El іshі
ХОББИІН КӘСІБІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН АРАЙЛЫМ
Аудан тұрғындары шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өзінің хоббиін жеке кәсібіне айналдырып үлгерді. Солардың қатарында Арайлым Гизатова да бар.
Мамандығы бойынша инженер-технолог болса да массаж ісіне қызығушылық танытып, сүйікті ісіне айналдырды. Сөйтіп, өзінің массаж орталығын ашты.
Кәсіпкердің айтуынша, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы оқуға қатысып, жобасын қорғап, «Еңбек» бағдарламасы аясына 584 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған.
Арайлым Шынболатқызы 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Ол Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде инженер-технолог мамандығын оқып, тамамдайды. Осында жүріп 2018 жылы жуалылық Ержан Затыбеков есімді жігітпен танысып, Затыбековтар әулетіне келін болып түседі. Үйде декреттік демалыста отырған жас ана Арайлым енесі Гүлсарамен ақылдаса отырып, аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалына келіп, қайтарымсыз грант негізінде «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқу оқуға шешім қабылдайды. Қажетті құжаттарды өткізген соң өткен жылдың қазан айында «Бизнес – Бастау» оқуын онлайн форматта оқып, аяқтайды.
Оқуды тамамдаған соң өз қаражатына үйде массаж жасау орталығына бір бөлмені арнап, үйде қабылдау жұмыстарын жүргізеді. Үш айға жуық уақыт үйде жұмыс жасай жүріп, орталықты кеңейтуді көздейді. Содан соң Тараз қаласынан «AG» массаж жасау орталығын ашады. Осы орайда 584 мың 600 теңге қайтарымсыз грантқа ағымдағы жылдың басында қол жеткізіп, қаражатқа массажға қажетті бір дана амплипульс және екі дана электрофорез аппараттарын сатып алады.
Бүгінде жеке кәсіпкерлікте 15 адам жұмыс жасайды. Оның 13-і массаж маманы, екеуі – оператор қыздар және екеуі маркетингпен жұмыс жасаушылар. Барлығы да тәжірибелі мамандар.
Басты кейіпкер Арайлым Гизатованың айтуынша, орталыққа түрлі жағдаймен денесіне қатты соққы алған ересек адамдар, сал ауруына шалдыққан балалар және сүйектері майысқан сәбилер қаралады. Қаралушыларды тек дәрігердің нұсқаулығымен ғана қарайтынын, айта кету керек.
Бүгінде Тараз қаласында бір емес үш орталық жұмыс жасауда.
-Мен үлкендерге және сәбилерге массаж жасауды әпкем Әйгерім Гизатовадан үйрендім. «Массаж орталығын ашамын» деп мүлде ойламаған едім. Бұл массажды өзімнің сәбиім үшін үйренген болатынмын. Алайда көп ұзамай өзімнің білгеніммен басқа да ата-аналармен бөлісуді жөн санап, орталық ашқан жайымыз бар. Бүгінде орталықтан балаға массаж жасау оқуын бір ай және ересектерге бір жарым ай көлемінде оқып алуыңызға болады. Егер сіздің жұмысыңыз бізге ұнаса, үш ай бойы ақылы іс-тәжірибеден өтетін боласыз. Сонымен қатар орталыққа жұмыста қалуыңызға да жағдай жасалатын болады. Мен массаждан бөлек болашақ аналарға кеңес беруді де қолға алғанмын.
Айта кететін жайт, ағымдағы жылдың ақпан айында көлік апатына ұшырап, бұғанам сынған болатын. Ота да жасаттым. Қазіргі таңда сол қолыма салмақ салуға болмайды. Сондықтан да, бүгінде тек орталықтың жұмысына жетекшілік етудемін,- деген Арайлым Шынболатқызы аудан мен ауыл аралықтарына да барып, адамдардың шақыртуымен қызмет көрсететіні туралы да айтып өтті. Одан бөлек, жеке кәсіпкер алдағы уақытта Жуалы ауданынан да осындай орталықты ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалында жұмыс жасайтын, халыққа сапалы қызмет көрсететін қызметкерлерге алғысын білдірді.
Бүгінде бұл орталық халықтың сұранысына ие болып отыр. Келушілердің де қатары күн санап артуда. Бүгінге дейін ешқандай қаралушыдан шағым түспеген.
Иә, осындай хоббиін кәсібіне айналдырған ойы ұшқыр, мақсаткер, жігерлі жас кәсіпкерлерді көргенде көңілге қуаныш сезімі ұялайды. Ендеше кәсіпкерге алға қойған мақсаттарына жете берсін деген тілек білдіреміз!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»