El іshі
Ұлттың қайта түлеуіне қызмет етеді
Газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жуалы ауданында өз бөлімшесін ашқаны туралы хабарлап, мекеме қызметінен аз-кем мәлімет берген болатынбыз. Таяуда ашылған бөлімшенің басшысы, еңбек ардагері Шорабай Ысқақов ағамыз редакцияға келіп, газетке арнайы сұхбат берді. Төменде осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Шорабай аға, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары шетелде тарыдай шашыраған қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына, оларды жаңа ортаға бейімдеуде көп шаруа атқарғаны белгілі. Қауымдастықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, мақсаттары туралы не айтасыз?
– Ия, сұрағыңыз өте орынды. Қауымдастық дүниежүзіндегі қазақтардың басын біріктіріп, барша қазақ баласының мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Осы ретте 1992 жылдан бергі аралықта төрт бірдей Құрылтай өткізіп, мезгіл жүктеген өзекті мәселелерді арқау еткені баршамызға мәлім. Бүгінде қауымдастық Жарғыға сәйкес өзінің басты міндеттері мен мақсаты ретінде мына қызметтерді нысанаға алып отыр.
Біріншіден, егеменді Қазақстанда қазақ халқының ұлттық қайта түлеуіне, Қазақстаннан сырт жерлерде өмір сүріп жатқан қазақтардың еркін де жан-жақты дамуына жәрдемдесу. Екіншіден, Қазақстанда және одан сырт жерлерде тұрып жатқан қазақтардың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани, діни және басқа өмірлік маңызды проблемаларын шешуге қатысу. Үшіншіден, қазақтардың өзінің тарихи Отанындағы экономикалық және әлеуметтік-мәдени салалардағы жетістіктерін, олардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бүкіл дүние жүзіне насихаттау. Сонымен қатар, Қазақстанға көшіп келген отандастарға көмек көрсету және қайырымдылық қызмет.
Жарғылық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін қауымдастық пен оның жергілікті өңірлердегі филиалдары мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, мәдени және ғылыми-зерттеу орталықтармен бірлесе отырып, қазақ ұлтын жан-жақты дамытудың пәрменді жолдарын іздестіреді, мамандар мен ғалымдардың қатысуымен шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың тарихын, өмірін, мәдениетін және әлеуметтік жағдайын зерттейді, олардың өмірі мен болашағын болжау ісіне талдау жасайды, қазақтар жасаған немесе Қазақстаннан әкелінген өнер тауарларының қорғалуын және олардың тарихи, мәдени және этнографиялық көзқарас тұрғысынан Қазақстан үшін айрықша маңыздыларының қайтарылуын ұйымдастыратын болады.
Одан бөлек, қауымдастық Қазақстан және қазақ диаспорасы өмір сүріп жатқан мемлекеттер арасындағы концерттік бригадалар алмасып, халықаралық туристік маршруттар, фестивальдер, өнер мерекелерін, конкурстарды ұйымдастырады. Тарихи Отанынан сырт жерлерде тұрып жатқан қазақ жастарын республикалық жоғары және орта оқу орындарына тартады, түрлі себептермен Қазақстаннан жырақ кетіп қалған адамдардың, олардың ұрпақтарының туған-туысқандарымен қауышуына жәрдемдеседі. Шетелдерден Қазақстанға қоныс аударған адамдарға медициналық көмек көрсетуіне көмектеседі, лотореялар, семинарлар, спорттық және басқа да іс-шаралар ұйымдастырады, шетелдерде қазақтар жинақы орналасқан жерлерде олардың ана тілін үйренуіне, ата-бабаларының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап, өркендей беруіне көмек көрсетеді.
– Қауымдастықтың аудандағы бөлімшесі қашан құрылды және осы аралықта нендей жұмыстар атқарды?
– Қауымдастықтың аудандағы бөлімшесі үстіміздегі жылдың маусым айында құрылып, сол айда мені басшы етіп сайлады. Содан бергі аралықта бөлімше біршама жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, бөлімше алғаш құрылған күннен бастап, өңірімізге көшіп келген отандастардың азаматтық алу процесін жеделдетуге барынша күш салып келеді. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін бөлімшеге 56 адам қайырылды. Бізге азаматтық алу мәселесімен басқа аудандардан да келіп жатқан отандастар бар. Бөлімше 12 отандастың елімізде тұруға ықтиярхат алуына және 10 отандастың азаматтық алуына тікелей қолғабысын тигізді.
Кезінде түрлі себептермен ұлты басқа болып жазылып кеткен отандастардың және басқа ұлттар өкілдерінің азаматтық алуында бірқатар қиындық туындап отыр. Еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасына сәйкес аталған санаттағы азаматтар заңдарды және қоғамдағы тыныштық пен келісімді сақтауға кепілдік ретінде 3,5 миллион теңге көлемінде қаражат төлеуге міндетті. Өздері әупіріммен тарихи Отанына жетіп, шықпа жаным шықпамен күн көріп жүрген отандастарға бұл арық атқа тиген қамшыдай ауыр тиіп отырған жайы бар. Жұмысымызды аудан әкімдігінің тиісті бөлімдерімен және көші-қон қызметімен бірлесе жүргізіп отырмыз.
Қазір бөлімшеде үстіміздегі жылдың қараша айында Түркістан қаласында өтетін Бүкілдүниежүзі қазақтарының кезекті V құрылтайын өткізуге дайындық шаралары қызу жүргізілуде. Бөлімше бүгінде Құрылтайға ауданнан үш азаматтың қатысуын қамтамасыз ету шараларымен шұғылдануда. Алдағы Құрылтай қазақ халқының ұлттық жаңғыруы мен тарихи жадын жаңарту жолында маңызы ересен болмақ.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Жұмысыңызға табыс пен сәттілік тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»