El іshі
ЖАҚСЫ АДАМДАР СЫЙМАЙДЫ ЖЕР БЕТІНЕ…
«Өмір – өзен» дейді халқымыз. Шын мәнінде адам баласының ғұмыры да өзен сияқты жөңкіле ағып өте шығады екен-ау. Аңқылдап, жарқылдап жүрген, есімі еліміздің бүкіл журналистер қауымына кеңінен белгілі аяулы ұстаз, ардақты аға Рахымбай Сатаев күнде университет студенттеріне дәріс оқуға келгенде әуелі менің жұмыс кабинетіме кіріп шығар еді. Кешке сабақтан соң тағы да келіп қайтатын. Менің кабинетіме кіргенде табалдырықтан аттар-аттамастан:
– Мырзеке, кіруге бола ма? – деп күліп қояды. Үнемі күліп, көңілді жүретін ағаның қас-қабағына мен де қараймын.
– Реке, келіңіз, – деп алдынан шығып қол беремін. Ол келіп жайғасқан соң жағдай сұрасып біраз уақыт әңгімелесіп алатынымыз бар-ды. Қайран, Реке, ардақты ағам, аяулы ұстазым, қадірменді досым, бауырым, Сізді өлді деуге әлі де сене алар емеспін. Біреу-міреу есікті аша берсе Сіз кіріп келе жатқандай елең ете қаламын, Сіздің мейірімді жүзіңіз көз алдымнан кетпейді. «Тумақ жанда өлмек бар» деген шын екен-ау тегінде. Бірақ сол ажал деген қатыгез жаналғыш мезгілімен келсе өкініш те болмас па еді, кім білсін?…
Мен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне әскерге барып келіп, қызмет істеп жүріп кештеу болса да сырттай түстім. Жыл сайын 40 күнге сессияға келіп, дәріс тыңдап, емтихан тапсырып, тапсырма алып қайтамыз. Екінші курста бізге жаңа пән – «Телевизия журналистикасының негіздері» енгізілді. Дәріс оқуға көзәйнек киген орта бойлы, әдеміше ақсары жігіт келді. Өзінің аға оқытушы Сатаев Рахымбай екенін, бұған дейін он жылдай қазақ телевизиясында қызмет істегенін айтқан соң журналға қарап студенттермен таныса бастады. Фамилиям «А» әрпінен басталатындықтан тізімде бірінші болып мен тұрмын.
–Ахметов Мырзахан, – деп аты-жөнімді атады да: – Ол кім? – деп сұрады. Мен орнымнан ізетпен тұрдым.
–Иә, қайдан келдің? Қайда жұмыс істейсің, бала?
–Жамбыл облысы, Жуалы ауданынанмын. Аудандық газетте әдеби қызметкер болып жұмыс істеймін.
Ұстаз маған бажайлай қарап, көзімен бір шалып өткен соң:
–Дұрыс екен, журналист боламын деген жастардың редакцияда қызмет істегені жақсы ғой, әрі тәжірибе жинақтайсың, әрі журналистік біліміңді жетілдіресің, – деді ұстазым… Сонан соң басқа студенттермен таныса бастады. «Түсі игіден түңілме» деген, жүзі жылы екен деп мен іштей шүкіршілік еттім.
Үзіліске шыққан соң ұстазым мені қасына шақырып алды да:
– Інішек, Жуалының қай жерінен боласың? – деп сұрады.
– «Қызыларық» ауылынанмын, ағай, – дедім жәй ғана.
–«Қызыларықтағы» Ығай деген кісіні білемісің?
– Білемін, ағай, ол кісі әлі тың, шапқылап жүр, – дедім.
–Дүйсенәліні білесің бе?
–Ол кісі біздің үймен көрші тұратын. Өзіміздің ағамыз ғой. Бірақ осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған, – дедім білгенімді айтып.
–Иманды болсын, жарықтық. Дүйсекең біздің әпкемізді алған. Бізге жезде болады. Ілгеріде менің әкеммен бірге Ташкентке мал айдайтын, – деді Рекең.
–Айпақшы, Мақұлбекті білемісің? – деп сұрады сөзін онан әрі сабақтап.
–Оны да білемін,ағай. Махаң қазір №10 әскери совхозда бас бухгалтер болып қызмет істейді.
–Махаңның інілері болушы еді…
–Оларды да білемін. Өзінен кейінгі інісі Заттыбек Бурныйдағы фабрикада бас бухгалтер, онан кейінгі інісі Ақылтай ауылда, шаруа адамы, – деп жатырмын білгенімді айтып.
–Мақұлбектің Күләтай деген сұлу қарындасы бар еді, бейшара бой жетіп, құлпырып тұрған кезінде дүниеден өтті, – деп Рекең аз-кем мұңайып қалды.
–Бала кезімде Күләтай әпкені мен де көрген едім, – деп күмілжідім мен.
– Міне, осы Қорғанбаевтар менің Қазына деген әпкемнің балалары, бізге жиен, – деді Рекең.
«Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше» деген сөз бар ғой қазақта, жаңа ұстазбен сөйлескен сайын екеуіміз бір-бірімізді бұрыннан білетін адамдардай жақындаса түстік. Мен енді еркінси түсіп:
–Ағай, Сіз де Жуалыдансыз ба? – деп сұрадым тағатсызданып.
–Иә, Жуалыда, Амангелді ауылында туып-өскенмін. Сонау 1958 жылы Алматыға оқу іздеп келіп, осында қалып қойдық қой. Сонан бері де, міне, 20 жыл болып қалыпты. Уақыт деген су сияқты сырғып өтеді екен. Бүгінде ел жаққа оқта-текте барып қайтамын. Жастар өсіп келеді, көбін танымайтын болдық, – деді ұстазым. – Ал енді, бауырым, сабағыңды жақсы оқы. Қиналып жатсаң мен осындамын ғой, ұялмай жағдайыңды айтып тұр.
– Рахмет, ағай!
Байқасам ағайдың жүзі ғана жылы емес, жүрегі де жылы, мейірімге, шуаққа толы екен. Өмір бойы айналасына шуағын төгіп өтті ғой жарықтық. Бүгінде ұстазымның жүрек жылуын, ыстық ықыласы мен мейірімін сағынатын болдым.
Ол кезде сырттан оқу мерзімі 6 жыл. Жыл сайын сессияға келгенде Рекеңнің жүрек жылуымен жылынушы едік. Қиналған кезімізде ақылын айтып, сөз жәрдемін беріп, көмегін аямайтын. Ол жерлесім деп маған ғана ерекше көңіл бөлмей, бүкіл шәкірттеріне жанашырлықпен, адамгершілікпен қарайтын жаны жайсаң ұстаз еді.
Қай қиырға барсақ та журналистиканы бітірген журналист әріптестеріміздің бәрі де Рахымбай Сатаевты сұрап, ол кісінің жақсылықтарын айтып тауыса алмай жатады. ҚазМУ-де ұзақ жыл дәріс берген Рахым ағамыз Қазақстандағы барлық журналистердің ұстазы болды.
Университетті бітіріп диплом алған соң менің де қызметім тез-тез өсе бастады. Бара сала аудандық партия комитетіне қызметке шақыртты. Бір-екі жылдан соң әбден шыңдап, аудандық газет редакторының орынбасары етіп тағайындады. Онан көп ұзамай Алматы Жоғары партия мектебінің іштей оқитын екі жылдық бөліміне оқуға жіберіп, оны бітіріп келісімен аудандық газеттің бас редакторлығын сеніп тапсырды. Бұл қызметке әбден төселгенде аудандық Мәслихаттың төрағасына сайлады. Бұл қызметті үздіксіз 12 жыл атқарған соң аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Бір рет аудандық Кеңеске, үш дүркін аудандық Мәслихатқа депутат болып сайланып, ауданның бүкіл қызу тірлігінің ішінде, мемлекеттік қызметтің бел ортасында жүріп әбден ысылдым. Бірақ осы уақыттардың ішінде ұстазым Сатаев Рахымбай ағай екеуміздің арамыздағы сыйластық, достық сезім бір сәт те суыған емес. Қызметтен-қызметке өскен сайын арнайы келіп құттықтап қайтады. Алматыға келсем мен ол кісіге жолықпай кетпеймін. Өзі елге келгенде мені бірінші болып іздейді. «Мырзахан, пәлен күні елге барамын», – деп телефон шалса мен де алдынан шығып қарсы аламын. Рекең келген күн мен үшін мерекедей. Үйге ертіп апарып түн ауғанша әңгімелесеміз, сырласамыз. Бірде ол Жуалыға күн қайнап тұрған шілде айында келді. Асықпай тамақ жеп әңгімелескен соң, жатар кезде:
– Келін, бүгін Мырзахан екеуімізге төсекті далаға қатар салып беріңіз, емін-еркін әңгімелесейік, – деді.
Төсек аулаға салынды. Қатар жатып түн ауғанша мейіріміз қанғанша сыр ақтардық. Жұлдыздары самсаған, алтын Айы шар табақтай балқыған Жуалының мақпал түні қандай тамаша! Жібектей жұмсақ самалы маңдайыңнан мейірлене сипалап, жаныңды рақатқа бөлейді.
–Паһ, паһ шіркін, Жуалының ауасы қандай керемет! – деп Рекең туған жердің тұнық ауасын кеуде кере жұтады. Алматының түтін аралас ауасынан жалықтым. Елге келсем туған жердің ауасы мені бүкіл ауру-сырқауымнан айықтырып жібергендей кең тыныстап қаламын. Кей-кейде Алматыдағы барлық жұмысты тастап Жуалыға тартып кеткім келіп тұрады, – деп Рекең туған жердің ауасын қимай, көпке дейін көз ілмей жатты…
Рахымбай аға ауданға келген сайын үнемі қасынан мені тастамайды.
– Амангелдіге барып, аға-жеңгеме сәлем беріп, жағдайларын білейін, бірсыпыра аға, әжелеріміз о дүниелік болыпты, соларға барып құран оқып қайтайық. Пәлен-түген ағайындарымыз келін алып, той жасапты, құтты болсын айтайық, – дейді Рекең.
Екеуміз, Амангелдіге барамыз. Әуелі туған ағасы Таубайдың үйіне түсеміз. Аға-жеңгесінің, олардың бала-шаға, келін-кепшік, немерелерінің жағдайын көзбен көрген соң көңілі орнына түсіп, осы ауылдағы қариялардың үйін аралайды. Үлкен кісілерге сәлем береді. О дүниелік болған кісілердің үйіне барып көңіл айтқан соң:
– Ал, Мырзеке, құран оқып жіберші, – дейді өтініп. Мен заулата құран оқып болған соң келесі үйге жылжимыз. Жаңа түскен келіндерге, жаңа туған нәрестелерге құтты болсын айтып, көрімдігін беріп жатқаны.
Туған ауылы Амангелдінің қазіргі кейпін көріп қатты күйзелер еді:
– Мырзеке, біздің бала кезімізде бұл ауыл қандай ауыл еді. Елдің бәрі кеңшарда жұмыс істейді, табыстары мол. Әр үйдің ауласында жеткілікті малы бар. Ол ол ма, бұл ауыл үйме-үй бие байлап, қымыз ашытатын. Менің әкем Сатайдан бастап бүкіл ауыл тұрғындары мал байлап, оны Ташкенге апарып пұлдаумен айналысатын. Аш-жалаңаш отырған ауыл тұрғынын көрмейтінбіз. Сөйтсем біздің ауыл нарыққа бұрыннан-ақ икемделген ауыл екен ғой. Ол кезде ауылда клуб, кітапхана жұмыс істейді. Ауыл жастары әр кеш сайын сонда жиналып, ойын-сауық құрып жатқаны. Тәртіп бұзу, қылмыс жасау деген атымен жоқ, ел тыныш… Ал бүгін… баяғы кеңшар тарап кеткелі ер-азамат жұмыссыз жүр. Ұрлық-қарлық көп дейді. Жастардың істерге ісі жоқ. Баяғы клубты да бұзып тастапты… Ауыл тозып барады. Келген сайын, көрген сайын көңілім құлазып қайтамын. Ауылдағы жалғыз мектептің өзі тозығы жетіп құлауға айналыпты. Бұл заман өзі не боп барады?! Аудан басшылығы біздің ауылға көңіл бөлуді қойған болуы керек, – деп Рахымбай аға маған жүрек сыздатқан күйінішін айтып жеңілдейді… Иә, ол елім, жерім деген абзал азамат еді ғой…
Рекеңнің білгендігінің бірі сол, Алматыда туып, орысша оқып, орысша тәрбиеленген балаларым ауылдағы ағайынды танымай жат болып кетпесін деп ұлы Асқар мен немересі Ағыбайды ауылға апарып, ағайындарымен араластырып тұратын. Ағыбайды жазғы каникулда ауылдағы ағасы Таубайдың үйіне жібереді. Ағыбай сөйтіп елдегі туыс-бауырларына бауыр басқаны сонша, демалыс сайын Жуалыға барғысы келіп тұрады.
Амангелдіде тұратын ағасы Таубай қайтыс болғанда ауданнан екі-үш кісіні ертіп мен де бардым. Рекеңмен, ағайындарымен көрісіп көңіл айтып, топырақ салып қайттық. Таубай аға мен оның жұбайы өте жақсы кісілер еді. Рекең екеуіміз барған сайын сары қымызын сапырып, буын бұрқыратып етін әкеліп алдымызға қоятын. Сол Таубай ағаны Рахым ағамнан кем көрмейтінмін. Ол кісінің орнында қалып түтінін түтетіп отырған Шынәсілді де өз інімдей көремін. Ал Рахымбай аға болса Алматыда жүрсе де Шынәсілдің қамын ойлап жүреді.
Иә сонымен, Амангелді ауылындағы ағайындарына кіріп шыққан соң Жетітөбедегі інісі Рақымжанның ауылына аттанамыз. Інісі, келінін, олардың бала-шағасының амандығын көріп, көңілі жайланған соң, Түлкібаста тұратын әпкесі мен жиендерін іздейді… Сол кезде-ақ мен Рахымбай ағаның соншалықты бауырмалдығына, мейірімділігіне тәнті болып, сүйсінер едім.
–Сенесің бе, Мырзахан, олардың біреуі де мені Алматыға іздеп келмейді. Мен байғұс бұлар не күйде екен деп үнемі жаным қалмай келіп-кетіп жүремін, – деп кейде маған мұңын да шағып қояды.
– Ауылда қысы-жазы бітпейтін шаруа ғой, Реке, қолдары қайдан босасын, – деп мен ол кісінің көңілін аулағандай боламын.
–Рахымбай аға елде болып жатқан бірде-бір жақсылықтан тыс қалған емес. Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның, Тұрар Рысқұловтың, Ұлы Отан соғысының батыры Тайыр Тастандиевтің мерейтойларына қатысты. Жуалыда Б.Момышұлыға мұражай, ескерткіш ашылған іс-шараларға қатысып, сөз сөйледі. Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықовтың 100 жылдық мерейтойында баяндама жасады. Мұндай қуаныштарға ол жалғыз өзі ғана бармай Жуалының Алматыда тұратын азаматтарын да ертіп барып, олардың санасына елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін сіңіріп жүрер еді.
–Мен де жас кезімде Алматыға кетіп, оқу оқып, қызмет істеп, елден ұзақ жыл қол үзіп қалған едім, мені елдің азаматтарымен араластырып, елмен қайта қауыштырған Рахым ағама көп рақмет! – деп отырады экономика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Тінәсәлі ағамыз.
–Мен де елден ерте кеткен қыз едім. Қыз – жат жұрттық қой. Сонда да болса Рахым аға мені ер жігіттен кем көрмей, солардың қатарына қосып алды, – дейді Қазақ радиосында ұзақ жыл диктор болған Ұлжан Пармашқызы.
Рахымбай Сатаев ағамыздың елді ұйымдастырып, ағайын-туысты біріктіріп жүретін жақсы қасиеті маған да мәлім. 1998 жылғы 24 сәуірде ауданда менің шығармашылық кешім өтті. Туған елімді өз шығармашылығыммен таныстыруды мақсат тұтқан мен бұл кешке екі-үш ай дайындалдым. Шымкенттегі кәсіпқой музыка маманы, ғалым, профессор, Мәдениет пен өнер қайраткері Мұсабек Жарқынбеков досыма әндерімді үнтаспаға түсіріп беріп едім, ол оны нотаға жазып, шымкенттік жас әншілерге орындатып, менің кешімнің тартымды өтуіне көп жәрдем берді. Ал Алматыдан Рахым Сатаев ағамыз, Ұлжан Пармашқызы, Манап Бөлекбаев, Толымбек Әлімбеков, Талғат Айтбай, Бектұрсын және Доқтырхан Тұрлыбек сияқты қаламгер бауырларымызды бастап келіп, менің кешімді дүркіретіп жіберді. Толымбек маған арнаған өлеңін оқып, Мәдениет үйіне лық толған қауымды әдемі әзіл-қалжыңдарымен күлкіге кенелдіре отырып менің кешімді тамылжыта жүргізіп берді. Ұлжан Пармашқызы дикторлық әдемі мәнерімен менің өлеңдерімді нәшіне келтіре оқып, кештің тұла бойына қан жүргізді. Рахымбай Сатаев, Манап Бөлекбаев пен Талғат Айтбайұлы маған шапан жауып, менің шығармашылығым туралы жүрекжарды сөздерімен көпшілікті қайран қалдырды. «Ауылдағы баланың аузы сасық» немесе «қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, әдеби ортадан тыс, ел ішінде жүрген соң кім сенің өнеріңе мән беріп жатыр дейсің. Ал осы кеште Шымкенттен әнші-әртістерін әкеліп менің әндерімнің концертін шығарып жатқан досым Мұсабек Жарқынбеков бір жақтан, Рахым аға бастап Алматыдан келіп менің шығармашылығым туралы жылы сөздерін айтып жатқан қаламгер бауырларымның, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның сөздерінен кейін жуалылық ел-жұртым мені жаңа қырымнан танығандай дүрілдеп кетті. 2004 жылы менің Жамбыл облыстық драма театрында өткен авторлық кешіме де Алматыдағы көптеген қаламгерді бастап келіп, мерейімді өсіріп қайтты Рекең. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дер» деген осы да. Рекең, шын мәнінде соңынан ілескен қаламдас інілерін «Өсер елдің балаларындай» етіп тәрбиеледі. Әрине, соның бірі мен едім.
Мен Жуалы ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүрген кезде, ауданда он шақты жаңа мектеп салынып пайдалануға берілді. 2007 жылы Амангелді (қазіргі Тәттібай) ауылында типті жаңа мектеп салуға республикалық бюджеттен 270 миллион қаржы бөлініп, оның іргетасы қараша айында қалана бастады. Мен осы жағдайды айтып, Алматыға, Рахымбай ағаның үйіне телефон шалдым.
–Бұларың жақсы болған екен, Мырзахан. Біздің ауылға бір жақсы мектеп керек еді, тілегіміз Аллаға жеткен екен ғой, – деп Рекең шын жүрегімен қуанды.
Келесі жылы Жуалыдағы Шақпақата, Амансай, Ынтымақ және Амангелді ауылдарына табиғи газ кіргізу туралы шешім қабылданып, бұған республика бюджетінен 380 миллион теңге бөлінді. Газ құрылысы басталарда мен облыстық тендерлік комиссияның мүшесі болып, мердігерлік ұйымды анықтап, тиісті құжаттарына қол қойып бердім.
Мен бұл жағдайды телефонмен тағы да Рахымбай ағаға хабарлап едім ол кісі бұрынғыдан бетер қуанды.
– Япырай, біздің ауылға да жан кіріп, қатарға қосылатын болыпты ғой, – деді ол қуанышын жасыра алмай.
Мектеп құрылысы да, ауылды газдандыру жұмысы да екі жылда толық аяқталып, Амангелді ауылының балалары осы заманғы үлгі-жобамен салынған мектепке барып, ауыл тұрғындары табиғи газбен үй жылытып, тамақ пісіретін халге жетті. Ел жаққа енді бір келген кезінде Рахымбай Сатаев ағаны жаңа мектепке ертіп барып, ауласын, екі қабатын, сынып бөлмелерін түгел көрсетіп шықтым. Сондағы оның мәз болғанын айтсаңызшы.
Ал енді ауылдың газына да балаша қуанды.
– Ауылымыздың адамдары боран-шашында аудан орталығынан көмір тасып, азап тартып, келіндеріміздің үсті-басы күйелеш болып жүруші еді. Енді мына газ барлық машақаттан құтқарды ғой елді. Үкіметке, аудан басшыларына рақмет, – деген еді ол сонда.
«Адамның басы – Алланың добы» депті бұрынғы ата-бабаларымыз. Рас сөз. Алланың қалауы болса, өмір деген әп-сәтте өзгеріп шыға келеді екен ғой. 2008 жылдың күзінде Алматыдан Талғат досым телефон шалды:
–Мырзахан, өмір бойы Алматыда қызмет істеуді армандаушы едің ғой. Енді соның реті келіп тұр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Баспасөз қызметі» деген жаңа бөлім ашылып жатыр. Кадр және әкімшілік бөлімін басқаратын Бақтияр Сманов деген ағамыз Баспасөз қызметін басқаруға мені шақырды. Мен кәсіпкермін ғой. Ол жерге барып кабинетке байланып қалсам, өз тіршілігім тоқтап қала ма деп бас тартып отырмын. Бұл жұмыс өмір бойы кабинетте отырып жұмыс істеген саған қолайлы сияқты әрі қаламы жүрдек журналиссің ғой, аз уақытта дөңгелетіп әкететініңе сенемін, – деді Талғат Айтбайұлы.
Иә, өзім қаламгер адам болғандықтан, Алматыда әдеби ортада қызмет істеуді бұрыннан армандағаным рас. 1982 жылы ҚазМУ-ді бітіргенде ардақты ұстазым, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов университетте қал деп ұсыныс жасағанымен қала алмаған едім. Баяғы жағдай ғой оған себепші. Сонан ҚазМУ-де қызметте қалмағаныма өмір бойы өкініп келемін. Талғаттың меңзеп тұрғаны сол. Көз ашқалы ауылда тұрып, ат жалын тартып азамат болғалы ауылда қызмет істеп келе жатқан маған енді жер ортасынан асқанда үлкен шаһарға барып сіңісіп кету оңай болар ма екен деп толқыдым. Оның үстіне жаңа жұмыс орны, кілең танымайтын адамдар, мүйізді қарағайдай үлкен ғалымдардың арасы.
–Ойлан, – деді Талғат енді, – мұндай мүмкіндік бола бермейді. Кейін тағы өкініп жүрерсің. Бірақ ол кезде кеш болады.
Он ойланып, жүз толғанып, ақырында бұрынғы ұстазым Рахымбай Сатаевтың сол университетте қызмет істеп жүргенін көңілге медет қылып, 2008 жылғы қыркүйекте Алматыға кетіп қалдым. Алғашқы күннен Рекең екеуіміздің жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Күніге мені іздеп келіп жағдайымды біліп тұратыны сол бауырмашылдығы екен ғой аяулы ағаның. Ол барда жаңа ұжым, жаңа ортада мен жалғызсырамадым. Екеуіміз бір-бірімізге демеу болдық. Міне, осылай арада үш жыл өте шығыпты.
Рекең, жалпы, көп ауырып көрмеген адам. Бірақ 2011 жылдың қаңтар айында өзі біртүрлі болып жүрді. Кейде үйінен маған телефон шалады:
–Мырзахан, мен ауырыңқырап қалдым, сабаққа бара алмайтын сияқтымын, кафедраға барып айтшы, менің сабағымды ауыстыра салсын, – дейді. Мен барып айтып келемін.
Бір күні мен түс көрдім. Рекең екеуміз қызмет істейтін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бас ғимаратының алдында биік баспалдақ бар. Мен сол баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатсам, үстіне етегі жер сызған қап-қара көйлек киген Рахым аға баспалдақтан төмен түсіп барады екен. Қабағы қатыңқы. Бір кезде ол ешкімге қарамай тылсымға сіңіп кете берді… Шошып ояндым да, Пайғамбарға құран бағыштап, осы түсімді жақсылыққа айналдыра көр деп жаратушыға жалбарындым. Алайда сол түс көпке дейін ойымнан кетпей, көңілім алай-дүлей болып жүрді. Кешірек Рахым аға маған келгенде:
–Аға, ауырып жүрсеңіз емделсеңізші, жұмыс қайда қашар дейсің, – деп ем:
–Дәрігерге барсам, диагнозын таппайды. Мен өзім де қай жерім мазалайтынын біле алмай-ақ қойдым, – деді Рекең.
Бірақ қаншалықты жаманшылыққа жорымайын десем де әлгі түс көңіліме қорқыныш сезімін ұялата берді. Ақпан айында ағайым жұмысқа келе алмай қалған соң бір күні көңілін сұрап үйіне бардым. Тұрып жүр екен, қуана қарсы алды. Асығыспын дегеніме қарамай өзі барып шәй қойды, жұмыстан шықтың ғой, қарның ашып қалған шығар деп тамақ ысытып берді.
Тамақтан соң Рекеңнің бөлмесіне кіріп біраз әңгімелестік. Көңіл-күйі әжептеуір көтеріліп қалды. Бөлменің екі қабырғасы тола сірескен кітап. Бүгінде қолға түсе бермейтін небір асыл дүниелер осында бар. Бір кезде Рахым аға оқыстан былай деді:
– Мен өле кетсем өмір бойы жиған мына кітаптарымның жайы қалай болар екен? Бұған кім ие болады? – деп қалды.
– Реке, олай демеңіз, өлмейсіз, өмір сүресіз. Сіз тез арада ауруханаға жатып емделуіңіз керек, – дедім мен үрейім ұшып. Ол басқа ештеңе демеді.
Үйге қайтар кезімде Рахымбай аға аяқ киімін, сырт киімін киіп мені шығарып салмақ болды.
–Аға, дала салқын, ауырып қаласыз, сыртқа шықпай-ақ үйде қала беріңіз. Мен өзім-ақ кете беремін, – деп едім:
–Мен сені өзім шығарып салайын, – деп менімен ілесіп шықты. Менімен біраз жерге барып қимай қоштасты. Рекеңмен бұл ең соңғы кездесуім екенін мен қайдан білейін. Арада бір апта уақыт өткенде өз басым қиын жағдайға душар болды. Ауылдағы үлкен ұлым Алмас табан астында дүниеден өтіп, елге асығыс жүріп кеттім. Бауыр етің балаң өлгенше өзің өлгенің қандай жеңіл! Мен-ақ өлсем болар еді. Бірақ Алла мені емес, баламды керек етті ғой. Баланы мәңгілік мекеніне жайғастырып, келім-кетім әлі де басылмай, ағыл-тегіл жылап отырған күндердің бірінде, бас-аяғы он күнде, Алматыдан Талғат телефон шалып, Рахым ағаның қайтыс болғанын хабарлағанда, әрең отырған өзім есімнен танып қала жаздадым.
–Рекеңді өз өтініші бойынша ауылына апарып жерлейтін болдық.
–Сен Алматыға келемін деп әуре болмай ауылдан тос. Ертең түсте Алматыдан шығарамыз. Жаңабек Тоқпанов аға бастап алып барады, ауылдағылар жерін қазып дайындап жатыр, – деді Талғат.
Алматыдан шыққан азалы көш Рекеңнің денесін алып, ертесіне түн ортасында жетті. Мен Амангелдіге келіп тосып алдым. Туған үйінде бір күн түнетіп, ертеңіне жаназасын шығарып, ауыл сыртындағы бейітке апардық. Рекең туған жер өзінің ерекше қырын соңғы рет көріп қалсын деді ме, сол күні Жуалының атақты ақ түтек бораны ішін тартып уілдеп түтесін келіп. Көз аштырмай, бет қаратпай қарлы боран ұйытқыды да тұрды. Әлде бұл туған табиғаттың аяулы азаматты өлімге қимай жылағаны ма екен, әлде табиғат өз перзентімен осылай қоштасып қалғысы келді ме?
Шағын қаралы жиын өткізіп, аяулы ағаны өзі мәңгілік сағынып жүретін туған жер құшағына тапсырдық. Туған елім, туған жерім деп өмір бойы аңсап келген перзентін аяулы топырақ мәңгілікке тербетіп жатар енді…
* * *
Рахымбай Сатаев, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінде он жылдан астам дәріс берді, деканның орынбасары, партия ұйымының хатшысы болды. Сонау 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің дүмпуінен кейін, Мәскеудің озбырлығымен қазақ зиялылары қудалана бастаған шақта, оның салқыны Рекеңе де тиіп, ҚазМУ-ден кетуге мәжбүр болды. Кейін кітап баспаларында, Қазақстан Журналистер одағында әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, осыдан бес-алты жыл бұрын ғана Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің журналистика кафедрасына аға оқытушы болып ауысып еді. Осы уақыттың өзінде ол жүздеген студентке журналистиканың қыр-сырын, теориясы мен практикасын терең меңгертіп шығарған ұлағатты да сүйікті ұстазға айналып еді. Ол студенттерге жанашыр болып жүретін. Сондықтан Рахымбай Сатаевтың қазасы оның шәкірттеріне де оңай тимеді. Рекеңді ұзақ сапарға шығарып салуға бәрі келіпті. Ұлдар да, қыздар да көз жастарын көл қылып, ағыл-тегіл жылапты. Сол кезде 3-курста оқитын Ретбек есімді ақын шәкірті егілтіп, төгілтіп өлең де жазыпты…
Міне, жақсы адамның жақсылығы осылай қайтады ғой деп ойлаймын.
Иә, жақсы адамдар жер бетіне сыймайды екен…
Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің Ақпарат орталығының директоры,
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері.