El іshі
ӘЖЕЛЕР ҰЛАҒАТЫ
Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында тұратын Сейділдаевтар әулетін былайғы жұртшылық өніп-өскен үлгілі әулет деп таниды. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында елдің жел жағына суықта пана, ыстықта сая болған азаматтардың бар екені, оларды кейінгі жас ұрпақтың дәріптеп жүруі тиіс екені туралы айтылғандай, әулеттің алтын діңгегі болған Сейділда Байтөреұлы бір әулеттің ғана емес, ауыл-аймақтың, жалпы ағайын-туыс арасындағы ынтымақ-бірлікті сақтап, оны өзінен тараған ұлдарына аманаттап кетті. Сондықтан да болар, қазір бұл әулеттің ауызбіршілігі ажыраған емес. Үлкені де, кішісі де бір-бірлерін сыйлап, Бұқар жырау айтқандай, «жат адамды жанынан түңілдіретіндей» дәстүр қалыптасқан.
Ауыл-аймаққа сыйлы қария бола білген Сейділда Байтөреұлы кезінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарына белгілі шабандоз және жауырыны жерге тимеген балуан кісі болған. Марқұм Сейділда қария үлкен әулеттің алтын діңгегі бола біліп, оның кіндігінен бес ұл, бір қыз тараған. Ата ұрпақтары бүгінде Көлтоған ауылында және Б.Момышұлы ауылдарында, Тараз және Алматы қалаларында тұрады. Бүгінде ауылда Сейділда Байтөреұлы атында көше бар.
Балуан, атақты тақымгер Сейділданың ортаншы ұлы Мұстаханнан алты ұл, бес қыз тарайды. Мұстахан Сейділдаев Көлтоған ауылындағы бұрынғы «Путь к коммунизму» колхозында агроном, тағы басқа жауапты қызметтер атқарған. Ал осы әулетке 1957 жылы келін болып түскен Күлжәмила Нұранованың әулетке сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмас. Бүгінде ол ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған асыл әже. Жасы 87-ге келсе де, әлі тың. Құлағының сәл ауырлағаны болмаса өткен-кеткенді әңгімелеп, ауыл-аймақтың, әулеттің амандығын тілеп, ұрпақтарына ақ батасын беріп отырады.
Марқұм отағасы Мұстахан ақсақал колхозда бригадир, Жамбыл бөлімшесінде агроном, есепші, счетчик, кейіннен отбасымен жүгері егіп, одан 300-400 центнерге дейін өнім алады. Ал Күлжәмила апа болса колхозда сауыншы, қырманға шығып, тұқым тазалаған, басқа да жұмыстар атқарған. Бұл еңбекқор отбасында алты ұл, бес қыз өскен. Бүгінде олардың ішінде үлкен ұлы Асқар мен ортаншы қыздары Зерхан қайтыс болып кеткен екен.
Күлжәмила Нұранқызы 1934 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Ақбиік ауылында туған. Әкесі имандылықты мықтап ұстанған кісі екен. Ауылында мешіт салдырып, жергілікті халықты имандылыққа, адамгершілікке шақырып отырған көрінеді. Осындай өнегелі отбасында өскен қыз да бойына имандылықты сіңіріп өсті. Кейіннен келін болып түскен отбасында да сол ізгі тәрбиені көрсетіп, ұл-қыздарына өнегелі, тәлімді тәрбие бере білген аяулы анаға, асыл әжеге айналды.
-Анамызға рақмет. Әкем екеуі бізді өмірге әкеліп, тәрбие беріп, жағдайымызды жасап, оқытты. Бәріміз жоғары білім алдық. Әрине, бәрі еңбектің, маңдай тердің арқасында. Еңбексіз ештеңе де өздігінен болмайды. Әкеміз бен анамыз ұл-қыздарын адал бол, туған ауылыңа, еліңе қызмет етіп, пайдаңды тигіз деп тәрбиелеп, еңбекке баулып өсірді. Жалпы анамыз туралы айтатын болсақ, мінезі жұмсақ. Әулетке, ағайын-туысқа, құда-жекжаттарға өте жайлы кісі. «Айналайын, алтыным» дегеннен артық сөзі жоқ. Өзінің ұл-қыздарынан бөлек, немере-шөберелерін үнемі айналып, толғанып отырғаны. Әкеміз Мұстахан Сейділдаұлы 2014 жылы 85 жасында өмірден озды. Әке өнегесі өз алдына. Алла Тағала енді анамыздың өмірін ұзақ етіп, ендігі қалған қариялық кезеңінде ұрпақтарының қызығын көрсетсін деп тілейміз,- дейді ортаншы ұлы Қуанышбек Мұстаханұлы.
Бұл әулеттің тұңғыш қызы Райханның мамандығы – мұғалім, қазір зейнетте. Ал, Раушан – балалар дәрігері. Одан кейін дүние есігін ашқан ұл Асқардың жөні бөлек болды. Інісі Қуанышбектің айтуынша, ол Сейділда атасына тартып туған ерекше ұл болған екен. Мамандығы – санитарлық фельдшер. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін колхоз, совхоздар тарай бастаған тұста Тараз қаласында кәсіпкерлік ісін ашқан азаматтардың бірі болды. Кейіннен ауданда құрылған ұжымшарларды ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз етіп отырды. Дәл 40 жасында жол апатынан қайтыс болып, артында асыл жары Райхан мен екі қыз, бір ұлы қалды.
Одан кейінгі ұл Әлібек Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін бітірген. Мамандығы – тіс дәрігері. Қазір Тараз қаласында өзі ашқан жеке тіс емдеу клиникасында ұзақ жылдан бері тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ал ортаншы қыз Зерханның мамандығы бухгалтер. Байзақ ауданында тұтынушылар қоғамында бас есепші болып жұмыс істеген. Екі жыл бұрын қайтыс болды.
Ортаншы ұл Қуанышбектің де таңдаған мамандығы – бухгалтер. Одан кейін өмірге келген үйелмелі-сүйелмелі екі ұл Зиябек пен Әдидің өз алдына жеке кәсіптері бар. Әулеттің қара шаңырағында отырған кенже ұл Қуатбектің де өз алдына жеке кәсіпкерлігі және шаруа қожалығы бар. Кенже қыздары Нағима мен Ләйланың мамандықтары медицина саласы.
Үлкен отбасында үлгілі ұрпақ өсірген асыл ана, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі болған Күлжәмила апа ауылдағы ең кенже ұлы Қуатбек пен келіні Құндыздың қолында тұрады екен. Біз өткен аптада ортаншы ұл Қуанышбектің шаңырағына болғанымызда, апа осында келіпті. Биыл тамыз айында 87 жасқа толғалы отырған апамыз бізді көре салысымен отырған орнынан тұрып: «Айналайын, балалар, қош келдіңдер. Дені-қарындарың сау ма?»,- деп жылы шыраймен, аналық мейірімін төге амандық-саулық сұрап, бетімізден сүйді. Одан соң өткен өмірі туралы және өзі келін болып түскен Сейділдаевтар әулетінің өнегесі туралы кеңінен әңгімелеп, осынша жас бергені үшін Жаратқанға шүкіршілік айтып, ұрпақтарына ризашылығын айтты.
-Ұл-қыздарыма, келіндеріме, немерелеріме ризамын. Әсіресе, келіндерім бетіме қарап қатты сөйлеген емес. Өзім де келіндерге жайлы болсам керек.
Шамамыздың келгенінше балаларды оқытып, жоғары білім әпердік. Олар да жолдасым екеуміздің ата-аналық үмітімізді ақтады. Сәл ауырып қалсам, бәрі «анашым, апам, әжем» деп бәйек болып, ем-домын жасап жатқаны. Көсегелері көгерсін, өсіп-өнсін деп әрдайым ақ батамды беріп отырамын,- дейді Күлжәмила әжей.
* * *
«Сөнбейді әже, шырағың, Арналды саған бұл әнім» деп Мұқағали ақын жырға қосқандай, Көлтоған ауылындағы Сейділдаевтар әулетінде тағы бір асыл әженің көзі тірі. Қариясы бар үйде қашанда қазына мен береке-бірліктің болатынына осы жолы біздің тағы да бір көзіміз жетті. Сейділда қарияның ортаншы ұлы, марқұм Жақсылықтың асыл жары Патима Болтайқызының да жасы 87-де. Тыл және еңбек ардагері.
Бұл әулетке 1953 жылы келін болып түскеннен кейінгі жылдары отағасы екеуі колхозда сауыншы, шопанның көмекшісі, шопан, басқа да жұмыстар атқарады. Кейіннен трактор, машина паркіне, ауылдық клубқа қарауыл болып зейнеткерлікке шығады. Патима әжей бес құрсақ көтерген. Қазір соның ішінде жалғыз ұлы Нияз ғана бар. Ол да зейнеткер.
-Ол уақытта колхоздың жұмысынан басқа жұмыс болған жоқ. Сиыр сауумен қатар, бұзау да бақтым. Анау бір жылдары тауда колхоздың биесін сауып, қымыз да ашытқан кезім болған. Жас кезімде де атпен бидай бастырып, алқаптан тас теріп, тракторға су таситынбыз. Мен 1930-шы жылдары болған ашаршылықты да көрген жандардың бірімін. Әке-шешем Майтөбе өңірінің кісілері еді. Ашаршылық жылдары тау-тауды аралап, алғы теретінбіз. Оны жақсылап жуып, езген соң қайта-қайта қайырып, ащысы кеткен соң май, жұмыртқа салып жеуші едік. Одан соң тауда қара тары өсетін. Соны теріп алып, жейміз. Сөйтіп күнелттік,- дейді әжей.
Патима әженің жеті немересі, 17 шөбересі, төрт шөпшегі бар. Ұлы Нияз бен немересі Қайрат, немере келіні Әйгерімнің қолында тұрады. Өз келіні Гаухардың ауыр науқастан дүние салғанына да біраз жыл болыпты. «Тыл және еңбек ардагері» медалінің және Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған.
Біз үйіне барғанда, Патима әже алты айлық кенже шөбересі Нұрасылды қарап, бесік тербетіп отыр екен. Ұл-қыздарын жеткізіп, немерелерін бағып, шөбере-шөпшектерінің алақанынан май жалаған асыл әженің өнегесінен кейінгі жас келіндер тәлім-тәрбие алса игі.
Жалпы, халқымыздың дәстүр-салтында, тұрмысы мен ұрпақ тәрбиесінде әжелер өнегесінің орны бөлек. Ұлағатты әжелеріміз көбейсе, ұрпағымыздың да ұлағатты болатыны даусыз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»