El іshі
Жарқын елдің шамшырағы – жас маман
Еліміздің кемел келешегін талантты шәкірт, білімді маман, білікті басшысыз елестету мүмкін емес. Сабырлы қалып, байыпты қадаммен алға қарыштаған жас та болса үлкен белестерден көрініп, толағай табыстарға қол жеткізген мемлекетіміздің экономикасы мен халқының әлеуметтік жағдайының өрлеуіне де басты себеп, саналы маманның сапалы еңбегінің нәтижесі. Осы орайда ауылды жердегі елді мекендердің маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы қабылданып, жас мамандарды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған жайы бар. Осындай маманның бірі – Гүлнара Ізбасарова бағдарлама аясында Көкбастау ауылдық округінің орталығы Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте табысты еңбек етуде.
Ол 1993 жылы Өзбекстан Республикасының Бұхара облысында дүниеге келген. 1995 жылы отбасымен Қазақстанға, оның ішінде Әулиеата өңірінің Т.Рысқұлов ауданына көшіп келген. 2011 жылы Луговой ауылында №33 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепті тамамдап, сол жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне филология факультетіне оқуға түседі.
Қазіргі таңда Теріс ауылындағы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің ұстазы.
– Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы,- деген Ғафу Қайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне мамандық. Әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шар-тарапқа жетелеуші. Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі.
Көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Болашақ мамандықты таңдайтын кезде мен ойланбастан қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі боламын дедім. Маған осы пәннен беретін ұстазымның шеберлігіне таң қалатынмын. Өйткені ол сабақ үстінде сабақты сұрап, жаңа сабақты түсіндіріп, түрлі тапсырмаларды беріп үлгеретін еді. Әр сабақта ұстазым менен үнемі сабақ сұрайтын. Сондықтан әр сабақ сайын дайындалып, үй тапсырмасын айтуға бірінші боп өзім тұра беремін. Сондықтан да шығар, оқуға түсерде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығын таңдағаным. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі,- дейді Гүлнара Қажмадинқызы.
Гүлнар мектепте ұстаз, жас маман болса, үйінде аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы екеуі үш ұлды тәрбиелеуде.
Гүлнараның жолдасы спорт нұсқаушысы болып жұмыс істейді. Жолдасы көпбалалы отбасынан шыққан, үйдің кенжесі. Екеуі 2015 жылы шаңырақ көтерген.
Жас маманнан дәріс алып жүрген оқушылары аудан, облыс және республикалық байқауларда бас жүлде мен І,ІІ орындардан көрінуде.
-«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында биыл наурыз айында құжаттарымды жинап аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырдым. Бірінші көтерме қаражат алдым, бір-екі айдан соң баспаналы болдым. Бұл баспананы бізге ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен берді. Ол да болса біз сияқты жас мамандарға үлкен көмек.
Бізге қазіргі таңда үлкен жауапкершілік жүгі артылып отыр. Өйткені Қазақстанның болашағы – қазіргі жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тәрбиесі ұстаздарға байланысты. Жорабек Қадырбеков басқарып отырған үлкен педагогикалық ұжымда жұмыс істеп жүргеніме мақтанамын. Аталған мектептегі ауданымызға танымал ұстаздардан үйренерім әлі көп, – дейді жас маман Гүлнара Ізбасарова.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»