El іshі

Ардақты жан бар өмірде әке деген…

«Сізсіз әке – ең ақылды, ең шыншыл,
Сізсіз әке – ең жақыным, ең сыршыл.
Шуақ шашқан қашанда асыл жүрегің,
Жанымдасың, қамқорымсың білемін.
Қабыл алғын бала жүрек тілегін» – демекші, әр отбасында әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі өзіме үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанам. Жанұяның – береке, ынтымағы үшін әкемнің әділ, ұстамды болуы мен үшін орасан маңызға ие. Отбасымыздың ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағатының көзі – менің әкем.
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дегендей, «Әке» деген сөз қандай жақын, қандай ыстық десеңші! Өмірде әкесін жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, өйткені біз үшін әкенің орны бөлек қой. Менің өмірдегі қымбат, ең қымбат адамым ол – менің сүйікті әкешім. Ол менің кішкентайдан ақылшым, қамқоршым. Сол себепті, мен сізден көп тәрбие алдым.
«Әкең барда орындалар арманың» дегендей, өмірдегі керегіңді алдымен бір Алла, екінші әкең берері анық. Бұл дүниеде алуан түрлі тағдыр бар. Сол тағдырдың басты себепкері – біз сияқты балалар. Алайда өмірдің есігін көзі тырнап аша салысымен әкенің «Балам, ботам» деген еркелетер сөзін естімей жетім немесе тастанды бала болып дүниеге келіп жатқан сәбилер де бар. Сәби көңіл әкесі тіпті ол ойлағандай жақсы адам болмаса да, «Шіркін, менің әкем болса қандай жақсы болар еді!» деп армандайды. Осындай балаларды көргенімде өзімнің анам да, әкем де бар екеніне өзімді бақытты санаймын. Сол бақытымнан ешқашан айырмаса екен деймін. Тамағымның тоқтығы, киімімнің бүтіндігі, оқуымның сапасы, ұйқымыздың тыныштығы – осының бәрі де асқартаудай айбатты әкелердің арқасы. Ендеше, бар баланың бақытына бір Алладан кейінгі панасы әкелер аман болса екен деймін.

Айгерім Қасымғали,
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close