El іshі
Тілегім – Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Роза Қайназарованы бұрыннан сырттай танимын. Ұстаздың есімі дарынды шәкірттері арқылы танылып келеді.
Ауыл балаларына арналған республикалық IQanat олимпиадасында жеңімпаз болған Сәбит Қанағат Бурабай қаласында орналасқан заманауи стильде салынған IQanat мектебінде білім алып жүріп ұстазы Роза Кенжебайқызы туралы былай деп эссе жазыпты:
«Ұстаз – ұлы есім. Осынау «ұстаз» деген сөздің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келген жанның қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін қасиеттер. Менің осы күнге дейін жеткен жетістіктерімнің бірден-бір себепкерлерінің бірі – ұстазым Роза Қайназарова.
Шәкіртіне білгенін үйретуден талмай, арман мен мақсатты нық қойып, өмірде жетістікке жетудің қыр-сырын ашқан жан – менің ұстазым. Қандай бір жағдай, мәселе, жаңалық немесе ой туындағанда менің қасымнан табылған адам. Тіпті, осы IQanat олимпиадасына қатысуға кеңес беріп, менің нұсқаушым болған кісі. Ең бастысы, өзінің туған ұлындай көріп, маған екінші ана атанған жан.
5 сыныптан бері ғылымдардың патшасы, математика пәнінің қыр-сырларын ашып, бар білгенін үйреткен ұстазым. Тек онымен айналысқан жоқ, мамандық таңдау, адамдармен қарым-қатынас жасау, өзіңді басқару деген секілді өмірлік қабілеттерді үйрете білген адам. Жалпылай айтқанда менің тіреуім болған кісі. Әрине, ұстазымның еңбегін ақтап, IQanat High School of Burabay мектебіне түскенде ұстазымнан кеткім келмей, біраз әурелеңге салындым. Бірақ, ұстазымның атын одан да жоғары деңгейге көтерсем деген мақсатпен, жоғарыға ұмтылдым. Осы үшін Сізге алғысымды білдеремін!» деген.
Шәкіртінің жүрегіне жол таба білген ұстаз Роза Кенжебайқызы шынында нағыз ұстаз деген ұлы есімге лайық жан.
Ұлағатты ұстаздың А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте еңбек етіп келе жатқанына биыл 24 жыл. Жоғары санатты, педагог-шебер атанған ұстазбен сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Әрине, бұл сұхбат оқырман үшін рухани нәрлі мақала болары сөзсіз.
-Роза Кенжебайқызы, ұстаздық – ұлы мамандық. Жалпы, ұстаз қандай болуы керек?
-Ұстаз үшін ең бірінші керек қасиет – шәкірт жүрегіне жол таба білу. Мұғалімнің сабақтағы мақсаты – түрлі әдіс-тәсілдермен сабақ өту ғана емес. Себебі, шәкіртінің жүрегіне жол таба білмесе, бала ол сабақты дұрыс түсінбейді. Оқушыларды жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты, өрісі кең азамат етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы біздің борышымыз.
Ұстаз өзінің мамандығын сүюі керек. Баланың болашағы – ұстаздың қолында. Сондықтан ұстаз адал болып, өзінің жұмысымен жан-тәнімен айналысып, уақытын аямаса, онда жұмысының нәтижесін көреді. Сабақта оқушыларды ашуға тырысса, олардың қуанышымен бөлісіп, шабыт берсе, нағыз ұстаз сол.
Ұстаз балаға жылы сөз айтуы керек.
Бала сабақта бос отырмауы тиіс. Яғни, балаға деңгейіне қарай тапсырма беріп отыру қажет. Тіпті болмаса, баланы дамытатын тапсырма беру керек. Егер мұғалім сабаққа жақсы дайындалып барса, оқушылар да зерікпейді. Оқушы – сыншы. Олар бәрін біледі, түсінеді. Сондықтан оқушының алдында мәртебең биік болуы үшін өзіңді үнемі дамытып отыру маңызды.
-Сіз шәкіртіңіз Қанағат Сәбиттің жетістігі үшін IQanat Hiqh School of Burabay мектебіне арнайы шақыртумен қонаққа барып қайттыңыз. Осы бір тамаша сәттеріңіз жайлы айтып беріңізші?
-Мен IQanat мектебіне шәкіртім Қанағаттың ұстазы ретінде үлкен, тамаша бір іс-шараға барып қатысып, тебіреніп қайттым. Мектеп Бурабайдағы «Балдәурен» лагерінің жанында орналасқан екен. Орманның ішінде орналасқан заманауи үлгідегі мектептің атмосферасы керемет.
Бұл – ұлттық үлгідегі мектеп. Білім беру жүйесі дамыған Жапонияда балаларды еңбекке баулу арқылы білім береді. IQanat-та да солай, балалар асханаға, бөлмелеріне кезекшілік жасап, тазалық жұмыстарымен айналысады.
Сонымен бірге тағы бір ерекшелігі, ұлттық үлгідегі мектеп болғандықтан, ер балаларға киіз үйді құрастыру, қой сойып, жіліктеу және домбыра тарта білу міндеттеледі. Ал, қыз бала күй тарту мен қолөнер бұйымдарын жасауды білуі тиіс. Мектепте қойылатын көрнекіліктер біздің мектептердегідей көрнекіліктер емес, балалардың қолынан шыққан әлемдік үлгіде дайындалған туындылар.
Жалпы, біз IQanat мектебін көбірек насихаттауымыз керек. Себебі, бұл жоба тек ауыл балаларына арналған. Ауыл балалары осындай тамаша мүмкіндік барын білуі маңызды.
Қазақстанның ауыл мектептерін қолдау идеясы 2004 жылы пайда болып, нәтижесінде IQanat қоры ресми іске қосылды.
Осы жылдары отандық бизнесмен Айдын Рахымбаев бастамашы болып, өзінің түлеп ұшқан мектебіне белсенді түрде көмектесті. Яғни, туған жайлаудан тыс әлемді жиі көрмейтін ауыл оқушыларын бақылау оны үлкен қаланың оқу орындарын балаларға көрсету туралы ойға итермелеп, нәтижесінде жоғары сынып оқушылары өмірінде алғаш рет астаналық жоғары оқу орындарының атмосферасына еніп, елдің басты мегаполисіне барудан әсер алды.
Ауылдық білім беруді қолдау қозғалысына басқа да жаны жомарт, туған елін, жерін сүйетін кәсіпкерлер үн қосты. Олар мектептерге жаңа мультимедиялық техника, спорттық жарақтар, кітаптар сатып алуға көмектесті.
2008 жылы балалардың елордаға сапарларына әдебиеттік оқу мен эссе жазу конкурстары қосылды. Осылайша, жыл сайын Қазақстанның ауыл жастарының білім алуына және мансаптық биіктерге жетуіне деген ынтасын оятуға қабілетті алғашқы жеке білім беру олимпиадасын іске қосуға алғышарттар жасалынды. Сонымен бірінші олимпиада 2017 жылы басталды.
Білім беру олимпиадасының одан әрі дамуы терең жүйелеуді талап ететінін сезіне отырып, Айдын Рахымбаев қомқоршылардың күш-жігерін біріктіретін қор құру идеясын ниеттес адамдармен бөлісті. Бұл ұсыныс қазақстандық бизнесмендер арасында қолдау тауып, бизнесмендер мен меценаттардың көмегі дамудың айқын бағытына ие болды.
Олимпиаданың жетістігі ұйымдастырушыларды шабыттандырып қана қоймай, өз болашағын IQanat-қа сеніп тапсырған ауыл жастары алдындағы жауапкершілікті еске салды.
2019 жылы Қор басшылығы мектеп-пансионатын салу туралы шешім қабылдады. Таңдау Бурабай кентіндегі Щучье көлінің көркем жағалауына түсіпті.
“IQanat” білім беру қоры” қоғамдық қорының атқарушы директоры Айжан Ерханқызы.
Мектеп қазіргі білім беру саласындағы инновациялардың шынайы көрінісіне айналған.
IQanat High School of Burabay мектебінің бағдаршамы – ұлы ойшыл Абай атамыздың бес асыл ісі. Яғни, талап, еңбек, терең ой және қанағат пен рақым. Абайдың бұл сөздері – бар қазақтың бағдаршамы.
Жалпы, біздің А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте дарынды балалармен жұмыс дұрыс жолға қойылған. Нәтижесінде мектебімізден қазақ-түрік лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен шәкірттер көп. Қанағат Сәбит осындай талантты шәкірттеріміздің бірі.
Қанағат зерек, ақылды, еңбекқор жас. Қанағаттың болашағына үлкен үміт артамын.
-Сіздің өмірлік ұстанымыңыз?
-Адал, мейірімді болу. Ұстаз ретінде алдымдағы шәкірттің өмірге деген құлшынысын арттыру.
-Тәуелсіздік – ең ұлы, қастерлі мереке. Сіз үшін бұл мерекенің орны қандай?
-Тәуелсіздік күні мен үшін, отбасымыз үшін орны бөлек, жанымызға жақын, қымбат мереке. Жолдасым Марат Керімбердиев Желтоқсан көтерілісіне қатысушы. Ол 1986 жылы 2 курс студенті еді.
Тәуелсіздік жолында халқымыздың басынан небір қиын күндер өтті. Небір ұлтымыздың қаймақтары елдің азаттығы жолында құрбан болды. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ.
Қазір Аллаға шүкір! Еліміздің жағдайы жақсарды. «Қанағат қарын тойғызар» деген дана халқымыз. Біздің ауданымыздың өзі қалай өзгерді?! Ауылымызға кіре-берістің өзін қараңызшы?! Адамға қандай мақтаныш, қуаныш сезім сыйлайды!
Мемлекеттік рәміздеріміз бар.
Бір ғана білім саласының өзі қаншама жетістіктерге қол жеткізді. Барлығы көз алдымызда. Қол жеткен табыстарымыз үшін Елбасымыз қанашама тер төкті. Тілегім – Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Ол үшін ең бірінші ынтымағымыз берік болсын!
Қазақ деген жастарымыз көп қой. Осыған шүкіршілік етемін!
Белгілі кәсіпкер Нұрсила Ахметбек бір сөзінде: «Шет мемлекетке барып, қаншама доллар төлеп, семинар-тренингке қатысып, үйренгенім – халқымыздың «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген сөзінің маңызы. Біздің халқымыз шынында дана халық. Төрт түгеліміз: бірінші – денсаулық, екінші – таңмен тұрып, бүгінгі тірлікті бүгін жасау, ертең жалғастыру, уақытты бағалау. Үшінші – білім үйрену, төртінші – тәжірибе алмасу, адамдармен дұрыс қарым-қатынас» деген еді. Бәріміз осы қағиданы ұстансақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпы, Тәуелсіздік күніне біз ерекше дайындалып, құрметпен мерекелейміз. Қысқасы, отбасылық құндылықтарымыздың бірі десем болады.
-Роза Кенжебайқызы, бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма? Толса, несімен толады? Немесе жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?
-Толады. Себебі, бүгінгі жастар дамыған. Ой-өрісі кең. Терең білім алып, нәтижелі жұмыс істеуге, жақсы отбасы болуға талпынады. Жастарға үкімет тарапынан талапшылдық бар. Соған қарай жастарымыз еңбек етуде.
Біз жас кезімізде армандауды білетінбіз де, оған жетудің жолын білмейтінбіз. Ал, қазір өзін дамытамын деген жандарға ақпарат көздері көп.
Ел үшін еңбек ету – үлкен бақыт. Лайым, елім деген, жерім деген жастарымыз көп болсын.
-Жастарға айтар тілегіңіз!
-Отан отбасынан басталады. Сондықтан әрбір отбасына бақыт тілеймін! Отбасында тыныштық болса, бала да бақытты. Әр отбасына үйлесімділік, қуаныш тілеймін!
Елімізде тыныштық болсын! Халықтың пейіліне қарай нәсібесі де мол болсын!
-Рақмет, Роза Кенжебайқызы!
Аналық ақ тілегіңіз қабыл болсын!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»
Суретте: Р.Кенжебайқызының IQANAT High School of Burabay мектебінің директоры Арнур Пенмен тәжірибе алмасу сәті