El іshі

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының марапаты

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында және даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған күніне орай аудан орталығындағы Б.Момышұлы меморалдық музейінде «Тәуелсіздік – жан жүрегім!» атты патриоттық кездесу өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бірінші орынбасары, штаб бастығы, полковник Бегайдар Казкеев, Тараз қаласындағы ҰҰ 5513 әскери бөлімінің командирі, полковник Дәурен Джагипаров, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Дархан Нұралиев, аудан әкімінің бас инспекторы, ҚР ҰҰ ардагері, запастағы майор Бақытгүл Жексекеева және №2 Мыңбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Мұратаева бастаған 10 сынып оқушылары қатысты.

Қатысушылар алдымен мұражайға қойылған Батырдың құнды жәдігерлері және өмірдерегімен танысты. Экскурсияны мұражайдың ғылыми қызметкері Нұрлыхан Нұржаубеков жүргізді.

Кездесу барысында сөз алған аудан әкімінің бас инспекторы Бақытгүл Жексекеева өзінің 35 жыл еңбек өтілінде басшылықтан бірде-бір сөгіс алмағанын және әскер қатарында өз жұмысын сүйіп істегені туралы қызықты оқиғаларын әңгімелеп берді. Сонымен қатар, жастарды өз Отанын, туған жерін сүюге, ел үшін аянбай еңбек етуге шақырып, жалындаған жастық жігерді тек жақсы істерге жұмсау керек екенін баса айтты. Сондай-ақ өзінің шығармашылығынан «Туған жер» өлеңін оқып берді.

Содан соң кезек марапаттауға беріліп, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың грамотасын ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бірінші орынбасары Бегайдар Казкеев запастағы майор Бақытгүл Жексекееваға тапсырды. Марапатта «Ұлттық Ұланның жеке құрамымен әскери-патриоттық жұмысына белсенді атсалысқаны үшін» деп жазылған. Сонымен қатар дәл осындай мәтінде аудандық Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ұжымына 5513 әскери бөлімінің командирі, полковник Дәурен Джагипаров Алғысхат табыстап, ізгі тілегін жаудырды.

Кездесуді полковник Бегайдар Казкеев қорытындылап, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Батыр Бауыржан Момышұлының қосқан үлесі зор екенін және бүгінгі ұпақтар Батырды әрқашан дәріптей білуі керектігін жеткізді. Жиын соңынан қатысушылар естелік суретке түсті.

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close