El іshі
Шекара сақшысы Қуанышбек
Қазақстан Республикасының жалпы шекаралық сызығы құрлық арқылы іргелес жатқан бес мемлекетпен, ал, теңіз арқылы төрт мемлекетпен шектесетіні белгілі. Бүгінде ұзын ырғасы он бес мың шақырымнан асатын осы шекаралық белдеуді шекарашыларымыздың кірпік қақпай күзетіп келе жатыр. Бұл күнде еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі соңғы үлгідегі заманауи қару-жарақпен және әлеуетті техникалармен қамтамасыз етіліп, қатарлары әскери міндеттерін мінсіз орындай алатын мамандармен толығып отырғанын да мақтанышпен айтқан жөн.
Ширек ғасыр аралығында ел тыныштығын сақтауға сүбелі үлес қосып келе жатқан шекара сақшылары қандай құрметке болсын лайық. Үздіктерді үлгі ету – үзілмейтін үрдіс. Солардың қатарында Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының келісімшарт негізінде ефрейтор және ит ұстаушысы Қуанышбек Кәрбозов.
Қуанышбек Қамбарұлы 1988 жылы Т.Рысқұлов ауданы Өрнек ауылында дүниеге келген. Бірақ Қуанышбек кішкентай кезінде отбасымен Тараз қаласына көшіп келеді. Ол сондағы №10 орта мектебін 5 сыныпқа дейін оқып, әрі қарай №11 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте жалғастырады. Мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түсемін деп жүргенде, әскерге шақырады.
Ол Отан алдындағы борышын Шығыс Қазақстан облысындағы әскери бөлімде өттейді. Әскерде жүріп, ол кинолог мамандығын игереді. Қызығы мен қиындығы мол кинолог мамандығы туралы жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Көп елене бермейтін, бірақ дүйім жұрттың тыныштығы үшін итті баптап, баулып, қарайтын із кесушілердің еңбегі ұшан-теңіз.
Кинолог дегеніміз – арнайы дайындық барысында жинақтаған теориялық білім мен дағдылардың иесі, ит өсіруге қатысты тәжірибесі мен өтілі бар, мемлекет пен қоғамда сау иттердің болуын қадағалайтын мамандар.
Кинолог мамандар иттерді күзетші ретінде дайындап, қару-жарақ пен есірткіні іздеуге жаттықтырады. Кинолог болу үшін жануарларға деген махаббат жеткіліксіз. Шыдамдылық, мақсаткерлік, білім қажет.
Әскерде жүргенде Қуанышбек көптеген марапаттарға ие болды. Отан алдыңдағы борышын өтіп келген соң Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының келісімшарт негізінде ефрейтор және ит ұстаушысы болып жұмысқа орналасады.
– Кішкентайымнан жаным итке құмар болды. Бала кезімде көгілдір экраннан ит туралы фильмдер көретін едім. Олардың алғырлығына қызықтым. Түрлі қылмысты ашатын, егесіне адал жануар біздің арманымызға айналды. Күшігімді соған қарап баулыдым, бұл оңай емес. Бастысы, байланыс үзілмеуі керек. Сонда адал дос, сенімді серік болады.
Дос балаларым маған таң қалатын, олар көшеде асық ойнаса мен күшікпен ойнайтынмын.
Апат айтып келмейді. Кейде адам аяғы баспайтын ну орман, тау-тас кезіп кететін кездер болады. Ондайда қасымызға міндетті түрде иттерді қоса алып шығамыз. Малшылар, туристер жоғалады. Адамдар ауа райының қолайсыздығынан бағытынан жаңылып қалып жатады. Сонымен бірге суға кету кезінде де олардың көмегіне жүгінеміз. Біздің иттер – жауынгер. Жалпы, қылмысты ашуға, есірткіні табуға және төтенше жағдай кезінде пайдаланылады.
Иттің қасиетін бабаларымыз ертеден білген. Күтіп-баптауына да ерекше мән берген. Сондықтан бұл бізге таңсық емес,- дейді ефрейтор Қуанышбек Кәрбозов.
Қуанышбек отбасында үш ағайынды. Өзі үйдің үлкені, өзінен кейін қарындасы мен інісі бар. Әкесі теміржолда, анасы медициналық колледжде жұмыс істейді.
Қуанышбектің жары Айдана Т.Рысқұлов ауданының тумасы, Тараз қаласындағы №6 емханада жұмыс істейді. Екеуі үш баланың ата-анасы.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жақында республика көлемінде тұсаукесері болған «Мемлекеттік шекара» кітабында республика бойынша мемлекеттік шекарада қызметімен ерекше көзге түскен 30-ші шекарашы жайлы жазылған. Сол кітаптың 132 бетінде Қуанышбек Кәрбозов жайлы айтылған.
Ол 2017 жылы 17 ақпанында Көксай шатқалында болған қар көшкініде қалған 17 әскер үйіндісін өзінің серігі, иті Енисейдің тапқаны жайлы жазылған.
Қуанышбек өзін қаһарман санамайды. Ол менің орнымда басқа біреу болса да солай жасайтын еді деп есептейді. Жас патриот Қуанышбек көрсеткен ерлігі үшін көптеген Алғысхаттармен марапатталды.
-Біз иттің күтіміне ерекше көңіл бөлеміз. Күніне екі рет тамақтандырамыз. Таңертең оларды серуенге шығарамыз. Орның тазалаймыз. Иттердің ішіп-жеміне сауаттылықпен қараған жөн. Иттердің жейтін тамағы олардың қызметіне кесірін тигізбеуі керек.
Итті де күшік кезінен бастап осы салаға бейімдейміз. Қарапайым элементтерден бастап, өсе келе күрделі жаттығуларды жасайды. Деңгейін берілген тапсырманың орындалуына қарап білеміз. Сондықтан күнделікті жаттығу жұмысы жалғасып отырады.
Иттерді бейімдеудің бір тәсілі – ойын әдістері. Доппен ойнау – олардың сүйікті ісі. Ит неғұрлым көбірек команданы орындай білсе, соғұрлым жақсы дамып, әр нәрсеге машықтана түседі. Қызметтік иттер бір адамға үйреніп, сол адамның ғана бұйрығын орындайды. Ал екінші адамға үйрену үшін 2-3 жыл уақыт керек. Біздің шекара бақылау бөлімшесінің кинолог мамандар әртүрлі айлық курстарға барып, оқып итпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйреніп келеді. Бір ғажабы, кез келген жан кинолог бола алмайды. Итпен жұмыс істеу үшін тіл табыса білу керек. Өйткені, жан-жақты дайындықтан өткен маман ғана қылмысты ашуға қол ұшын бере алады. Сондықтан, осы саланы таңдағандар үшін талап та қатаң.
Иттердің сезу мүшесі адамдарға қарағанда бірнеше есе жоғары дамыған. Қатардағы сарбаз үшін жанындағы төбетінің тигізер көмегі көп, – дейді Қуанышбек Қамбарұлы.
Демек «Баланы – бастан» деген тәмсілдің бұл жерде де маңызы зор екенін атап көрсеткен ләзім. Ал, кәсіби маман ретінде шыңдалып шығу үшін біраз тәжірибе мен уақыт керек. Міне, иттің тілін тауып, қызметіне пайдаланған ит аға нұсқаушысы Қуанышбек қазіргі жастардың мақтанышы десекте артық айтпаймыз.
Иә, әр мамандықтың өзінің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Әскердегі өмір ер азаматты шымыр етумен қатар, өмірге деген көз қарасын өзгертеді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»