El іshі
Балалар «Тау самалында» демалады
Өткен аптаның жұмасында ауданымыздың 200 оқушысы Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» жазғы сауықтыру кешеніне жіберілді.
Орталық алаңға таңертеңнен төрт автобус қойылып, ата-аналар балаларын осында алып келді. Алаң бір сәтте балалардың шат күлкісіне, у-шуына айналды. Ата-аналар балаларының біраз күнге жырақтауына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Ақыл-кеңестерін айтып, тәртіпті болуға шақыруда. Ауданға қарасты мектептерден келген балалар демалыс кешеніне бара жатқандарына дән риза.
Орталық алаңдағы абыр-сабыр сәтке, осындай көріністерге біз де куә болып, ата-аналарды, балаларды және ұйымдастырушыларды сөзге тартқан болатынбыз.
Балнұр Қойшыбайқызы, Бақалы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана:
-Ұлым Ерасыл биыл С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 7 сыныбын аяқтады. Менің жалғызбасты әрі көпбалалы ана екендігімді ескеріп, баламды жазғы демалыс лагеріне жіберуде. Балам лагерьге бірінші рет бара жатыр. Сондықтан мұндай жақсы жаңалықты қуана қабылдадық. Өйткені, лагерьге барып, ортаға қалыптасып, жаңа достар табады деп ойлаймын. Табиғат аясында таза ауамен тыныстап, жақсы жағынан өзгеріп келеді деп күтемін. Түрлі жарыстарға, іс-шараға қатысып, өзін басқа қырынан көрсетеді деген сенімдемін. Балама «тәртіпті бол, жылы жүр, жаңа достар тап» деп ақылымды айтып жіберіп отырмын.
Ақниет Сайлау, №1 мектеп-гимназиясының оқушысы:
-Жазғы демалыс кешеніне екінші рет баруым. Алғашқы барған шағымда ол жақтан жақсы әсер алып қайтқан болатынмын. Енді, міне, биыл тағы да ата-анам рұқсат беріп, мектеп ұжымы да менің жазғы демалысымды жақсы өткізуіме септігін тигізуде. Ол жақтан өзіме жаңа таныстар, достар тапқан болатынмын. Биыл да жақсы демалып қайтатыныма сенімдімін. Өйткені, онда балалардың жақсы демалуы үшін жағдай жасалған. Тәлімгерлер мен жауапты мамандар біздің әр күніміздің қызықты өтуіне күш салады. Бассейнге шомылып, тауға шығып, түрлі үйірмелерге қатысатын боламыз. Барша балаларға сәттілік тілеймін!
Ғалия Сертекова, «Тау самалы» жазғы сауықтыру кешенінің басшысы:
-Тау баурайында жатқан лагерь – өзінің ерекше көрінісімен көз тартады. Қаншама баланың тағдырын тоғыстырған мекен – жастардың алтын көпіріне айналған. 2-ауысымда ауданның балғын балаларын демалуға алып бара жатырмыз. Ол үшін 12 күнге арнайы жоспар бекітілді. Жоспар бойынша балалармен сауықтыру, туризм, патриоттық тәрбие және тағы басқа да бағытта жұмыстар жүргізіледі. Балалар табиғат аясында серуендеп қана қоймай, спорттық шараларға қатысып, бақ сынасатын болады. Патриоттық шаралардың көптеп өткізілуі, өз кезегінде балалардың болашақта тұлға болып қалыптасуына септігі бар.
Аптасына бір рет тауға серуенге шығатын болады. Сонымен бірге, еліміздегі айтулы күндерге байланысты іс-шаралар көптеп өткізіледі. Экологиялық таза ауа болған соң, туған жердің тарихынан сыр шертетін боламыз. Екі бассейн бар. Бес мезгіл тамақ беріледі. Балалардың денсаулығына және қауіпсіздігіне жауапты медицина және құқық қорғау қызметкерлері бар.
Балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінеді. Олармен жұмыс жасайтын тәлімгерлер мен педагогтар бар. Тәлімгерлер арнайы педагогикалық білімі бар мамандар. Еңбек өтілі бар, жазғы сауықтыру демалыстарында жұмыс істеген жастар тартылды.
Қазіргі еліміздегі эпидахуалға байланысты мамандар вакцина алған немесе ПТР тест тапсырғандар. Балаларды көруге ата-аналар және бөгде адамдар ішке кіргізілмейді. Балалар да ПТР тест тапсыру арқылы қабылданды. Барлық дезинфекциялық құралдар жеткілікті. Тазалық жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.
Ата-аналармен байланыс қашықтан орнатылатын болады. Әр топтың балаларының ата-аналарына арналған арнайы Whatsapp-тан чат ашылады. Чатқа балғындардың қалай уақытты өткізіп жатқандығы жайында фотосуреттер, бейнежазбалар жіберілетін болады.
Шолпан Қозыбекова, Жуалы аудандық білім бөлімінің әдіскері:
-Аудан оқушыларының жазғы демалысын қызықты өткізуді «Тілебай Т.Б» ЖШС міндетіне алып отыр. Бүгін өңірдің 200 баласын Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» жазғы демалыс кешеніне жібергелі отырмыз. Ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Балаларын лагерьге жіберу үшін дайындық жасады. Балаларына ПТР тест тапсыртқызып, соның нәтижесінде лагерьге қабылдануда. Биыл ауданнан көпбалалы, аз қамтылған, атаулы әлеуметтік алатын, асыраушысынан айырылған отбасылардың балалары демалуға жіберілді. Арнайы автобуспен әр мектептен келген жауапты ұстаздармен бірге балаларды орналастырып келеміз. Алдағы уақытта балғын балалардың демалысы қызықты өтіп, жақсы әсерде қайтатынына сенімдіміз.
Орталық алаңға жиналған оқушыларға Жуалы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ерназар Жүзбаев сәттілік тілеп, жақсы нәтижемен оралуға тілектес екенін жеткізді. Содан кейін балалар автобустарға отырғызылып, жазғы демалысқа аттанды.
Айгүл Қалымханқызы, «Жаңа өмір»