El іshі
Дала төсіндегі дүбір: қырдағы қызу еңбек әлі де жалғасуда
Биыл көктемгі дала жұмыстары жылдағыдан кешеуілдеп басталды. Бірақ қолайсыз ауа райы шаруаларға қолбайлау емес. Қазір қай ауылға барсаң да қызу еңбектің дәл үстінен түсетінің анық. Біздің таулы ауданда егін егу қарқын алуда. Жуалылық диқандар да бұл іске қызу кірісіп, көктемнің әрбір күнін жылға азық ету жолында бар күшін салып жатыр.
Наурыз мерекесінен кейін ауа райы қатты жаңбырлы болып, көктемгі дала жұмыстарын ертерек бастауға мүмкіндік берген жоқ. Шаруалар күн көзінің жылт етіп, жердің тоңының жібуін күтті. Соқасын сайлап, техникасын майлап жер жыртуға сақадай сай дайын отырған жуалылық диқандар күндіз-түні тынбай еңбектенуінің арқасында көктемгі дала жұмыстарын біршама еңсеріп тастады деуге болады. Ауданда көктемгі дала жұмыстары бел ортасынан асып қалды. Сәтін салса, егін егу сәуір айының соңы мамыр айының басында аяқталады деп күтілуде.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлері 210 772 гектарды құрайды. Оның ішінде 95 447 гектары егістік жер, (жалпы суармалысы 8 707,5 га, оның ішінде, суармалы егістігі 8373,5 га). Шабындық жерлер 2 046 га болса, жайылым 109 439 га, көп жылдық екпелер 265 гектар болса, басқа да жерлер 4 017 гектарды құрайды.
Егін бітік шығып, жиын-терім кезінде өнім мол алынса ел ішінде тоқшылық пен берекенің болатыны анық. Осы мақсатта 2021 жылдың өнімі үшін 58 050 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде, 28 000 гектар жаздық арпа, 3 700 гектар көп жылдық шөп, 21 950 гектар майлы дақылдар, 2660 гектар картоп, 685 гектар көкөніс, бақша өнімдері, 300 гектар дәндік жүгері және 750 гектар сүрлемдік жүгері, сондай-ақ, бес гектарға таңқурай мен құлпынай егіледі.
Осы бағыттағы жұмыстарға тоқаталар болсақ, биылғы жылдың өнімі үшін бүгінгі күнге барлығы 8194 гектар жер айдалып, 22 450 гектар жер өңделіп, 21 150 гектар алқапқа арпа, 1101 гектарға майлы дақылдар және 2272 гектар алқапқа көп жылдық шөп егілді.
-Сапалы тұқым мол өнімнің кепілі екені белгілі. Осы ретте аудан шаруашылықтарына қажетті 5040 тонна жаздық арпа және 620 тонна мақсары дақылының тұқымы дайындалды. Жаздық арпаның 3500 тоннасы және мақсарының 270 тонна тұқымы аудандағы тұқым зертханасынан тексеруден өтті. Оның ішінде, арпа тұқымы бойынша 1150 тоннасы – 1класс (32,8%), 1300 тоннасы – 2 класс (37,1%) және 1050 тоннасы – 3 классты (30%) құрайды.
Картоп тұқымы бойынша Қарағанды облысынан 45 тонна бірінші репродукциялы, «Латона» сұрыпты картоп тұқымы әкелінді. Қалған тұқымдық материалдар ауданға келер аптада жеткізіледі деп күтілуде. Көктемгі дала жұмыстарының ойдағыдай атқарылуына жанар-жағармай мәселесі де елеулі әсер ететіні анық. Осы мақсатта дизель отынын тарату қызметін аудандағы «Ақ қайың» ЖШС өз міндетіне алған екен. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жоспар бойынша шаруаларға 2417 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді.
Бүгінгі күнге ақпан айына бөлінген 65 тонна және наурыз айына бөлінген 585 тонна жанар-жағармайға келісімшарт жасалып, тиісті қаржысы аударылып, 542 тоннасы ауданға жеткізілді. Соңғы мәлімет бойынша барлығы 210 шаруа қожалыққа 360 тонна жағармай таратылған. Тарату бағасына келсек, дизель отынының әрбір литрі 158 теңгеден. Мамыр айына берілген 455 тонна жанар-жағармайға келісімшарт жасалып, қаржысы аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасуда,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов.
Алқаптарға минералды тыңайтқыштың берілуі де өнімнің шығымдылығына әсері бар. Тыңайтқыш алудың жылдық жоспары 4056 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда аудандағы 157 шаруа қожалық 3419 тоннаға келісімшарт жасап, төлем 100 процент төленді. Нәтижесінде 1169 тонна минералды тыңайтқыштар алынып отыр. Оның 876,7 тоннасы аммиакты селитра болса, 292,5 тоннасы аммофос тыңайтқыштары.
Аудандағы агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда бүгінде 627 дана трактор, 185 комбайн, 982 тіркеме жарамды жұмыс істеуде. Тракторлар мен ауыл шаруашылығы тіркемелерінің дайындығын 100 процентті құрайды деп айтуға болады.
Үстіміздегі жылы аудан агроқұрылымдары 179 жаңа техника сатып алуды жоспарлауда. Бүгінгі күнге 71 милиион 749 мың теңгеге алты дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып отыр. Заман талабына сай су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында 15 шаруашылық 22 дана барабанды жаңбырлатып суғару қондырғыларын алу үшін «Тараз» ӘКК»-ге құжаттарын өткізген. Бұдан бөлек, «Гамбург» ЖШС 250 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғыларын алу үшін жоба жасап, қаражат қарастырылу үстінде.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»