El іshі
Шынайы патриоттық сезімнен туған әрекет: ауданымызда қайырымдылық шаралары қарқын алуда
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас». Бабаларымыздың осынау ұлағатты сөзінен бұл дүниеде туған жеріңнен артық жер, туған еліңнен артық ел болмайтынын анық аңғарғандайсың. Ал, туған Отанының дамуына әркім әрқалай үлес қосатыны белгілі. Біріміз егін егіп, мал баққан шаруа болсақ, енді біріміз басқа да салаларда тер төгіп жүрміз. Дүниеде әр адамның атқаратын өз қызметі бар. Міне, әрбір азамат еңбегін шын жүректен еліне арнаса, ортақ Отанымыз, қасиетті атамекеніміз болған Қазақстан да ойдағыдай дамымақ. Еліміз өркендеп, жастарымыздың да болашағы зор болмақ. Бұл жөнінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында былай деген еді.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек»,- деді Елбасы.
Қайырымдылық – халықтық қасиетіміз. Әсіресе, пандемия кезінде халқымыздың бойындағы бұл асыл қасиетіміз жарқырап айшықтала түсті. Ел өңірлерінде жасалып жатқан қайырымдылық жұмыстарынан бәріміз хабардармыз. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен өңірімізде қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр Жуалы ауданында тұрмысы төмен, баспанасы жоқ 10 отбасына үй берілді. Оның ішінде Жетітөбе ауылдық округінің өзінде демеушілердің есебінен үш үй берілді. Олар Қоңыртөбе, Шыңбұлақ, Майбұлақ ауылдарында. Сондай-ақ, жетітөбеліктер биыл да Тасбастау ауылынан бір отбасына үй сатып алып беруді жоспарлап отырған көрінеді. Жоба аясында Күреңбел ауылында екі отбасына көмек көрсетіліп, атап айтқанда, бір үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, тұрмысы төмен бір отбасына жаңа үй сатып әперілді. Жиналған қаражат көлемі 2,5 миллион теңгеден асып жығылады. «Көп түкірсе – көл» деген осы болар, бәлкім. Мұндай қайырымды істерді әрине, азаматтардың шынайы патриоттықтан туған саналы әрекеті деп қалай айтпаймыз?
Одан бөлек, былтыр аудан көлемінде қайырымдылық бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Қолында дүние-мүлкі, әжептеуір малы бар қайырымды азаматтар жоқ-жітіктерге көмек қолын созуда. Сонымен қатар, ауылдарда тұрғындар күш біріктіріп, қаржы жинау арқылы көпшілікке ортақ жұмыстарды атқаруда. Мысалы, былтыр Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылының тұрғындары қаржы жинап, бір отбасына үй сатып алып берді. Одан бөлек, тұрмысы төмен аз қамтылған отбасыларға құдайы ретінде жылқы, ірі қара және қой-ешкінің еті таратылған. Бір ғана бұл емес, айта берсе мұндай игілікті істердің басқа да ауылдарда атқарылып жатқаны анық.
-Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл бар. Алла Тағала қасиетті Құранда «Әнғам» сүресінің 160-аятында: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» деп баяндаған. Ал дана ата-бабаларымыздан: «Ер қолында мал тұрмайды, елек ішінде су тұрмайды»,- деген сөз қалған.
Жомарттық – көркем мінездің бір көрінісі. Жомарттық жасауда адамзаттың абзалы болған ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына жан салмайтын. Алла Елшісі барлық ізгі амалда адамзатқа өшпес өнеге қалдырды. Қайырымдылық жасау әсіресе, Рамазан айында көбейе түседі. Рамазан айында жасалған қайырымыдылық оннан жеті жүз еселенеді дейді. Сондықтан жалпы мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айында жаны жомарт азаматтар жоқ-жітікке қайрайласып, бір-бірлеріңізге жақсылық жасауға асығыңыздар. Сонау замандардан халқымыздың асыл қасиеті болып келе жатқан қайырымдылық жасау туралы көптеп айтуға болады. Аудан көлемінде өнегелі істерді, яғни сүннет амалды жаңғыртып жатқан жомарт жандарға айрықша алғыс білдіремін,- дейді «Жуалы көпшілік» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек.
Көкбастау ауылдық округінде былтыр ауыл азаматтарының күшімен асыраушысынан айырылған ана Мәншүк Тойшыбаеваға үш бөлмелі үй жаңадан салынып берілді. Осынау сауапты іске Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының үлкендерінен бастап, жастары да бар ынта-шынтасымен атсалысқанын көпке үлгі ретінде бөліп-жарып айтуға болады.
-Ауыл азаматтарының бізге жасаған бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Жаратқаннан жақсы адамдардың амандығын тілеймін. Қысылғанда көмек қолын созған ұлымның құрбы-құрдастарына, ауылдастарыма менің отбасыма жасаған жақсылығы үшін аналық ақ жүрегімнен алғыс айтамын, – дейді отанасы Мәншүк апай.
Жалпы ауылдық округтегі қайырымдылық шаралары туралы Теріс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті ардагері Аташбек Әмірқұлұлы былай деп өз ойын білдірген еді.
-Қайырымдылық адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі. Мемлекет іргесінің мықты болуы шекараның мықтылығында емес, халықтың бірлігінде деп ойлаймын. Қайырымдылық болған жерде бірлік болады, ал бірлік болған елде берекелі тірлік болатыны анық. Менің байқағанымдай, кейінгі жылдары ауыл-аймақтың жастары қайырымдылық істерге көп араласып келеді. Аға буынның өкілі ретінде біз бұған қуанамыз.
Ауыл арасындағы қайырымдылық істерін айтпағанның өзінде, екі жылдан бері Бақалы мен Теріс ауылдарының арасында үлкен заманауи мешіт бой көтеріп келеді. Бұл бір жағынан иманды тірлік болғанымен, бір жағынан қайырымдылық саналады. Мешіттің құрылысын Бақалы ауылынан шыққан Гүлнар Мырзахметова есімді кәсіпкер қарындасымыз өз қаражатына салып жатыр. Екі қабаттан тұратын ауыл мешітінің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады деп күтілуде. Мешіттің жанынан медресе, имамның үйі, құдайы тамақ беретін орын, тағы да басқа қажетті жай салынуда. Игілікті де сауапты іске ауылдың жанашыр азаматтары да атсалысуда. Мысалы, жұмысшылардың ас-суын әзірлеуді екі ауылдың азаматтары өз міндеттеріне алған. Алла үйінің жанына жыл сайын жеміс ағаштары егілуде. Бұл тірліктен ауыл азаматтарының ынтымақты бірлігін тануға болатындай. Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр жалғастығы деп осыны айтуға болады. Ауылдық мешіттің алқасымен ақылдаса отырып биыл пітір-садақадан түскен қаражат есебінен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетсек деп жоспарлап отырмыз,- дейді ауыл ақсақалы.
Қазіргідей індет жағдайында қайырымдылық шараларының көптеп қолға алынғаны өте дұрыс. Өйткені, індет жағдайында өмір сүру ешкімге оңай болып отырған жоқ. Алайда ел ішіндегі жаны жомарт, қайырымды жандардың арқасында жоғымыз түгенделіп, жоғалғанымыз табылғандай күй кешудеміз. Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір бірімізге қайырымдылық пен жақсылық жасап жүрейік, ағайын!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Суретте: Бақалы-Теріс ауылдық мешітінің құрылысы.