамның ел арасында тойланғанына қуанды. Ол есімізде мәңгі сақталған қуанышты күн еді. Әлі күнге дейін ауыл арасында кең далада «Беташар» рәсімі өткізілгені айтылып жүреді,- деп естеліктерден сыр шертті.
Ол өз сөзінде шаруа қожалықтың негізін қалаған Әжібай ата ұрпағына мол мұра қалдырғандығын атап өтті. Балаларына өнегелі тәрбие беріп, істің көзін табуды үйреткенін, малдың қамын жасаудың тәсілін меңгерткенін жеткізді. Елге сыйлы қария болып, қазыналы қарттың бірі болғанын тілге тиек етті.
Бүгінде Өтеген Әжібайұлы мен Гүлмира Естайқызы екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Ернар орда бұзар 30 жасқа келіп, Талдықорған қаласында жұқпалы аурулар ауруханасында індетпен күресіп жатқан дәрігердің бірі. Қыздары Айгерім биотехнология мамандығын меңгерсе, Аида қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Ал, кенжелері Эльдар мал дәрігері мамандығымен білім алуда. Келіндері Анель жалпы тәжірибелі дәрігер. Жақында ғана өмірге Бексұлтан есімді немерелері келіп, ата-әжесінің отау құрғанына 30 жыл толуына орай үлкен сыйлық болыпты.