Еліміз үшін ауыл шаруашылығы саласы маңызды салалардың бірі саналатыны белгілі. Өйткені, асыраушы сала саналатын аграрлық секторды дамыту жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Әрине, аталған саланың дамуына ауылдағы еңбекқор шаруа ағайынның қосып отырған сүбелі үлесін айтпай кетуге болмас. Жыл он екі ай бел жазбай еңбек ететін шаруалардың еңбегі адал. Сол үшін де оларға мемлекет тарапынан көмек-қолдаулар мен тиісті қамқорлық жасалуы қажет.
Аграрлық сектор мемлекетіміздің басым бағыты болғандықтан, бұл саланың дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмайды. Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да аграрлық сала мен өнеркәсіпті дамыту турасында келелі пікірлердің көрініс тапқаны белгілі. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек»,- деп атап өтті Президент.
Президенттің биыл күзде халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да бұл сала туралы жан-жақты айтылды. Қ.Тоқаев аталған саладағы жайылымдық жердің қолжетімсіздігі, субсидияның талан-таражға түсуі туралы айта келіп: «Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету»,- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қасиетті Әулиеата өңірінің ең бір құйқалы өлкесі саналатын Жуалы ауданы негізінен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, оның ішінде төрт түліктің басын көбейтіп, арпа, бидай, картоп, басқа да дәнді дақылдарды өсіруге қолайлы аудандардың бірі саналады. Оның ішінде Боралдай ауылдық округінде масақты дақылдар алқабының көлемін ұлғайту арқылы мал азығын молынан өндіруге күш салып жатқан шаруашылықтар бар. Соның бірі аталған округтегі «Алтынай» шаруа қожалығы.
Көлтоған ауылының байырғы тұрғындары саналатын ағайынды Рүстембековтер әулетіндегі «Алтынай» шаруа қожалығы 1999 жылы құрылған. Негізгі бағыты – атакәсібіміз мал өсіру және егін салу. Шаруашылыққа алғашқыда 12 жыл басшылық жасаған Ғани Рүстембековтың айтуынша, алғашында олар ұжымнан 17 отбасының жерін бөліп алып, өз алдына жұмыс бастаған.
-Бұл шаруашылықты әкеміздің ақыл-кеңесімен құрдық. Әкеміз Әсет Рүстембекұлы Көлтоған ауылындағы бұрынғы «Путь коммунизм» колхозында өмірінің соңына дейін жүргізуші болып еңбек етті. Арасында гараж меңгерушісі, механик болып та жұмыс істеген. Бір отбасында алты ұл, төрт қыз өскенбіз. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары үйдің үлкендерінің алды үйлі-жайлы болып та үлгерген. Мен онда жоғары оқу орнын бітіріп, Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген болатынмын. 1990-шы жылдардың орта тұсы еді. Бір күні ауылдан хабар алдым. Әкем: «Алматыдағы ұлға айтыңдар, ауылға қайтсын» депті. Әкенің ақылымен ауылға қайта оралдым. Соның арасында бас құрап та үлгердік.
Әкем барлығымызды жинап алып, жеке шаруашылық ашу, оның жұмысын қалай жүргізу туралы ақыл-кеңесін айтты. Содан көп ұзамай әкемізден де айрылып қалдық. Бұл 1996-шы жыл еді. Тірі адамға тіршілік керек. Ағайынды азаматтар ақылдаса келе, 1999 жылы «Алтынай» шаруа қожалығын құрдық. Әрине, алғашқы кезде өте қиын болды. 17 үйдің жерін ұжымнан бөліп алғанбыз. Оны игеретін техника атаулыдан «Т-28» маркалы жалғыз тракторымыз ғана болды. Соны лаждап пайдаланып, егістік жерлерді жайлап игере бастадық. Тынбай ізденіп, ағайынды азаматтар күш біріктіріп, еңбек еткеніміздің арқасында жыл санап жағдайымыз оңала бастады,- дейді шаруашылықты 12 жыл басқарған әулеттің ортаншы ұлы Ғани Рүстембеков.
«Алтынай» шаруа қожалығы бірыңғай егін шаруашылығымен айналысатын болса, содан үш жылдан кейін құрылған «Рүстембек» шаруашылығы мал бағытын басты бағдар етіп ұстанып отыр. Уақыт өте келе, ағайынды азаматтар өмір ағысымен жан-жаққа бөлек-бөлек кетті. Бірақ ағайындылар ауылдағы шаруашылық ісінен мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Бүгінде аталған екі шаруашылықтың да жұмысын Рүстембековтер әулетінің ең кенже ұлы, еңбекқор азамат Ербол Рүстембеков жүргізіп отыр.
Шаруашылықта егістік жер көлемі жеткілікті. Қожалық басшыларының айтуынша, өз жерлеріне қосымша төңіректегі ауыл тұрғындарының да егістік жерлерін жалға алып игереді екен. Жерді тиімді игеруге әрине, ең алдымен жаңа техниканың ауадай қажет екені белгілі. Осы ретте «Алтынай» ШҚ алғаш құрылған күннен-ақ бұл мәселеге баса назар аударып келеді. Бүгінде ескі техникалардың барлығы жыл сайын жаңаларына алмастырылып отырады. Қазір аталған шаруашылықта соңғы үлгідегі «Беларус» тракторларының жеті данасы, одан бөлек алты корпусты «МТЗ-1221» маркалы қуатты тракторы, алты дана «Енисей» комбайны, жүк тасымалдауға арналған екі бірдей «КаМАЗ» көлігі, одан да басқа қажетті агрегаттарының барлығы бар. Бір қызығы, шаруашылық мемлекет тарапынан ешқандай көмексіз, қаржы институттарынан бір тиын несие алмай-ақ осыншама техника паркін жаңартқан екен. Бұл әрине, жүйелі жұмыс пен көпжылдық еңбектің нәтижесі.
– Ұмытпасам, 2012-2013 жылдары болу керек, елімізде асыл тұқымды мал шаруашылықтарын құруға бетбұрыс жасала бастады. Сол тұста біз де асыл тұқымды мал шаруашылығын ашуға ниеттеніп, қора-жай салуға жер де алып қойғанбыз. Шығыс Қазақстан облысынан қазақтың ақбас тұқымды бұқаларын сатып аламыз деп сондағы шаруашылықтармен уағдаласып та қойған едік. Бірақ сол жылы Үкіметтен жеңілдетілген несие беруге қаржы қаралмады ма, әйтеуір осы тірлік біздің ауданда аяқсыз қалды. Бекерге жүгіріп, уақытымыз зая кетті. Міне, біздің ауыл шаруашылығы саласында осындай жүйесіз жұмыстар жеткілікті.
Шүкір, қазір жағдайымыз жаман емес. Ақ егістен бөлек, мал шаруашылығын да өркендетіп жатырмыз. Шаруашылықтың мал қыстауында төрт түлік малдан жылқы, сауынды сиыр және етті бағыттағы ірі қара, сонымен бірге, қой ұстаймыз. Оның аталық бастарын бордақыға байлап, семірткен соң, сойып етке өткіземіз. Дәл қазіргі уақытта шаруашылықта ірі қара малдар байлауда тұр. Бұл келер жылдың қамы үшін. Оны сатып, техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер, күзгі және көктемгі дала жұмыстарына жанар-жағармай, басқа да шығындарымызға жаратамыз. Алға қойған бағытымыз белгілі. Ол – шаруашылықты ары қарай өркендету,- дейді қожалық басшылары.
Ағайынды Рүстембековтердің «Алтынай» және «Рүстембек» шаруа қожалықтарында 16 адам жыл он екі ай тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Олардың ішінде механизаторлар, жүргізушілер, малшылар, сауыншылар т.б. мамандар бар. Олардың алды 30-35 жылдық еңбек өтілі бар кәсіби мамандар. Шаруашылық құрылған күннен бастап істі ілгері бастырып келе жатқандар да солар әрине. Еңбектің қадірін жақсы білетін шаруашылықтағы ағайынды азаматтар қарамағындағы жұмысшылардың айлық жалақыларын уақтылы төлеп, тұрақты әрі өнімді жұмыс істегендеріне жемшөппен және қыстық соғым етімен де қарайласып отырады екен.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Рүстембековтер отбасындағы ағайынды азаматтар ата-аналарының: «Еңбек етіңдер, ешкімге соқтықпай тыныш жүріңдер» деген өсиет-өнегелерін бойларына сіңіріп өсті. Соның арқасында болар, барлығы өз алдарына бір-бір үй болып кетті. Ұрпақ жалғастығындай болып желкілдеген әулеттің немерелері де еңбекке жақын болып өсіп келеді. Шаруашылық күзгі жиын-терімді сәтті аяқтап, келер жылдың өнімі үшін алқапқа күздік бидай егу жұмыстарын да қорытындылады. Ол үшін Алматы облысындағы ғылыми-зерттеу институтынан сапалы бидай тұқымы да шаруашылыққа жеткізілді. Келер жылы қалған алқаптарға жылдағыдай арпа, мақсары дәндері себіледі.
«Ағайын тату болса, ат көп, Абысын тату болса, ас көп» деген. Әрине, мұның барлығында ынтымақ-бірлігі жарасқан ағайындылардың татулығы мен қажырлы еңбектің қолтаңбасы айқын көрініп тұрғаны анық…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»