El іshі

Ауылда жаңа мектеп бой көтеруде

 

Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылынан 100 орындық жаңа мектеп салу мәселесі соңғы онжылдықта тұрғындар жиынында жиі-жиі көтерілетін өзекті мәселенің бірі еді.

Ауылдағы бала санының жыл санап өсуімен және жаңа заман тұрғысынан алғанда қазіргі оқып жатқан мектеп оқушыларға тарлық етіп,  заманауи оқу кабинеттерін орналастыруға мүмкіндік болмай келді.

Жылдар бойы кейінге қалдырылып келген осы іс биыл ғана оң шешімін тауып, мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тапсырыс беруші облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тарапынан «Агроспецстрой»  ЖШС мердігер болып танылып, іске кірісті.

Бүгінде мектеп салынатын жер белгіленіп, беті тегістелген. Төңірегі айналдыра еуроқоршаумен қоршалған. Арнайы техниканың көмегімен шұңқыр қазылып, іргетасы монолит әдісімен құйылуда. Объектінің басында бүгінде 20-ға тарта жұмысшы еңбектеніп жүр. Оның екеуі – ауыл тұрғыны. Орташа жалақысы 100-150 мың теңге көлемінде.

Мұнда жұмыскерлердің жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Жатын орын үшін темір контейнер қойылған. Үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.

Серіктестіктің учаске бастығы Сәкен Садиевтің айтуынша, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген білім мекемесінің құрылысы сәуір айында басталған. Объекті келесі жылға өтпелі.

– Серіктестіктің мектепті биыл күзде тапсыруына толық мүмкіндігі бар. Дегенмен жұмыстарды жобадан кешіктірмей, кестеге сай мерзімінде атқарудамыз, – дейді учаске бастығы.

Абылайхан СӘРСЕН,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close