El іshі

«Жағдайымыз түзеліп келеді»

Бауыржан Момышұлы ауылындағы Батыр ана осылай деді

Елімізде бүгінгі таңда әлеуметтік көмек көрсету жүйесі бойынша жіберілген қателіктерден кейін, Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдағы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында осы жүйені одан да дамыту керек деп, бірқатар ұсыныстар айтты. «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы бес жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан.
Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті» дей келе, Президент үкіметке көмекті бөлу тәртібін реттеуді тапсырды. Ол ашық әрі әділетті болу керек, «адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс», делінген.
-Президентіміз өз Жолдауында дұрыс бағыт берді. Адал еңбекпен жеген наның да тәтті болмайды ма? Сондықтан жұмыстан жалтарғандарға ешқандай көмек бермей жазалау керек. Ал менің отбасым ешқашанда еңбектен қашқан емес. Жолдасым Молбай Ойнаров екеуіміз де Бауыржан Момышұлы ауыл әкімі аппараты арқылы қоғамдық жұмыс істейміз,- дейді сегіз баланың анасы- «Алтын алқа» иегері Ұлбосын Алданова.
Бұл отбасы Бауыржан Момышұлы ауылына 1995 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Түктібай совхозынан көшіп келіп, қоныстанған. Алғашқы үш баласы Қызылорда облысында дүниеге келсе, қалған бесеуі осында туылды.
-Көшіп келген алғашқы жылдары қатты қиналдық. Әйтеуір, бір күнімізді көрдік, ол кезде Үкіметтен ешқандай көмек алған емеспіз. Базарда сауда жасадық, жолдасым жалданып, құрылыс жасайтын. Ол кезде балалар да кішкентай еді ғой. Тынбай жұмыс істедік, балаларды аяққа нық тұрғызу керек еді,- деп есіне алды Ұлбосын.
Отбасы 12 жыл студенттерді оқыттық дейді. Тапқандарының барлығы солардың оқуына жұмсалған. Үлкендерін- екі қызын Бақытгүл мен Нұргүлді Молбай мен Ұлбосын қияға қондырып, олардан алты немере сүйіп отыр. Ал кейінгі қыздары Нэлля ТарМПУ-дің физика факультетін бітірсе, Нұргүл медициналық колледжді тәмамдап, екеуі де бүгінде Астанада жұмыс істеп жатыр. Бесіншісі – Жәнібек Отан алдындағы борышын- әскери қызметін Алматыда өтеуде.
Қалған үш баласы: қызы Арай 10 сыныпта, Нұрдәулет- 8 сыныпта, ал ең кішкентайы Нұрасыл- мектепалды даярлық тобында оқиды.
– Балаларды еңбекке баулып, еш қиындықтан қорықпай, сүрінбей өмір сүруді үйретіп, өсірдік. Қиыншылық көріп өскен балалар еңбексүйгіш, еңбекқор болып келеді,- дейді Батыр ана.
Көпбалалы бұл отбасы екі бөлмелі әбден тозығы жеткен ескі үйде тұрып жатыр. Отбасымызда 10 жан, кішкентай үйде қысылып-қымтырылып сабырмен өмір сүріп келеміз»,- дейді отанасы. Бірде тоқ, бірде аш болып жүріп, қаржыны жинап, Бауыржан Момышұлы ауылының батыс жағынан 0,12 га жер телімін сатып алып, жақында ғана 10х12 м2 тұрғын үйдің іргетасын тұрғызып қойыпты.
– Келесі жылы кірпіш құйып, үйді әрі қарай соғамыз,- дейді. Балалар өсті, құда-жекжат, немерелер бар демекші, Батыр ана осыны қуанышпен жеткізді.
-Аллаға мың да бір шүкір, осыған жеткенімізге тәуба деймін. Балалар өсті, қолғанат болды. Енді барлығымыз жабылып үйімізді бітіріп алсақ деп армандаймыз. Ал біз- отағасы екеуміз жұмыстан қашпаймыз. Үкіметтің қамқорлығына, көмегіне мың алғыс айтамыз,- деді Ұлбосын Алданова.

Гүлмира Дембаева.
Сурет автордікі,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close