El іshі
Сары қымыз сапырып…
Қазақтың асханасын қымызсыз елестету мүмкін емес. Бұл ғажайып сары қымыз емге – дауа, шөлге – шипалы сусын. Ұлттық сусынның пайдасы мен құндылығын білетіндер үйінде жылқы ұстап, күбі ыстап, қымыз әзірлейді. Ондай қымыз әзірлеушілерді Қайрат ауылынан көптеп кездестіруге болады. Жаңашылдыққа құлаш сермеген бұл ауылда ұлттық құндылықтар барынша сақталған.
Сейітқасымовтар отбасының ұлттық сусынды әзірлеуді тұрақты қолға алғандарына бес жылдың жүзі болған. Олар екі сауынды жылқы ұстайды. Отағасы Мұхаммед Сейітқасымов Б.Момышұлы мемориалдық музейінде жұмыс істесе, отанасы Рабиға Аяпбергенқызы аудандық орталық ауруханада флюорография кабинетінде медбике болып еңбек етеді. Олардың Әлсейіт, Қуаныш, Мадияр есімді ұлдары бар. Ұлдарының үлкені қажылыққа барып қажы атанса, ортаншысы әскери қызметте, кенжелері Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 3 курс студенті.
Үйірілген балдай сары қымызды әркім әрқалай әзірлейді. Әркімнің өзіндік әдіс-тәсілі бар. Алайда қымыз әзірлеушілер ең бірінші тазалық пен сусынның дәміне аса мән береді. Өйткені, сусынның қаншалықты дұрыс дайындалғанын тұтынған көпшілік бағалайды. Рабиға апай да қымызды аса мұқияттылықпен әзірлейді. Қымызының дәмі де ерекше.
-Ең алғашқы жылдары қымызды тек өзіміз үшін әзірлеп жүрдік. Біздің әулет үлкен болғандықтан киелі қара шаңыраққа осы жерден өрбіген бүкіл ағайын-туыс жиналады. Сол уақыттары қонағымыздың алдына дәмді аспен қатар ұлттық суысынымызды қоямыз. Осындай кездері үйге келген қонақтар қымыздың дәмі ерекше екенін айтқан соң көпшілік қауымға молынан әзірлеуді қолға алған жайымыз бар. Міне, сол уақыттан бері күбімізден қымыз үзілген емес.
Жылқы сүтінің адам ағзасы үшін пайдасы көл-көсір. Сүтін жылыдай ішіп, түрлі ауруларға ем ретінде пайдаланады. Үйімізден саумал ішетін адам көп. Оларға мына бағада сатылады деп те айтып, бір жүйелі баға қоймаймыз. Барға – қанағат. Елден артылған саумалдан күбіні ыстап, қымыз дайындаймыз. Ең алдымен күбіні жақсылап кептіреміз. Сауылған сүтін жинаймыз. Күбіні киікотымен ыстап, қойдың құйрық майымен жақсылап майлаймын. Қор әзірлеймін. Қорды өте мұқият сақтау қажет. Қымыздың дәмі қорына да байланысты. Сондықтан әркез дайындаған қымыздың қорын бұзып алмас үшін алып қаламыз. Сүтті күбіге құймас бұрын, қорды жылы жерге қойып, оның әбден ашуын күтіп, содан соң барып сүтпен бірге күбіге құямын. Сүт өте таза болуы керек. Сүт дұрыс тазаланбаса, қорың дұрыс болмаса сүт іріп кетеді.
Қымыздың бабын пісуі келтіреді. Нағыз тәтті сусын шығуы үшін бір күнде 5000 рет пісу керек. Бізде қазір қолдың жұмысы автоматтандырылған. Күндіз есік алдында электрлі піспекте пісіліп, түнде үйге кіргізіледі. Бүгінгі күні қысыр биені сауып, қыстың күні де қымыз дайындап отырмыз. Туған биелер күніге екі сағат сайын сауылады. Сауылу уақытын бұзбау керек. Түнде құлындарын қасына қосамыз, – дейді отанасы.
Істің көзін тапсаң, оның нәтижесі де болары сөзсіз. Рабиға апайдың үйінен тапсырыс берушілер үзілмейді екен. Аудан жұртшылығы күнделікті тұтынуымен қатар, той-томалаққа осы кісіден алады. Бұл отбасы тек пайда табуды емес, сондай-ақ өзгеге көмек қолын созуды да ұмытпайды. Олар қазіргідей сын сағатта, яғни індеттің жайлаған уақытында ұлттық сусынның тапшылығына қарамастан қымыз іздеп келушілерге тегін де берген. Аудандық орталық аурухананың қызыл аймақтағы медицина қызметкерлеріне 30 литр саумал жеткізген. Адамгершілік қасиетті биік ұстанған олар «қымыздың да өз садақасы болады. Ұлттық сусынның да киесі бар» дейді.
25 жыл отандасқан отағасы Мұхаммед аға бұл істе Рабиға апайға көмекші. Жұбайы жұмыста болғанда биесін сауып, саумал сұрағандарға бие сүтін беріп, күнделікті істі аяқсыз қалдырмайды. Ол «Ата-бабамыздан бізге жеткен ұлттық құндылықтар сақталуы тиіс. Ол үшін біз кейінгі жастарға жеткізуіміз қажет. Жанұямызда жұбайым екеуміз бірлесіп, осы істі бастап жүрміз. Әрине, айтқанға оңай. Алайда оның еңбегі қаншама. Соны бағалай білу керек. Үйдегі жылқылар құлын кезінен күтіп-баптаған жылқылардың тұқымы. Жақсы тұқым болғандықтан мал басын ұстап отырмыз. Шүкір, Алланың берген несібесімен Қамбар ата пірін ұстап, ұлттық сусынды дәріптеудеміз. Үйге келген адамға нанмен бірге қымызды ұсынамыз. Кезінде ата-бабаларымыз шөлдеп келген адам шөлін бассын деп сапырылған қымызын берген. Бұл бізге жеткен қазақы жөн-жоралғылар» дейді.
Бұл жанұяда тек қымыз әзірленбейді. Отанасы сиыр сауып, үйде сүт өнімдерін өз қолымен дайындайды. Әрдайым дастарқанына бауырсағы, құрт-ірімшігі, айран-сүті, қаймағы қойылады. Ұлыстың ұлы күнінде де ерекше дайындық жасап, қыстан аман шыққандарына шүкіршілік етіп, Наурызкөже таратып, құран оқытады. Көше тұрғындарымен бірлесіп, көше басында қазан көтеріп, мерекенің сәні Наурызкөжені ақ жаулықты аналармен бірге пісіреді. Ұлттық спорт ойындары ойнатылып, балалардың өнерлерін тамашалайды.
Биыл да Сейітқасымовтар отбасы Ұлыстың ұлы күнінде Құран оқытып, жыл бойына ақтың мол, елімізде тоқшылық, молшылық болсын деген ниетте Наурызкөже тарату ниетінде.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»