El іshі

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жанынан құрылған «Инабат» қыздар клубының ұйымдастыруымен №15 мектеп-лицейінің мәжіліс залында және Мыңбұлақ орта мектебінде «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында қыздармен кездесу өтті.
Шараның мақсаты – қыздарды инабаттылыққа, ұқыптылыққа, имандылыққа, парасаттылыққа, үлкенді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп өсулеріне шақыру.
Кездесуге Б.Момышұлы ауылы «Аналар» алқасының төрайымы Жаңаш Серғазина, білім бөлімінің психолог маманы Зейеп Дәуренова, Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының бас маманы Әйгерім Ниязова және №15 мектеп- лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақпал Қосарова қатысты.
Шараны Б.Момышұлы ауылының жастар ісі нұсқаушысы Элмира Сүйінбаева жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз кезегі Б.Момышұлы ауылы «Аналар» алқасының төрайымы Ж.Серғазинаға берілді: «Қыз баласының тәлім-тәрбиесіне бүтін бір қоғам жауапты. Ендеше қыздарымыздың барлық тәрбиесін жіті қадағалап, дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруымыз керек. Бүгінгі қыз ертеңгі аяулы жар, асыл анаға айналады»,- деді ол. Ал, З.Дәуренова психолог маман ретінде қыздарға кеңес беріп, жақсы тұлға болып қалыптасуға шақырды.
Әйгерім Ниязова – жас та болса, төрт бала тәрбиелеп қызмет пен отбасының тәрбиесін қолға алып отырған жас ана. Ол қыздар қауымына асыл жар, аяулы ана болу барша қыздың арманы екенін айта келе, өмірлерін дұрыс үйлестіру керектігін айтты.
Мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Қосарова шараны қорытындылады. Ол мектепішілік тәртіпке бағыну, отбасында жақсы тәлім тәрбие алу, жақсы оқып, өмірден өзіндік орындарын алу жолында ұстаздардың да қосар үлестері зор екендігін жеткізді. Алдағы уақытта, тәлім-тәрбиеге қатысты осындай шаралар көбірек ұйымдастырылса деген өтінішін білдірді.
Сондай-ақ шарада қыздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан жауаптарын алды.
Аудандық Жастар
ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close