El іshі

Қыздарға әсемдік жарасады

Қардың көбесі сөгіліп, күннің шуағы молынан төгіліп тұратын осынау көктем мезгілінде қаракөз арулардың нәзіктігі мен сұлулығы ерекше байқалып тұрады. Төңірекке нұрын төккен көктемнің келісі, қыздардың қылығы мен жүріс-тұрысы, бәрі, бәрі, әлем сұлулығының жыры екені белгілі. «Сұлулық әлемді құтқарады» демекші, сұлулықтың, әдеміліктің өмірде маңызы мен алар орны аса зор. Әр мереке сайын әйелдер қауымы өздеріне ерекше мән беріп, жан сұлулығымен қатар тән сұлулығын арттыра түскісі келеді.

«Қыздарға әсемдік жарасады» деп ақындар жырларына арқау еткендей, ауданымызда қыз-келіншектердің сән-салтанатына сән қосып, өңіне әр беретін сұлулық салонының бірі – Әлиева Қаламқас әсемдік студиясы. Әсемдік студиясын жеке кәсіпкер Қаламқас Әлиева өткен жылы 1 желтоқсан – Президент күні мерекесі қарсаңында ашқан болатын. Жеке кәсіпкер 1997 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен ол кейіннен жеке кәсіпкерлікке біржола бет бұрады. Алматы, Тараз қалаларында шеберлік курстарында оқып, сертификаттар алып шығады. Кәсібі алдымен «Айдана» сауда орталығында басталып, кейіннен үй-үйге барып қызмет көрсетеді. Ең көп тәжірибесін «Кәусар» сұлулық салонында жинайды.
Әсемдік сыйлайтын Қаламқас алда кәсібін кеңейтіп, қыз-келіншектерге сапалы, тиімді қызмет көрсетуді мақсат тұтқан жан.
-Сұлулық әр әйел баласына тән. Әр әйел өз алдына сырт келбетімен, түр-тұлғасымен ерекшеленеді. Қыз-келіншектердің тек сыртқы келбеті ғана емес жан дүниесі де сұлу болуы керек. Екеуі үйлесім тапқанда ғана нағыз сұлулық болады деп ойлаймын. Сондықтан әр қыз-келіншек өз-өзіне уақыт бөліп, сырт келбетіне мән бергендері жөн. Үй шаруасы мен жұмыс деп өз-өзіне қарамай кетпеуі керек. Егер тіпті, уақыты болмаса, үй жағдайында да күтініп, әдемі болып жүруге болады, – дейді Қаламқас Әлиева.
Сұлулық салонында әйелдер қауымына сегіз шебер, яғни, Лаура, Ұлдана, Сәния, Әсел, Мақпал және Нұрсұлу түрлі қызметтер көрсетеді. Сұлулық салонның бір ерекшелігі, әр келген клиенттен кейін құрал-жабдықтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, клиенттерге жұма күні 30 пайыздық жеңілдік жасалып тұрады. Ауыл-аймақтарға барып, шеберлер үйде де қызмет көрсетеді екен.
-Біз мерекені тойламаймыз. Себебі, бұл күндері бізге келушілер өте көп болады. Түннің ортасына дейін қыз-келіншектердің сұраныстарын қанағаттандырып, бар күш-жігерімізбен қызмет көрсетеміз. Олар біздің ісімізге риза болса, бізден асқан бақытты жан жоқ болатын шығар, сірә.
Қымбатты аналар, аяулы арулар! Баршаңызды осы бір тамаша көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Ана қуанышы, әйел қуанышы – үйдің, отбасының мерейі. Мерейлеріңіз әрқашан үстем, көңілдеріңіз аспандай ашық болсын. Әрқашан сұлу, сымбатты қалыптарыңыздан танбай, күлімсіреп, жайнап жүре беріңіздер деп ақ тілегімді де қоса жеткізгім келеді, – дейді жас кәсіпкер Қаламқас.
«Әдемілік бізге көптік етпейді» демекші, қыздарды көктемнің гүліне баласақ, гүлдей құлпырып жүретін қыз-келіншектер қашанда көктемнің шуақты күніндей боп тұрады. Гүл – көктемнің күлімдеген күнімен бірге келген мерекеде «Әлиева Қаламқас» әсемдік студиясы жыл сайын қыз-келіншектерге әсемдік пен сұлулық сыйлай беретініне біз де сенім білдіреміз.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close