El іshі
Электр желілері мен жабдықтары жаңғыртылуда
Ауданның бірқатар елдімекендерінде тұрғындар тарапынан энергетика саласындағы электр бағандары мен сымдарының тозығы жетуі салдарынан ауа-райының қолайсыз мезгілдерінде электр жарығының өшіп қалуына немесе кернеуінің төмендеп кетуіне қатысты шағымдар жиі айтылатын. Осы аталған проблеманы шешу үшін ескірген электр бағандарын жаңасына және қосалқы электр станцияларын қуаты жоғарысына айырбастау қажет еді.
Атқарушы органдардың халық алдындағы есеп беру жиындарында аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшылары көбіне уәде беріп, кемшіліктердің түзелетініне сендіретін. Жылда қайталанатын осы сын-ескертпелерді жою мақсатында мекеме өз мүмкіндігі шегінде жұмыстар атқаратын.
– Аудан энергетиктерінің халыққа қызметі туралы сөз қозғамас бұрын оларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, ұжымның іскерлігі мен ынтымағын арттыру, жемісті жұмыс жасау біздің басты бағытымыз деп есептеймін. Сонымен қатар аудан халқына қызмет ету бұл біздің тарапымыздан елдімекендерге үздіксіз электр энергиясын беру, апаттық жағдайдан қалпына келтіру және халқымыздың мұң-мұқтаждарын орындау болып табылады. Өзім осы салада еңбек ете жүріп, өткен жылдың маусым айында Байзақ ауданынан Жуалы ауданына ауысып келіп, ауданның энергетика саласының тыныс-тіршілігімен танысып, елді мекендерді аралап, кемшіліктерін жөндеу жұмыстары талап ететін учаскелерді толық көріп шықтым.
Ауданымызда игерілген жұмыс жетерлік, игерілетін жұмыстар одан да көп. Мәселен, аудан азаматтарынан күнделікті түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі энергияның жетіспеушілігі, тағысын тағы басқа ұсыныстар көп.
Мекемеде 2020 жылға жоспарланған күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен атқарылды. Атап айтқанда, 35 кВ ӘЖ-нің 5 шақырымы, 10 кВ ӘЖ-нің 75,4 шақырымы, 0,4 кВ ӘЖ-нің 72,3 шақырымы, бірқатар қосалқы станциялар күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар 35 кВ ӘЖ-нің 46,88 шақырымы, 10 кВ ӘЖ-нің 300,4 шақырымы, 0,4 кВ ӘЖ-нің 263,4 шақырымы ағымды жөндеуден өткізілген.
«Жамбыл электр желілері» ЖШС бекіткен 2021 жылға арналған аймақтағы электр желілері мен жабдықтарын күрделі және ағымды жөндеу кестесіне сәйкес Жуалы аудандық электр желілерін тарату мекемесі бірқатар елдімекендердегі шіріген және тозығы жеткен электр бағандарын ауыстыру және электр жабдықтарын жаңғырту жұмыстарына кірісті.
Аудандағы әуе электр желілерінің жалпы ұзақтығы 920,2 шақырымды құрайды десек, оның 149,83 шақырымы 35 кВ, 407,2 шақырымы 10 кВ, 363,2 шақырымы 0,4 кВ әуе электр желілері. Аудан аумағында оларға 188 дана қосалқы станциясы қызмет көрсетеді.
Биылғы жылы 10 Кв әуе электр желісінің 13,7 шақырымы күрделі, 104,5 шақырымы ағымды, ал 0,4 Кв әуе желісінің 15,7 шақырымы күрделі, 110 шақырымы ағымды жөндеуден өткізілуде. Бүгінде аталған әуе желілеріндегі жөндеу жұмыстары 35-40 процентке орындалып отыр. Сондай-ақ 0,4 кВ КТП-10 қосалқы станциясының сегізін күрделі жөндеуден өткізу көзделген болса, бұл жұмыстар 44 процентке, ағымды жөндеу жоспарланған тағы сегізінің ағымды жөндеу жұмыстары 42,1 процентке атқарылды. Электр желілеріндегі жөндеу жұмыстары жалғасуда, – дейді аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басқарушысы Рабат Полатұлы Сәрсенов.
Мекеме басқарушысының айтуынша, тұрғындардан электр қуатына шағымдар жиі түсетін таулы өңірдегі Қошқарата және Көлтоған ауылдары арасындағы 35/10 кВ қосалқы станциясындағы байланыс фидері бойынша Боралдай ауылдық округіндегі Рысбек батыр ауылындағы 0,4 кВ ӘЖ-дегі, КТП 108, 235 қосалқы станцияларындағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал жоғарыда аталған екі қосалқы станциядағы тіреулерді айырбастау астық жинау науқаны аяқталғаннан кейін орындалатын болады.
Тұрғындардан кернеудің төмендігіне қатысты арыз-шағымдар қабылданып, кернеуді қалпына келтіру, жоғарылату жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Бауыржан Момышұлы, Шақпақ ауылдық округінің Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында, Шақпақата ауылының екі көшесінде, Жетітөбе ауылдық округі Шыңбұлақ ауылының екі көшесінде, Ақтөбе ауылдық округінің Жаңаталап ауылында, Нұрлыкент ауылдық округі Нұрлыкент ауылының Н.Замбаев көшесінде төмен электр кернеуін жоғарылату үшін шаралар қолданылса, Қарасаз ауылдық округі Қарасаз ауылының екі көшесіндегі 17 тіреу ауыстырылды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табуда.
Қазіргі таңда Боралдай ауылдық округінің Рысбек батыр, Көлтоған, Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ елді мекендеріне баратын ВЛ-10 кВ желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, аудан орталығымен іргелес Көлбастау ауылының Д.Қонаев, Ә.Байтоқов көшелеріндегі төмен кернеулікті қалпына келтіру үшін №15 КТП қосалқы станциясын Д.Қонаев көшесіне ауыстыру жоспарлануда. Оған қоса Жетітөбе ауылдық округінің Майбұлақ ауылындағы төмен кернеулік мәселесі де жоспарға енгізіліп отыр.
-Жылдың аяғына дейін жоспарланған жұмыстарды орындап шығуға тырысамыз. Одан бөлек, аудан орталығындағы ұзындығы 27,3 шақырымды құрайтын 220/35/10 кВ «Бурное» қосалқы станциясының 10 кВ әуе желісін бағандарға шығып, тексеріп қарайтын боламыз.
Өткен жылғы жөндеу жұмыстары барысында 0,4 киловольтты әуе желісінде 22 бағана, 10 киловольтты әуе желісінде 33 бағана және 65 дана темірбетон тіреуіштер ауыстырылса, биыл жалпы саны 498 тіреу айырбасталмақ. Одан бөлек, шіріген 10 ағаш тіреуді темір бетонға айырбастау жоспарланып отыр. Аталған жұмыстармен қат-қабат ауыл көшелеріндегі жарықтандыру жүйесі де жаңғыртылатын болады, – дейді Рабат Полатұлы.
Мекеме басқарушысы аудандағы электр желілері мен жабдықтарын жоспарлы жөндеу жұмыстарының өңірдегі энергетика саласының қызметін сапалы жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындарға электр қуатының үздіксіз берілуіне септігін тигізетініне сенімді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»