Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы егемен елімізді одан əрі дамытудың, биік табыстарға жеткізудің стратегиялық жолы.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында қордаланған мәселелерге тоқтала келе, ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпеді. Еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосыла алмайтындығымызды атап өтті. Асыраушы саладағы бірқатар өзгерістер жайында айтып, жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды. Кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, жердің сатылмайтындығы және суғару технологияларының ескіргендігі жайында баса айтылды.
«Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездер болады. Онсыз да су тапшылығы зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет» – деді Президент.
Ауданымызда шаруалар орақ науқанында дәнді дақылдардан өнімді төмен көрсеткіште жинап алды. Ал, Қызыларық округіндегі «Қуана-Бер» шаруа қожалығы еліміздегі болып жатқан қуаңшылыққа қарамастан мол өнімге кенелді.
2019 жылы құрылған шаруа қожалықтың иелігінде 17 гектар егістік жері бар. Шаруашылықтың төрағасы Сұрым ауылының тұрғыны Жарқын Қалтаев жұмысын сарымсақ өсірумен бастаған. Биыл ол дәнді дақылды өсіруді қолға алған. Қожалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан мемлекет тарапынан лизингке 30 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.
Шаруа қожалық 4,5 гектар арпаның әр гектарынан 33 центнерден, яғни жалпы 15 тонна өнім алып, қамбасын астыққа толтырды. Жалпы 12,5 гектардан 4000 түк шөп алып, қысқа мал азығын әзірледі. Сондай-ақ, негізігі кәсібі саналатын 6 гектарға егілген 7 тонна сарымсақтан 25 тонна өнім жинап алды.
Санға емес, сапаға жұмыс істеуді көздеген шаруа қожалық төрағасы жаңашылдықты, еңбекқорлықты қолдайды. Аз ғана жерден мол өнім алып, жұмыстың көзін табу қажеттігін айтады.
-Ең біріншіден, шаруа қожалықтың атауы неліктен «Қуана-Бер» екендігіне тоқталайын. Менің екі ұлым бар. Үлкенім Қуаныш, кенже балам – Берік. Екеуінің есімдерінің басқы түбір сөздерін алып, «Қуана-Бер» деп өзім атап едім. Жуалы бұрыннан картоптың Отаны екені белгілі. Бүгінде масақты дақылмен айналысатын шаруа да көп. Ал, сарымсақты екінің бірі өсіре бермейді ғой.
Өздеріңізге белгілі бағзы заманнан бұл дақыл адам ағзасындағы көптеген ауруларға шипа екені жасырын емес. Тіпті тұмаудың өзін сарымсақ арқылы жазуға болады емес пе?! Сол себепті мен сарымсақты таңдадым. Оның пайдасы орасан зор екені халық емінде де айтылады. Өткен жылы сарымсақтан да мол өнім жинап алдық. Биыл судың жетіспеушілігінен өткен жылмен салыстырғанда орташа деңгейде өнім алып отырмыз.
Иелігімізде жеріміз де аз. Бірақ, жеріміз аз екен деп қарап отырған жоқпыз.
Биыл егінді кеш ектік. Дегенмен жұмысымыз жаман емес.
Тірлігімізді өз күшімізбен бастадық. Сарымсақты да еккенде еш техникасыз қолдың күшімен жұмыс жасадық. Ескі қытайлық бір ғана техникамен жерді игеріп, жақсы өнім алдық.
Көктемде аудандағы әскери бөлімнің жоғары жағындағы 4,5 гектар жерге «Канадский» сұрыпты арпаның 850 келісін сепкен болатынбыз. Көктемде жерді жыртып, тырмалап, жүйек салып, дәрілеп тыңайтқыштармен бірге дән себілді. Күн ысып, қуаңшылық болып жатқанда, егістікті бір рет суғарып алдық. Нәтижесінде, егін бітік шықты. Арпа орылып, қазіргі таңда сабаны да жиналып жатыр.
Ал 12,5 гектарды аз ғана сумен ептеп суғарып жатырмыз. Үшінші орымды шөпті орып алу үшін оны суғарып, дәрілеп жатырмыз. Алдағы айдың аяғына дейін 1000-1500 түктей шөп орып аламыз деп жоспарлап отырмыз.
Егістікті сайдағы бұлақтың суымен суғарып отырмыз. Неге екені бізге су берілмейді. Ауданда су көбінесе картопқа ғана беріледі. Мен соны түсінбеймін. Мал-азығын молынан әзірлеу үшін де егістік алқаптарын да суғару керек емес пе? Сарымсақтан орташа өнім алуымыздың себебі де судың жетіспеушілігі болып отыр, – дейді қожалықтың төрағасы Жарқын Орынбасарұлы.
«Ысырапшылдыққа жол бермей, жерді тиімді пайдалану керек» деген Ж.Қалтаев мал шаруашылығымен де айналысады. Қорасында ірі қара, сауынды сиыр, жылқы малын ұстайды.
Жер-Ана еңбек еткен адамнан несібесін аямайды. Орынды айтылған сөз дәл бүгінгі шаруа қожалыққа қаратылып айтылғандай. Себебі, қолда бар шағын ғана жерден табысқа кенеліп, мол өнім алып отыр. Тәуекелге барып, өзіне тәжірибие жинауда.
Жарқын аға арпаның тұқымын қамбаға сақтап, оны зерттеп, ерекшелігін зерделемекші. Жақсы сұрыпты өнім болса, өзге шаруаларға да ұсынып, білгенімен бөліспек. Шаруаның алға қойған жоспарлары мен мақсаттары айқын. Жерді игеруді, тиімді пайдалануды, ең бастысы ауданның дамуына үлесін қосуды көздейді. Кәсіби мамандармен жұмыс жасап, шаруашылығын кеңейтуді ниет етіп отыр.
-Аудандық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалына алғысымды білдіремін. Әрдайым кәсіпкерлерді қолдап, көмегін аямайды. Жеңілдетілген пайызбен техника алуыма да көп септігін тигізді. Алға қойған жоспарларым өте көп. Кәсібімді одан әрі дамытуды көздеудемін. Ауылдың шаруаларын біріктіріп, Ақтөбе ауылдық округіндегідей ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жоспарда бар.
Оны құру арқылы шаруаларға білгенімді үйретіп, су үнемдеу технологиясын қолдануды, пайдалы әрі табысты өнімді егуді ұсынатын боламын. Келесі жылы мына жерге көкөністер және жүгері егуді көздеп отырмыз. «Пионер» деген сұрыпты жүгеріні ексек, одан да мол өнім алуға болады. Күзде тағы да сарымсақты отырғызып, күтімін жасайтын боламыз. Техника жеткілікті. Тәжірибем мен білімімді ауыл шаруашылығы саласын игеруге жұмсаймын.
Сондай-ақ тараздық жас ғалым Дәулет Егембердиевпен байланыс орнаттым. Білімін қазақ елінің дамуына арнауды көздеген жігітке топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қалпына келтіретін тыңайтқышын біздің шаруаларға да ұсынуды жеткіздім. Одан бөлек шымкенттік агроном маманымен келісімшарт жасасудамыз. Білікті маман әрбір шаруа қожалықта болуы керек деп есептеймін.
Жақында ауылымызға жаңа жас әкім сайланды. Ермұхан Жандарұлымен бірге пилоттық жобаның ауылымызда қалай іске асырылатыны жайында жоспар құрудамыз. Жас болса да өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, шаруалармен тығыз байланыс орнатуда. Біз де ауылымыздың дамуы үшін жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз, – дейді «Қуан-Бер» шаруа қожалығының төрағасы.
Ол иелігіндегі жердің қасындағы сайда қожалыққа берсе, оны бөгеттеп, қыстай бұлақ суынан ағып жатқан суды жинап, су тапшылығы мәселесін шешуге болатындығын айтады. Жаздың күндері суға таласпай, қыстай жиналған суды тамшылатып болмаса жаңбырлатып егістігін суғаруға болатындығын жеткізді. Жобасы іске асса, іргелес жатқан қожалықтар да осы жүйені ұсынатындығын атап өтті. Егер де бөгет жасалып, су молынан жиналса, ол жерде болашақта балық шаруашылығымен айналысуға болатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, «ауылдың маңындағы екі сайға да бөгет жасалса, елді мекенде ағын су тапшылығы шешімін табатын болар еді» дейді. Бұл жобаны негізі былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қолдаған екен, алайда ол жүзеге аспай жатқандығына қынжылыс білдірді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»