El іshі
Өмірдің ағынында бірге қол ұстасып …
Қазақтың ақыны Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жырын» білмейтіндер кемде-кем болар. Сол әннің қайырмасындағы «Жүректе от жанып, Тауларды бетке, бірге ұшып барамыз болашаққа» деген жолдар жүрегі бір, тілегі бір бақытты жандар Абай және Күміскүл Заурбековтерге арналғандай. Өйткені, олар өмірдің ағынында бірге қол ұстасып, бірге келе жатқан әскери отбасы.
Әскер десе, бірден қатал тәртіп пен талап орнаған жанұяны көзімізге елестетеміз. Иә, бұл отбасының ерекшелігі – еліміздің әскерінің беделін арттырып, абыройын асқақтата түсуге үлестерін қосуында.
Отағасы Абай Заурбеков Сұрым ауылының тумасы болса, отанасы Күміскүл Серікбайқызы Жамбыл ауданының Құмшағал ауылынан. Абай Сайлаубекұлы өмір жолын «Суперфосфат» зауытында қарапайым еңбек адамынан бастап, бас операторына дейін көтеріледі. Жұмысына жауапкершілігі жоғары маман партия қатарына қабылданып, кәсіпорынның қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласады. Одан кейін ЖЖФЗ зауытының ішінде бастауыш партия ұйымын басқарады. Кавказ еліне жолдамамен барып, онда жер сілкінісінен кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарына өзіндік үлесін қосады.
Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Абай аға кеңшардан тиесілі жер үлесін алып, ауыл шаруашылығымен айналысады. 2000 жылдары Қызыларық ауылдық округінде жаңадан ашылған №91678 әскери бөлімге қарауыл бастығы болып жұмысқа қабылданып, 2007 жылға дейін осында әскери қызметте болады. Жұмыстан қысқартылған соң, ол еліміздегі шетелдік ірі өндірістік компанияларда ішкі қауіпсіздік қызметіне жауапты болып, әр қалаларда болады.
Ол бос уақытында көбінесе лирикалық, тарихи кітаптар оқиды. Оған қоса ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейді. Зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, мәдени демалғанды қалайды. Олардың үй ауласындағы жайқалып тұрған 200 түп жеміс ағаштарын көргенде таңқалдық. Абай аға жан-жақты адам екен. Аңшы, спортшы әрі бағбандығы да бойынан табылады. Үй іргесіндегі 70 соттық жерге алма ағаштары, алмұрт, қара өрік отырғызылған.
Ал, отанасы Күміскүл Тынықбайқызы қазіргі таңда №91678 әскери бөлімнің медициналық пунктінде полктің аға медбикесі. Оның өмір жолы мен ата-анасының сонау қиын-қыстау кездерінде өткізген қиындықтарын естігенде шынымен де ағайын арасындағы бауырмалдық, ел арасындағы жанашырлық қасиеттердің жоғары болғанын ұғынасың. Күміскүл әпке әкеден 13 ағайынды. Әкесі төрт түлікті бағып, күн көрген екен. Оның екі әйелі болыпты. Бәйбішеден екі ұл тараса, тоқалы Амангүл Серікбаева өмірге жеті қыз, төрт ұл әкеледі. Анасы Амангүл ислам дінін қабылдаған украин ұлтының өкілі. Есімін де қазақшалаған екен.
Саяси-қуғын сүргін жылдары анасы отбасымен жер аударылып қазақ жеріне келген. Бай-қуатты әулеттен шыққан анасы бала күннен жетім қалады. Жалғыз бауыры екеуі Түктібай ауылында әр отбасын паналап өседі. Өрімдей қызға Тынықбай ата жаны ашып, әйелдікке алған. Содан бір шаңырақ астында екі әйелдің өзара татулығы, бірлігі жарасып, ғұмыр кешеді. Балаларын бірге өсіріп, бірге тәрбиелейді. Міне, бір әкеден тараған 13 бала екі ананың жүрегінің кеңдігін, сыйластығын көріп өседі.
Әскери өмір нәзік жанды әйел азаматы үшін қиынның қиыны. Күміскүл Тынықбайқызы да әскери қызметке осында жаңадан әскери бөлім ашылғанда тап болады. Негізі Тараз медициналық училищесін медбике мамандығымен бітірген. Отау құрған соң, Теріс-Ащыбұлақ ауылындағы туберкулез шипажайына жолдамамен келеді. Одан кейін Сұрым ауылындағы медпунктте жұмыс істейді. Өмірінің 20 жылдан жуық уақытын аталған әскери бөлімге арнап, біршама жетістіктерге жетеді. Зейнет жасына жетсе де әскери қызметтегі мінсіз қызметін әрі қарай жалғастыруда.
Ол әскерде тек санитариялық тазалыққа жауап беріп, жауынгерлерге медициналық көмек көрсетуші ғана емес. Ол әскери өмірдің ұрыс алаңындағы жаттығуларға, жарыстарға қатысып, өзін жақсы қырынан көрсетеді. Әскери өмірге мығымдығы мен шыдамдылығын, спортқа деген бейімділігін танытады. Атыс шеберлігі, жүйріктігі, дәлдігі Күміскүл Тынықбайқызының басты ерекшелігі.
Оған әскердегі мінсіз қызметі үшін Оңтүстік өңірлік әскерлері бас қолбасшылығының 10, 20 жылдық мерекелік және «ҚР Қарулы күштерінің мінсіз қызметі үшін», «Батыр шапағаты», «Отан қорғаушының анасы» медальдары берілген. Ол екінші дәрежелі әскери қызметші.
– Мен үшін әскери өмірге қалыптасу оңай болмады. Алғашқы әскери бөлім ашылғанда біз төрт адам бүкіл ротаға жауапты едік. Жұмыстың қауырт кезеңі. Балаларым әлі де кішкентай. Оның үстіне әскердегі ұрыс-атыстың, түрлі жаттығуларға араластым. Қаруды нық сенімді ұстауды жолдасым үйретті. Жолдасымнан көп көмек, қолдау болды. Әскердегі ұстазым генерал Хайдар Қарақұлов. Генерал мырза маған көп нәрсе меңгертті.
Жолдасым екеуміздің өзара сыйластығымыздың және қолдауымыздың арқасында бүгінгі күнге жеттік. Өз маңдай терімізбен тапқан қаржыға үй салған болатынбыз. Балалардың тәрбиесімен отағасы айналысты. Өте талапшыл, әрі қатал. Әр нәрсенің байыбына барып, барлығын түсіндіріп айтады. Перзенттерімен сырлас дос, – дейді Күміскүл Тынықбайқызы.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, ата-анасының әскери тәртіпте, өмірде жүргенін көрген перзенттері де сол салаға қарай бет бұрған. Тұңғыштары Гүлбара – заңгер. Дилбара – психолог, бүгінгі күні Отардағы Гвардейск гарнизонында танк полкінің психологы, аға лейтенант. Екі қызының жолдастары да әскерилер, полковник, майор шенділер. Ортаншы қыздары Жансая да психолог, қазіргі таңда №91678 әскери бөлімінде психолог болып жұмыс істейді. Кенжелері Әділет заңгер мамандығын игеріп, Қапшағайдағы десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінде борышын өтеп келеді. Әділет те аудандағы аталған әскери бөлімде барлаушы-снайпер.
– Әкем Сайлаубек нағыз еңбек ардагері. Анамыз өнерлі жан еді. Солардың берген жақсы тәлім-тәрбиесімен біз де балаларымызға жақсы жол көрсеттік деп ойлаймыз. Отбасылық ұстаным өмірдің ағысына қарай өзгеріп отырады. Әр нәрсе өз уақтысында. Басты ұстанымыз – ұл-қыздарымызды ел қатарынан қалдырмай, мамандық иесі атандырып, өз міндетімізді орындадық. Балаларымызбен мақтанамыз. Әрқайсысы өз қызметтерін жақсы біледі.
Ең бірінші перзенттерімізді еңбекке баулыдым. Баланы өмірге әкелгенмен оның мінезін тумайсың. Төртеуінің мінезі төрт түрлі. Мінезді шегелеп қоя алмайсың. Сондықтан қоғамға зияны тимейтіндей бағыт-бағдар беріп тәрбиеледік.
Әскери қызметке батылдық, шыдамдылық керек. Жансаяның жүрегі нәзік. Сол себепті, оны әскери өмірге үйреткім келмеді. Ал, Дилбарамен өмірдің қағидаттарын дұрыс түсіндіре отырып, оның тәрбиесімен көп айналыстым. Өзі жан-жақты. Таңдай қақтырар әсем дауысы бар. Анасы да би, ән өнерін жақсы көреді. Бірақ Дилбараның нақты мақсаты – білікті білімді әскери қызметші болу. Осы бағытта өзін жақсы қырынан танытып келеді. Әділеттің мінезі тұйық. Ол да әр кезеңмен өзіне керекті дүниелерді алуда, – дейді отағасы Абай Сайлаубекұлы.
Әр ата-ана расында да өз перзенттерімен, олардың жетістіктерімен мақтанады. Ата-ананың берген жақсы тәлім-тәрбиесін баласы бойына дарыта алса, онда арманның, мақсаттың орындалғаны сол болар. Заурбековтер жанұясы да дәл осы мақсатқа жетіп отырған жайы бар. Бүгінде олардың ұрпағы өсіп-өніп, жеті немеренің ата-әжесі атануда.