El іshі

Біз әділдікті талап еттік …

1986 жылдың ызғарлы желтоқсаны қазақ жұртының есінде мәңгі сақтаулы. Талай қазақ жастарының жүрегіне сызат түсіріп, жазықсыз жала жабылған желтоқсаншылар әлі күнге дейін ол күнді ұмыта алмады. Әр жыл сайын қаһарлы Желтоқсанның сол күндерін күңірене еске алады. Міне, содан бері 35 жыл өтті. Сол кездегі өрімдей жастар бүгінде ел ағасы, бір жанұяның отанасы атанды.

Мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп жүрген Қанатбек Жексембаев 1986 жылы Алматы қаласындағы Алматы политехникалық техникумының 4 курс студенті еді. Әсем қалаға Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ орта мектебінің 8 класын тамамдаған соң арман қуып барған. Ол Желтоқсан көтерілісіне алаңдағы көптеген қазақ жастары секілді өз талаптары мен тілегін білдіру үшін қатысқан.
-Техникумның тамақ өнеркәсібі саласының техник-механик мамандығында оқып жүрдім, – деп бастады әңгімесін Қанатбек Әділұлы. -Соңғы жыл болған соң бізде дипломдық жұмысты қорғау жүріп жатты. Ол кездері әр студентке бір жетекші тағайындалатын. 16 желтоқсан күні техникумға жетекшіме дипломдық жұмысым бойынша жолығуға бардым. Оқу орны бұрынғы Гоголь және Космонавтар көшесінің қиылысында орналасқан.
Сол күні күндіз қала ішінде ерекше тыныштық орнаған еді. Күндегідей емес, сабылысып, асыққан адамдар аз болатын. Жетекшімді күтіп тұрған кезде, қаскелеңдік досым Ғали Кемпіреков алаңда қазақ жастарының басшылықтан Дінмұхамед Қонаевты алып тастағаны үшін жиналып жатқандығын айтты. Оны ести сала бірден үйге қарай жол тарттым.
Мен қазақтың халық әртісі Рабиға Есімжанованың үйінде тұратынмын. Үйіміз бұрынғы Комсомол мен Бейбітшілік көшесінің қиылысындағы үлкен үйлердің бірі еді.Үйіміз алаңға бес-алты квартал төменде орналасқан. Үйге келіп, Рабиға апайдың баласы Арсенге естіген бар жағдайды жеткіздім.
Арсен ағамыз өте жанашыр, қарапайым әрі намысшыл азамат еді. Жанына ауылдық жерлерден келген студенттерді жинаған. Менің сөзімді ести сала, біздің алаңға шықпауымызды қадағалады. Қанша ашулы болса да, сабырлылық сақтады. Алайда оның досы, шешен ұлтының өкілі Аюп әр ұлттың басшысы өз ұлтынан болуы керек деген ойды алға тартты. Өзі ашулы болса да, біздің намысымызды оятып, жігерлендірді, – дейді Қанатбек аға.
Оның айтуынша, алаңға бес адам болып барған. Ондағы жиналған қалың халықты, ұрандатқан жастарды, ортада өртенген көліктерді, өрт көлігімен шашылған суды көреді. Ақ үйді қоршап алған жастардың талабы басшылыққа Д.Қонаевты қайта қою еді дейді. Ол алаңдағы жастардың қарасы көп болғанының куәсі болып, қазақ халқының рухшылдығы мен намысшылдығын сезінеді.
-Бұл күн әлі есімнен кетпейді. Суық әрі ызғарлы күн еді. Қыстың қақаған күнінде басымызға бас киім кимей шыққанбыз. Суықтан жаурағанымызды да сезбедік. Алаңда «Менің Қазақстаным» әні шырқалып тұрды. Жан-жақтан келген студенттер мен бейбіт шеруге шыққан жастарға қарсы тұрған бір топ арнайы жасақ сарбаздары. Қаншама жаралы жастар.
Бір кезде екі жақтан тастар лақтырыла бастады. Сол мезетте менің жанымдағы бір жігіттің басына тас тиіп, жерге құлады. Көтерілісте қазақ қыздарының қайсарлығының да куәсі болдық. Қыздар соғыстағы медбикелер секілді жаралы жігіттерге көмек көрсетіп жүрді.
Бірде мінберге биліктегі басшылар шығып, жастарды сабырға шақырып, біраз уақыттан соң олардың талаптарының жауабын айтатындарын жеткізді. Алаңға келген Арсен ағам, Ғазиз, Аюп және Раушан үшеуміз бір жерде қайта жиналып, Бейбітшілік көшесімен үйге қайтуға қамдандық. Сол кезде мінберге ел ағалары шығып, жастарды бейбіт жолмен тарауға шақырды.
Осы хабарландырудан соң алаңда айқай-шу, шыңғырған қыздардың дауысы, жігіттердің айқайы естіле бастады. Арнайы жасақ сарбаздары жан-жаққа қашқан жігіттердің артынан қуалай жөнелді. Бізде іле-шала қашып, үйге кіріп үлгердік. Бірақ, сол кезде біздің үйдің алдында қазақ жігітін жабылып ұрып жатты. Оны соққыға жыққаны соншалықты қолын аяқпен езіп, сындырып жіберген екен. Арсен ағам бізді үйге кіргізіп, жігітті арашалап әкелді. Осылайша, біраз жігітті құтқарып, біраз күнге дейін үйде паналатты. Кейіннен Арсен ағамызды ұстап, сұрақтардың астына алды.
Біз ешқандай фотокамераға түспей қалыппыз. Сондықтан бізге іздеу салынбады. Ал, алаңға шыққан достарымызды қудалап, оқудан шығарған кездер болды. 17,18 желтоқсан күндері де жастар қайтпай, екі күнде де дүмпулер болып жатты. Бірақ та қаншама жазықсыз жастар қырылып қалды. Бұл күн жүрегімізде мәңгі сақтаулы. Жастық шағымызда қалған естен кетпес қиын күндердің бірі болып қалды. Бұл дүмпу тек осы күндермен ғана шектелген жоқ, біраз уақытқа дейін қалада коминаттық сағаттар енгізіліп, өзара ұлттар арасында қақтығыстар болып жатты, – деп Қанатбек аға сол күнді еске алды.
Оқуды аяқтаған соң, Қанатбек аға әскер қатарына шақырылып, әскери борышын Ресей елінің Тамбов облысы Морщанск қаласында өтеп келеді. Әскер қатарында жүргенде де ұлтаралық араздасулар орын алып, Желтоқсан көтерілісі ұмытылмайды.
Әскерден келген соң туған жерге оралып, Жуалы аудандық тұтынушылар одағына қарасты «Бурный нан зауытында» электро-слесарь, механик, цех мастері болып жұмыс істейді. Одан кейін «Жексенбаев» шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. Экономист, қаржы және несие мамандығы бойынша диплом алып, мемлекеттік қызметке араласады. Бүгінде Қанатбек аға Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман, яғни әскери есеп столының инспекторы болып қызмет атқарады.
Отбасында жұбайы екеуі төрт ұл, бір қыз дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр.
-Бұл көтеріліс Тәуелсіздікке жол ашты. Әділдікті талап еткен жастар ата-бабамыз сан ғасырлар бойы аңсаған ел егемендігіне қол жеткізу жолында құрбан болды. Кең-байтақ жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған ата-бабамыздың асыл арманын орындады. Міне, осы асыл қазынамызды, құндылығымызды сақтап қалу – баршамыздың парызымыз. Ендеше, бейбіт күніміз мәңгі орнап, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Тәуелсіз қазақ елі жылдан-жылға дамып, өсіп-өркендеуіне тілектеспін, – деп ақ тілегін жеткізді Қ.Әділұлы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close