El іshі

Өнертапқыш жерлесіміздің жаңалықтарының пайдасы мол болмақ

Жақында редакцияға ауданымыздың тумасы, өнертапқыш Марат Аюбаев ағамыз арнайы келіп, аудандық басылымға игі тілегін жеткізіп, бұйымтайын айтқан еді. Мұндай ерекше адамдармен ойламаған жерден кездесу сәті жиі түсе бермейді. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, қонағымызбен ол кісінің жеткен жетістіктері, ашқан жаңалықтары жайлы әңгімелесуді жөн санадық.
Әңгімемізді бастамас бұрын өнертапқыш ағамыз жайлы қысқаша айтып өтейін.
Марат Аюбаев Диқан ауылының тумасы. Диқан ауылындағы төрт жылдық бастауыш мектепте оқып, әрі қарай Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепте 10 сыныпқа дейін оқиды. 10 сыныпты қазіргі Шақпақата ауылындағы С.Киров атындағы орта мектепте оқып бітіреді.
Мектептен соң Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істейді. Әскер қатарында болып, елге келген соң Тараз қаласындағы жылу жүйесінде 45 жыл жұмыс істейді. Мамандығы – инженер-құрылысшы. Жылу жүйесінде ұзақ жыл бас инженердің орынбасары болып еңбек етеді.

-Өнертапқыш жерлесімізге қойылар алғашқы сұрақ – өнертапқыштық қабілетіңіз қалай пайда болды?
-Өнертапқыштық қасиет маған жасым толып, ақылым орныққанда пайда болды. Жұмыс істеп жүріп, оның сан қырлы тәсілімен танысып жүріп, «Осы жұмысты жеңілдетудің қандай амалдары бар екен?» – деген сұрақ мені ылғи түртпектеп жүретін.
Кеңес дәуірінде – «Тәжірибе алмасу», «Біліктілікті жоғарылату» деген бағдарламалар бойынша бізді әр жерге, бір айдай мерзімге, оқуға жіберіп тұратын. Мекеме басшылары техникаға жақындығымды байқап, осындай оқуларға мені жиі жіберетін. Сонымен, мен бір айлық «Біліктілікті жоғарылату» бағдарламасымен Киев қаласына оқуға баратын болдым. Қарамағымда істейтін Щевченко деген кісінің туыстары Киев қаласында тұратынын білетінмін. Оның ағайындарымен араласпай кеткеніне 30 жылдай уақыт болыпты. Щевченкодан туыстарының мекенжайын алайын, біріншіден, менің Киевте танысым жоқ, бір жағдайларда керек болып қалар. Екіншіден, 30 жылдай араласпаған ағайындарды табыстырып, дәнекер болайын деген оймен, олардың мекенжайларын жазып алдым.
Сонымен Киев қаласында білімімізді жетілдіріп жатырмыз. Қазақстаннан менен басқа келген адам жоқ екен. Оқудан бос уақытта әсем қаланы аралап, сәулетімен танысып жүрмін. Бірақ, әңгіме өнертапқыштық жайында болған соң, оқырмандарға тек осы салаға қатысты әңгімемді айтып берейін. Бір күні Щевченконың туыстарына кіріп-шығуға шешім қабылдадым. Базарға барып, әртүрлі жемістер, сыйлықтар алып, ағайындарының үйіне келдім. Барсам, Щевченконың сексен беске келіп қалған шешесі, інісі және інісінің бала-шағасы, бәрі түгел үйде екен. Мен қайдан келгенімді айтып, анасына баласының тірі, оның біздің мекемеде жұмыс істейтінін, жұмыста сыйлы екендігін айттым. Туыстары, әсіресе шешесі қатты қуанып қалды. Мекенжайын жазып алды. Сөз арасында мен Жамбыл деген қалада су жылытатын, бу беретін қазандықта жұмыс істейтінімді, осында оқуға келгенімді де айтып бердім. Айтқаным жақсы болыпты. Себебі, Щевченконың інісі осы қазандық саласын зерттейтін лабораторияда жұмыс істейтін болып шықты. Ондай лаборатория Кеңес Одағы бойынша екі жерде бар екен. Бірі – Киевте, екіншісі – Мәскеуде. Мен қуанып кеттім. Қазандықтың жобасын жасайтын лабораторияны көргім келді. Ол кісіден өтініп, мені сол лабораторияға кіргізсе, мен көмірді жағудың жаңа тәсілімен таныссам деген ойымды жеткіздім. Ол лабораторияға бөгде адамдарды кіргізу өте қиын, бірақ өтінішімді аяқ асты қылмайтынын айтып, мені шығарып салды. Арада үш күн өткен соң, Щевченконың інісі мені оқудан алып кетіп, лабораторияға кіргізді. Шеберханаға кірсек, егде жасқа келген екі кісі қазандық ошағына көмір жағып жүр екен. Киген киімдері – жұмысшы халаты. Өздері күректі алып, анда-санда ошаққа көмір салып қояды. Әртүрлі құрылғылардан қарап, жану кезеңін тексеріп, журналдарына жазып жатыр. Мен бұл кісілерді осы қазандықтың от жағушылары деп түсіндім. Щевченконың інісі мені осында қалдырып, өз шаруасымен кетті. Мен от жағып жүрген кісілермен әңгімелестім. Олар менен қайдан келгенімді, қандай жұмыс істейтіндігімді, бізде қандай қазандықтар бар екенін, көмірді қалай жағатынымызды сұрап жатыр. Мен білгенімді айтып, сұрақтарына жауап беремін, өзім де керегімді сұрап қоямын. Сондағы сұрағаным: ғалымдар көмірді жағудың жаңа тәсілін ойлап тапты ма? Тапса, ол қандай тәсіл? Мен сол тәсілді жұмыста пайдалана аламын ба? Әлгі кісілердің бірі «балам»,- деп сөйлеуге әдеттенген екен.
– Балам, көмірді жағудың түрлі тәсілдері бар. Ғалымдардың ойлап тапқан ең тиімді тәсілі – көмірді ұн сияқты үгітіп, қазанның ошағына жақсаңыз, көмірдің бәрі жанып кетеді, күл қалмайды және ошақтың қуаты өте күшті болады. Бірақ, бұл тәсіл өте қымбатқа түседі. Себебі, көмірді үгіту, оны кептіру, жоғарғы қысыммен ошаққа беру керек. Сол үшін бұл тәсілді арнайы қазандықтар болмаса, көбіне қолданбаймыз. Ал енді сен білетін тәсіл- көмірді майдалап ошақтың ішіне беру. Ошақтың да әр түрі бар. Тағы бір тәсілі – көмірді ауамен үрлеу немесе көмірді жанған кезде көтеріп тұру, орысша «кипящий слой» деп атайды. Бұл тәсілде көмірдің бәрі жанып кетпесе де, жану сапасы жоғары болады,- деп маған кобра жыланның көтерілген басы сияқты ауа үрлейтін құбырларды көрсетті. Мен бұл тәсілді естігенмін, бірақ көргенімнен түк түсінбедім. Бір кезде Щевченко келіп: – Ал, Аюбаев жолдас, танысып болсаңыз қайтайық,- деді. Мен әлгі кісілерге рақметімді айтып, Щевченкоға ілесіп, лабораториядан шығып кеттім. Жолда Щевченко маған:
-Сіз кіммен сөйлескеніңізді білесіз бе?- деді. Мен білмейтіндігімді және оған аса мән бермегенімді айттым. Щевченко маған әлгі жұмысшы халатымен ошақ жағып жүргендердің бірі – профессор, ал екіншісі – ғылым кандидаты екенін айтқанда мен таң қалып, орыстың, оның ішінде әсіресе жоғары лауазымдағы кісілердің, ғалымдардың сондай қарапайымдылығына риза болдым. Шіркін, бізде де солай болса деген қиял санамнан жүгіріп өтті. Бір жылдары, ұмытпасам 1988 жылы, Семей облысының Бородулиха ауданында республикалық семинар өтетін болды. Әдеттегідей, семинарға мені жіберді. Бас қосуға әр облыстан жылу жүйесі, соның ішіндегі қазандық мамандары жиналыпты. Энергетика саласының адамдары да бар. Семинарда бізге көрсеткені – жергілікті өнертапқыштың көмір жағатын ошағы. Көмірді жағу тәсілінің мағынасы – ошақтың түбінде орналасқан ауа беру құбыры. Сол құбырға ауа үрлейтін форсункалар қойылыпты. Көмір өте қатты жалынмен жанады және күлі аз шығады екен. Осы кезде мен Киевті, өзім көрген жыланның басы сияқты құбырларды және маған сабақ берген ғалымдарды есіме алдым. Бір жаңалық ашқанымды сезе қойдым. Ертерек Жамбылға жетейін. Барған соң көргенімді жаңартып жаңалық ашайын. Менің жаңалығым Семейде және Киевте көрген жаңалықтан анағұрлым артық болады – деген сезім мен талабымды көкке жеткізгендей күйге ендім. Өнертапқыштыққа қатты қызығушылығым осылай Семейде басталды. Елге жеткен соң, өнертапқыштық ісіне шындап кірісіп кеттім. Өнертапқыштың кедір-бұдыр, өте қиын жолдарымен жүруге мәжбүр болдым. Түн ішінде оянып кетіп: «ойпырым-ай, ойлаған құралымның мына жері қалай жұмыс істейді екен, осыны түзеп жіберейінші», – деп үстелдің үстінде қағаздармен отырғанымды әйелім талай рет көріп: -Марат, ертең жұмысқа барасың ғой, жатып демалсаңшы, – дейтін.
Жаңалықты ашуын ашқан соң, оны «Казпатентке» жіберу керек. Ол үшін сенің тапқан жаңалығындай жаңалық жер шарының еш елінде болмауы керек. Ал, егер болса, сенің тапқан жаңалығың сол жаңалықтан ерекше артық болуы керек. Жаңалықты сипаттайтын, оның басқа жаңалықтардан ерекшелігін атап көрсететін ережелер, формулалар, оның суреттемелері қатесіз жазылуы тиіс. Қай салада пайдалануға болатынын да жазып, патенттік арызыңыздың құнын төлеп, тиісті мекенжайға жібересіз. Жаңалықты жіберіп болған соң, бір-бір жарым жылдан соң, «Казпатенттен» мына жері дұрыс емес, мына жердің суреті түсініксіз деген сияқты ескертпелер мен сынаулар келеді. Сынақтарға жауап жазып, «Казпатентті» толық қанағаттандырсаңыз, «Сіздің тапқан жаңалығыңыз сарапшылардың шешімімен «жаңалық» деп танылды. Екі жылдық патент ақысын төлеп, бастапқы патент алуыңызға болады», – деген жақсы хабар келеді. Патент беріліп болған соң, сіз тапқан жаңалықтың күші жоғалмауы үшін, патентіңіз үшін, жыл сайын ақша төлеп отырасыз. Төлемесеңіз – ашқан жаңалығыңыздың күші жойылады. Жаңалығыңыздың сізге ешқандай табыс әкелмегендігімен олардың ісі жоқ.
-Қазірге дейін қанша жаңалық аштыңыз?
-Қазірге дейін өзім және немерем екеуміз бірлесе отырып, ғылымның әр саласына қатысты 25 түрлі жаңалық аштық. Және оның барлығына патент алдық.
25 түрлі жаңалықтың ішінде жетеуі тілсіз жау өртке қарсы.
2010 жылы Қазақстанның сол кездегі Премьер-министрі Кәрім Мәсімов: «Қазақстанда өртке қарсы техникаларды жетілдіру керек» деген екен. Арада біраз уақыт өткен соң Ресейден өрт сөндіру машиналарын сатып алады. Оның біреуінің құны – 180 млн теңге. Оны Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларындағы өрт сөндіру пункттеріне пайдалануға береді. Менің қолымда бұл машинадағы құрылғы суды 165 градусқа дейін көтере алатындығы жазылған екен. Су қазандығы машинаның ішінде орнатылған. Сол қайнаған сумен өртті сөндіреді екен. Бір рет су толтырылған су 30 минут пайдалануға жетеді делініпті.
Өрт – тілсіз жау. Өзім бұл саланың маманы болмасам да осы апатты ауыздықтау үшін немерем екеуміз «Көпсалалы Аюбаевтар өрт сөндіру машинасын» ойлап таптық. Қазір жер жүзінде қолданыста жүрген өрт сөндіруші машиналар ары кетсе, жарты сағат сайын су толтырып отыруды қажет етеді. Ал, біздің жасаған машинамыз бір рет толтырылған сумен 20 сағатқа дейін тоқтамай жұмыс істей береді. Ол химияның, физиканың, биологияның заңдарына негізделген. Физиканың заңында «1 көлем судан 5000 көлем бу алуға болады» деп жазылған. Біз осы заңдылықты негізге ала отырып, жеті түрлі тәсілмен жұмыс істей алатындай етіп жасап шығардық. 2014 жылы бұл құрылғыларды сынақтан сәтті өткіздік. Бұл сынаққа өрт сөндіруші мамандар, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, Алматыдағы «Азаматтық қорғаныс және өрт қауіпсіздігінің арнайы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері бар, әр саланың мамандары келіп қатысып, жоғары бағаларын беріп, «бұл машина өте қолайлы әрі икемді, мұны әлі жетілдіріп шығару керек» деген қорытынды шығарды. Осыдан кейін «Шапағат- 2015» республикалық байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алдық. Бізге берілген құжаттарға үш министр қол қойып, мөрлерін басты.
Бұл машинаны жасап шығару, қолданысқа енгізу үшін талай жылдан бері бармаған жерім, қақпаған есігім қалмады.
Оңтүстіктегі Ленгер машина жасау зауытының адамдары: «Бұл машинаны жасап шығаруға қызығушылық танытып отырмыз. Тек қаржылық жағынан қолдаушылар болса» деп хат жазды. Алайда қалалық, облыстық әкімшілік тарапынан ешқандай қызығушылық болған жоқ.
Республикалық конструкциялық бюроның қызметкерлері де бұл жобамды жан-жақты зерттеп, жалпы конструкциялық жобасын жасап, сызып беруге келісім берді. Алайда оған да ешқандай қаражат табылмады.
Біз бұдан кейін осы тәсілдерді қолдана отырып, өрт сөндіруші тік ұшақтың жобасын жасап шықтық. Бұл тікұшақ та бір рет құйылған сумен 20 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істей алатын қуаты бар.
-Жаңа өрт сөндіруге қатысты жеті жаңалығым бар дедіңіз. Енді сол жаңалықтарыңыз жайлы айтыңызшы.
-Елімізде оқыс оқиғалар жиі болып тұрады. Мәселен, Алматы, Шымкент қалаларының базарларында өрт болып, кәсіпкерлер орасан шығынға батып жатады. Мен осы мәселені ойлана келіп, сауда орындарында, автотұрақтарда өрттің алдын алатын, өртті болғызбайтын жаңалықтарды ойлап таптым. Бұл әдістерді жүзеге асыратын болсақ, әлем алдында абыройымыз асқақтап, адамзатқа пайдамыз тиер еді.
Өздеріңіз білесіздер, Меркіде жанармай стансасында өрт болғанда тіпті адам шығыны болды. Мексикадағы, Украинадағы жанармай қоймаларында алапат өрттерден де талай адам қайтыс болды. Соларды көрген соң көп ізденіс жасадым. Өрт қауіпсіздігіне қатысты белгілемелер мен талаптарды зерттей келе біздің өрт қауіпсіздігіне қатысты заңдарымызды өзгерту керек деген ойға келдім. Біздегі белгілемелер бойынша «жанармай стансасының шатыры, апат болған кезде тез атылып кететіндей болып жасалуы керек” екен. Яғни, жарылыс бола қалса, оңай ашылып, ажырап кетуі керек дегені ғой.
Ғаламтордан жанармай қоймаларында өрт немесе жарылыс болған кезде қоймалардың шатыры 30-40 метрдей биіктікке атылып кететінін көрдім. Бұл әжептеуір салмағы бар дүние ғой. Ол қайтадан жерге түскен кезде жан-жағын қиратып жіберетіні анық. Ол өртті одан әрі ұлғайтып, шығынды молайтуға соқтыратыны белгілі. Міне, бұл жерде заңның дұрыс еместігін аңғаруға болады.
Мен жылу энергиясы саласында 45 жыл жұмыс істедім. Ол жерлерде де жылу мен бу қазандығында жарылыс болып тұрады. Олар да газ, мазут жағады. Сол қазандықтарда аморофкасы бұзылып қалмауы үшін қазандықтың үстіне клапан қойылады. Жарылыс болған кезде клапан ашылады да, іште пайда болған қысымды сыртқа шағарады. Біз жанармай қоймасын да осы тәжірибені қолдансақ, жарылыстың зардабын азайтуға болады деп есептедік. Яғни, жанармай құйылған цистернаға аздап өзгерістер енгізу керек. Сонымен қоса қауіпсіздік шараларына қатысты белгілемелерді де өзгерту керек.
Енді өртті сөндіру тәсіліне көшейік. Қазіргі тәжірибе бойынша өрт сөндіруге көбік қолданылады. Химияда отқа жанбайтын әрі жануды болдырмайтын биогаздар бар. Бұлардың түрлері көп. Кейбір биогаздар ауадан ауыр болады. Мысалы, көмірқышқыл газы ауадан 1,5 есе, аргон 2 есе, криптон 3 есе, ксенон 5 есе ауыр. Осындай ауыр газдарды пайдалану арқылы өртті болдырмаудың тәсілін жасадық. Жанармай қоймасының үстіне баратын труба арқылы осындай инертті газды жіберу керек. Өрт болған кезде датчик клапанды ашуға бұйрық береді. Клапан ашылғаннан кейін инертті газ ішке енеді. Сол арқылы жанармайдың жануына жәрдем беретін оттегін жоғары қарай ығыстырып, ауыр газ жанармайдың бетіне жиналады. Мұндай неғұрлым ауыр газды қолдансақ, өнім сонша тез әрі жақсы болады.
Қысқасы, оттегіні жоғарыға ығыстырып жібергенде жану тоқтайды. Ары кетсе, 2-3 минут. Мен сынақ жасаған кезде жарты минутта сөнген еді.
Бұл әдісті қолданар болсақ, жанармай сақтайтын қоймаларда өрт болған кезде шығын болмас еді. Өзінен өзі өшеді. Алғашқы сәтте ары кетсе, 5-10 литр шығын болуы мүмкін. Жанармайдың сапасы да өзгермейді.
Мұнда жанармай сақтайтын ыдыстың ішіне сұйықтықты жібермей тұрып, сол көлемге жететіндей ауыр газды жіберіп алып, содан соң жанармайды құйсақ, ауыр газ майдың бетіне қалқып жүреді де оттегінен ауашалап тұрады. Сосын өрт болған кезде жаңағы тәсілмен тағы да жіберуге болады.
Бұл әдісті 2019 жылы сынақтан өткізіп, жоғары баға алдық. Яғни, М.Х.Дулати атындағы университетінің мұнай-газ, механика факультетінің ғалымдары оң бағасын берді.
-Енді бұл жаңалықтарыңызға мемлекет тарапынан қолдау жағы қалай болып жатыр?
-Бұл жағын қарастырамын деп ашпаған есігім, бармаған басшым қалмады десем болады
Кейбіреуіне 20 жылға таяды. 2014 жылы ашқан жанармай қоймасындағы өртті сөндіру туралы жаңалығым жайында толығымен баяндап, министрлікке хат жазғанмын (аға хаттарын көрсетті). Былтырғы бір хатыма Төтенше жағдайлар министрі Юрий Илин: «Инертті газдарды пайдалана отырып өрт сөндіру халықаралық тәжірибеде қолданылмаған нәрсе. (Сол үшін патент алып отырмын ғой). Сондықтан біз тәжірибеде қолданылып отырған көбік арқылы өрт сөндіру тәсілін пайдалана береміз» деп жауап берді. Жанармай қоймасындағы өртті көбікпен сөндіргеннің өзінде аман қалған майдың сапасы мүлде бұзылатындығы, оны өңдеу үшін қыруар қаржы кететіндігін ұмытпаңыз.
ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі М.Күлдіков: «Инновациялық идеяларды, технологияларды енгізу және ілгерілету рәсімі Министрліктің құзіретіне кірмейді» деп жауап берді.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің берген жауабында: «Бу энергиясы мен ашық жердегі өртті ірі даму үстіндегі өртті сөндіруге қолдану мүлдем тиімсіз. Бумен өшіру тәсілі адамдардың денсаулығы мен өміріне, әсіресе өрт сөндірушілерге қауіп төндіру деңгейі өте жоғары»,- дейді. Бұл жауапты жазғандар менің тәжірибем туралы арнайы мамандардың бағасын мүлде қарамаған да, білмеген. Сондай-ақ, «Электр энергиясын көп тұтынады» депті. Менің ойлап тапқан машинама қалыпты температураны сақтап тұру және көтеру үшін бар-жоғы бір лампаны жарықтандыруға кететін энергия шығын болады.
Сонда бұлар қандай адамдар? Пайдалы ұсыныстарды кәдеге асырмасақ, өртті қалай сөндіріп, шығынды қалай азайтамыз? Осындай адамдардың немқұрайдылығы, жауапсыздығы, білімсіздігі мені қатты қажытты.
Осы арада Баукеңнің бір әңгімесі есіме түсіп отыр.
Бауыржан Момышұлы менің туған нағашым болады (менің анам Баукеңнің әпкесі). Осыдан 45 жыл бұрын Баукең біздің үйге келіп, бір аптадай жатты. Ол кезде менің жасым 30-да еді. Нағашым менің жазып-сызып жүрген қағаздарымды байқап көріп қалыпты. Бір күні жұмысқа кетіп бара жатыр едім, «Ей, Марат! Бері кел!» деді төсекте жатып. «Көке, не болды?» деп қасына бардым. Бетіме тесіліп қарап жатты да: «Сен болашақта анау істеріңді алға жылжыту үшін үш кедергіге жолығасың. Бірінші кедергі – басында ноқаттай миы жоқ, қанша айтсаң да, қанша жазсаң да түк түсінбейтін, бірақ өзін данышпан санайтын «Маубасқа» жолығасың. Екінші кедергі – жұмысты шала істейтін, бірақ істеген адамға кедергі жасап, аяқтан шалатын «Жаубасқа» жолығысың. Үшінші кедергі – өзін биік санайтын, басқаларды елемейтін «Таубасқа» жолығасың. Осы үш кедергі алдыңнан шығады. Солардан қорықпай жеңіп шығуға тырыс» деді. Мен: «Көке, сіздің айтқаныңыздан түк түсінбедім. Олармен жолығу пешенеме жазылған, болса, уақытында көрермін» дедім. Баукең бетіме қарап тұрды да «Ә, жұмысыңа бара бер. Кейін ұғарсың» деді. Баукеңнің айтқаны айнымай келді. Қазақстанда «маубас, таубас, жаубастар» тіпті көбейіп кетіпті.
Жақында Төтенше жағдайлар министрлігінің шақыртуымен Нұр-Сұлтанға барып қайттым. Менің Президенттің, депутаттардың атына жазып жатқан хаттарымның әсері болуы керек. Министрліктен шақыртты.
Мен өрт сөндіруге қатысты техникаларым мен әдістерімді толық баяндап бердім. Соңында «сұрақтарыңыз болса, қойыңыздар» дедім. Бірақ, ешқандай сұрақ болған жоқ. Екі күннен кейін министр қайта шақыртты. Жанында біраз адамдар болды. Сосын маған: «Осыларды жасап, өндіріске енгізу үшін керекті қаражаттың мөлшерін есептеп шықсаңыз» деді. Мен: «Мен жасым келген адаммын. Оның үстіне бұл саланың маманы емеспін. Мұндай құжаттарды жасап шығу маған қиын болады. Осыған өздеріңіз көмектесіңіздер» дедім. Олар ақылдаса келе Тараздағы Дулати атындағы университеттің адамдарына хат жазып, осы машинаның алғашқы данасын жасап шығаруға атсалысуын өтініп, тапсырыс берейік деді. Мен мұны дұрыс шешім деп есептеймін. Президентке жазған көп хаттарым енді ғана министрдің, ал оның жазған хаты облыстағы адамдардың назарын аударып жатыр. Енді не нәтиже болатынын алдағы уақытта көреміз.

-Жаңалықтарыңыз өндіріске енгізіліп, еліміздің ғылым мен білім саласына үлес болып қосылуын тілеймін!
Ісіңізге сәттілік серік болсын!

Өнертапқыш жерлесіміз «Өнертапқышты өлтіру немесе заң… кемшіліктері» және «Жуалы – жердің жайлауы» атты екі кітап жазған екен. «Өнертапқышты өлтіру немесе заң… кемшіліктері» атты кітабында ашқан жаңалықтары негізінде жасаған тәжірибелері, оларды өндіріске енгізуге қолдау сұрап жазған хаттары жазылған. Сөз соңында автор: « Оқырманға, болашақ ұрпаққа айтарым – осы мақаламды, әңгімемді оқыған соң, бір түйін жасаңдар. Егер менің көзім жұмылып кетсе, болашақта менің ізімді, ойлап тапқан жаңалықтарымды жалғастыратын, оны іс жүзіне асыратын адам табылар деп армандаймын. Керек болса, жаңалықтарымды, құжаттарымды дайындап қойдым. Әйеліме, балаларыма тапсырдым. Іздеген кісі тауып алар. Ал егер менің көзім тіріде мені түсініп, маған қол ұшын беретіндерге айтарым – менің есігім Сіздерге ашық» дейді.
Екінші «Жуалы – жердің жайлауы» атты кітабында ауылы мен ауыл адамдары, нағашысы Баукең жайлы және шешендік өнер, имандылық, тапқырлық, шешімді дұрыс қабылдап үйрену туралы, т.б. жас ұрпаққа берері мол құнды дүниелер жазылған. Сондықтан жерлесіміздің еңбегімен танысып, жас ұрпақ үшін кітап етіп шығуына себепші боламын деген жандар болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close