El іshі
Мәртебесі биік киелі шаңырақ
Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады. Тарих беттеріне үңілер болсақ, ең алғашқы кітапхана аудандағы МТС қарамағында 1932 жылы ашылған. Оның кітап қоры бар-жоғы 3400 кітап, оқырман саны 417, оларға жыл ішінде 5000 дана кітап таратылған.
1946 жылы бұл кітапхана аудандық орталық кітапхана болып құрылды. Сондай-ақ, 1946 жылға дейін кәсіподақтар ұйымдарына қарайтын 7 кітапхана ашылды. Ал, 1950 жылдары аудандағы кітапханалар саны 15-ке, оның ішінде 6 колхоздық, 8 кәсіподақтық, 1 аудандық кітапханаға жетті.
1960 жылы аудандық балалар кітапханасы, әр ауылда ауылдық кітапханалар ашыла бастады. Оларда жұмыс істеген кітапханашылардың үшеуінің ғана арнаулы білімі бар еді. 1973 жылы аудандағы кітапханалар саны 43-ке жетті.1997 жылы еліміздегі экономикалық қиыншылықтар жағдайында біраз кітапханалар қысқарып, кітапхана ісі едәуір дағдарысқа ұшыраған еді. Қысқартуға дейін ауданда 43 кітапхана жұмыс істесе, 1997 жылы 11 ғана кітапхана қалды.
2000 жыл Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланып, кітапханашылардың жағдайы біршама жақсарып, ауылдық кітапханалар ашылып, жүйе болып қайта құрылды. Осылайша, кітапхана аяқтан тұрып, кітап қорларын молайтып, ісі жандана түсті. Оқырмандар да жоғалтқан кітапханаларымен қайта қауышып, рухани сусындауға мүмкіндік алды.
Бүгінгі кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады.
Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесін Салтанат Біләнқызы басқарады. Оның мәліметінше, бүгінде ауданда 23 кітапхана жұмыс жасауда. Кітап қоры жалпы 291 988 дана кітап, оның ішіндегі мемлекеттік тілде 159 572 дана әдебиеттер бар. Бұл кітапханаларда 41 жоғары, 20 орта арнаулы білімі бар маман кітапханашылар еңбек етуде.
Оқырман саны 13 450, кітап берілімі 236 455, келім 130 582. Мемлекеттік тапсырыстан 2582 кітап, сыйға 295 кітап келіп түскен. «РАБИС» бағдарламасына – 246 256 дана дерекқор енгізілген. Жергілікті бюджеттен 1605,0 мың теңгеге 754 дана кітап алынып, мерзімді басылымдарға 1100,0 мың теңгеге 38 басылым газет-журналдарға жазылды. Бүгінгі күнге компьютермен қамтылған 25 кітапхана интернет желісіне қосылып, «РАБИС» бағдарламасымен жұмыс істеуде.
Айта кетелік, кітапханалар қорындағы жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының бүгінде 102 данасы электронды нұсқаға аударылған. Сонымен қатар, кітапхана ұжымы негізгі үш бағытта толымды тірліктер атқаруда.
1948 жылға дейінгі цифрландырылған кітаптарды енді электронды түрде кітапхана сайтынан көруге болады. Ал, кітаптарды цифрландыру жүйесі әлі де жалғаспақ.
Ауыл тұрғындарын кітап оқуға тартудың ең тиімді жолы – кітапханалар жүйесін жаңғырту, оны заманауи құрылғылармен жабдықтап, өзге де цифрлы жобалар енгізу. Осы бағытта аудандық, ауылдық кітапханалардан 20 цифрландырылған ақпараттық орталық және екі «Білім»,«Коворкинг» орталығы ашылған.
Сонымен қатар, кітапханада оқырмандарды тарту мақсатында көптеген қызықты іс-шаралар, байқаулар ұдайы ұйымдастырылып отырады. Мәселен, ағымдағы жылы еліміздің ақын-жазушыларының туған күндеріне орай, Тәуелсіздікке – 30 жыл, Ұлт-азаттық көтеріліске – 105 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл, ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің туғанына – 180 жыл, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ә.Бөкейхановтың туғанына – 155 жыл, ақиық ақын М.Мақатаевтың туғанына – 90 жыл, жыр алыбы Ж.Жабаевқа – 175 жыл толуына орай түрлі шаралар мен байқаулар өткізілген.
Мұнда Салыбай Ахметов, Болатбек Қайыпбеков, Қайрат Сарыбаев, Мәлік Тіленшиев және Алтынай Жетпісбаева сияқты ардагерлер кітапхананың тұрақты оқырмандарына айналған.
Аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімі өздерінің тікелей міндеттеріне сай оқырмандарға ақпараттар беріп қана қоймай, зағип жандардың кітап оқуына көмектесіп келеді. Бұл бөлімнің жұмысына Мөлдір Темірбаева есімді кітапханашы жауапты.
-Көз жанарынан айырылған азаматтарды «АV3715 логос» бағдарламасымен таныстыру, аудио таспалар тыңдату, Брайль жүйесі бойынша жазуға үйрету, жаңа түскен әдебиеттермен таныстыру және кітапханаға келуге мүмкіндігі жоқ оқырмандарға үйіне барып дауыстап газет-журнал оқып беру арқылы қызмет көрсетеміз. Осы орайда көзі көрмейтін және әлсіз көретін азамат Салауат Дәулетұлы облыстық «Жыр алыбы-Жамбыл» оқуларына қатысып ІІІ дәрежелі дипломмен және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталды, – дейді М.Темірбаева.
Қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызының мәліметінше, аудандық бюджеттен жөндеуге 15 млн 58 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күні мердігер «Кең дала» ЖШС жұмыс жасауда. Күрделі жөндеу жұмыстары қараша айының 20-на дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қорытындылай келе, аталмыш кітапхананың директоры Салтанат Біләнқызы 15 қазан – Кітапханашылар күніне орай жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Ғылым мен білімнің бұлағы – кітап. Кітап атаулының шоғырланған мекемесі – кітапхана. Кітапхананың қорын сақтаушы, оқырманға қызмет көрсететін – кітапханашыларға тоқталып өткен жөн деп ойлаймын. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кітапханашы бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Бүгінгі заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, сонымен қатар кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы, түрлі іс-шаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы, Қазақстанда ресми түрде бекітілген атаулы күндер мен белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың мерейтойларына арналып тақырыптық көрмелер қоюшы, оқырманның талап-тілегіне сай кеңес беруші, кітап пен кітапхананы, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы да – кітапханашылар бүгінгі қоғамға ең қажет мамандық иесі.
Жазушы Әбіш Кекілбаев атамыз «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деп, бекер айтпаса керек. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітапханашы да осы киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек, – деген Салтанат Біләнқызы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымының атынан барлық кітапханашыларды 15 қазан – Кітапханашылар күні меркесімен құттықтап, кітапханашыларға кәсіби шеберлік пен парасаттылық, еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі.
Айжан Жұманова,
орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары
-Кітапханада жұмыс жасағаныма тұп-тура 16 жыл болды. Бала кезден кітапты сүйіп оқыдық. Сондықтан да кітапханашы мамандығын таңдадым. Тараз қаласында мәдени ағарту училищесінде кітапхана мамандығын және Жамбыл орта Азия университетін тамамдадым. Аудандық кітапханалар жүйесінің ұжымы өте тату-тәтті, бірлесіп жұмыс жасайды. Жұмыс өте қызықты. Қазіргі кезде еліміздің болашағы жастарды кітапхана жұмысына баулып, кітапхана ісіне үйретіп жатқан жайымыз бар.
Кітапхана – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз, өйткені өткен заман өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де содан табамыз.
Сондықтан біз, кітапханашылар білімнің бастауы – кітап дей отырып, кітап мәртебесін көтерумен бірге, елімізде болып жатқан әрбір оқиғалардың насихатшысы екендігімізді көрсетуіміз керек.
Күләш Таубалдиева,
әдістемелік бөлімінің меңгерушісі
-Шымкент қаласындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын кітапханашы мамандығы бойынша тамамдадым. Бұл мамандық өз таңдауым. Себебі бала кезімнен бастап кітапқа деген қызығушылығым өте жоғары болды. Қолымыз қалт етсе болды кітап оқитынбыз. Қазіргі кезде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әдістемелік бөлімінің меңгерушісімін. Бұл кітапханада 1989 жылдан бері еңбек етемін. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, кітапханада түрлі байқаулар, мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Жұмыс осынысымен қызық. Біздің кезімізде компьютерлер жаңадан пайда бола бастады. Оған дейін қағазға қаламсаппен жазатынбыз. Ал, жұмыс жоспарлары мен есептерін машинкамен басып жазатын едік. Ал, қазір қалай? Барлығы заман ағымына қарай цифрландырылған. Интернет желісі дамыған заман. Ауылдағы, аудандағы кітапханада өткізілген шараларды әлеуметтік желіге, жеке парақшаға салып отыруымыз керек.
Қазіргі уақытта кітапханада жас мамандар көп. Жастардың идеясы да жаңашыл әрі қызықты. Кітапханада атқарылып жатқан еңбек аз емес. Мұның барлығы болашақ жастардың игілігі үшін екенін барлығымыз жақсы білеміз. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар десек те болады.
Мәрзия Ермекбаева,
бірыңғай қорларды пайдалану бөлімінің жұмыс меңгерушісі
-Кітапқа деген қызығушылығым бала кезімнен бастау алған. Мектепті аяқтай салысымен Тараз қаласындағы, мәдени ағарту училищесіне кітапхана мамандығына сырттай оқуға түстім. Одан әрі Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтын тамамдадым. Оқу оқи жүріп Көлтоған, Рысбек батыр ауылдық кітапханаларында кітапханашы болып жұмыс жасадым. 2012 жылдан бері осы аудандық кітапханада еңбек етемін. Бір қызық айтайын. Бірде жұмысқа шамамен 15 жасар ер бала келіп, «Омар Жайлыбаевтың кітабын беріңізші!» деді. Мен бірден ондай кітаптың жоқ екенін, және мұндай ақын немес жазушы жоқ екенін іштей біліп тұрдым. Бірақ, қазір қарап көрейін деп кітап сөресіне қарай беттедім. Бірақ, ол жігіттің сұраған кітабы жоқ еді. Мүмкін мынандай кітап шығар деп басқа әдеби кітаптарды ұсына бастадым. Әлгі бала «Жоқ. Маған осы адамның кітабы керек» деп айтқанынан қайтар емес. Сөйтіп ақырында әлгі бала басқа әдеби кітапты жаздырып алайын деп өзінің аты-жөнін айтты. Әлгінде осы адамның кітабы дегендегісі өзінің толық аты-жөні болып шықты. Неге бұлай жасағаны маған да белгісіз болып, сол күйі қала бердім.
Жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүретіні рас. Десе де, мамандығым – мақтанышым!
Жанерке Сейдалиева,
кітап қорын жіктеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі
-2004 жылдан бері осы кітапханада жұмыс жасаймын. Тараз қласындағы Тараз мемлекеттік көпсалалы колледжінің кітапхана ісі және Қызылорда қаласындағы Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын кітапханашы мамандықтарында оқыдым. Жұмыс істеп жүрсем де, қолым қалт етсе болды кітап оқуға машықтанғанмын. Кітап оқу арқылы тіл байлығың, ой өрісің, сөйлеу мәдениетіңнің арта түсетіні белгілі. Әсіресе жаңа әдебиеттерді оқуға тырысамын.
2014 жылдан бастап осы аталмыш кітапхананың кітап қорын жіктеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етемін. Әртүрлі мамандықтар бар. Бірақ кітапхана мамандығы өзінің қызықтығымен, тартымдылығымен ерекшеленеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін кітапханашының жұмысын бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл мамандықты көп жұрт елей бермеуі мүмкін. Алайда қасиетті қазынамыз кітапты сақтап, насихаттап жүрген кітапханашылар – ең қажетті мамандық иелері.
Берілген тапсырманы уақытысында, аса ұқыптылықпен атқаруға тырысамыз. Біздің бөлімге мемлекеттік тапсырыстан сыйға түрлі кітаптар келіп түседі. Келіп түскен жаңа әдебиеттерді кітапханадағы «РАБИС» бағдарламасының дерекқорына енгізіп, әдебиеттерді жіктеп, білім саласына бөліп, өңдейміз. Содан соң, аудандық, ауылдық кітапханаларға таратумен айналысамыз.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»