El іshі
Ұлттық өнер ұмытылмауы керек
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында әрбір азаматты туған жерінің тарихын білуге, ұлттық құндылықтарын қастерлеуге міндеттеп отыр. Ұлттың сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі мен өмірді, табиғатты тануының нәтижесінде қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы өзгелерден ерекшелейтін негізгі құндылықтары. Ал, өлең-жырлары, ұлттық ойындары, музыкалық мұрасы, қолөнері – баға жетпес асыл қазынасы. Жаһандану дәуірінде еліміздің алдында ұлтты сақтайтын тарихи әрі рухани байлықтарымызды сақтап, әрі қарай дамыту міндеті тұр.
Әр халықтың өз тарихы бар. Қазақ халқының тарихы сонау тереңде жатыр. Біздің бай мұраларымыз бен құндылығымыз, оның ішінде қолөнердің ұрпақтан-ұрпаққа жетуі ата-бабаларымыздың, аға буын өкілдерінің үлкен еңбегінің нәтижесі.
Ақтөбе ауылдық округіндегі №2 балалар өнер мектебінде балаларды өнерге, спортқа баулау мақсатында түрлі үйірмелер ашылған. Өнер ошағы үш бағытта, яғни, көркем-эстетикалық, туристік, өлкетану және спорттық бағытта жұмыс істейді. Мектепте он үйірме сабағы ашылған. Соның бірі ағаш шебер қолы және қолөнер үйірмесінде ауыл жастары ұлттық өнермен сусындауда.
Үйірмені Сұңқар Мұхамеджанов және жас маман Құдірет Таубаев жүргізеді. Екі маман да ағаш шебері, оның бірі қазақтың ұлттық аспаптары домбыра, қобыз тағы басқа ұлттық дүниелерімізді жасаса, бірі өзінің қызығушылығының арқасында қолөнерді жақсы меңгерген.
Үйірме сабағына Бәйтерек, Ақтөбе ауылдарынан 29 оқушы қатысады. Үйірме жетекшілері барлық жастағы оқушыларды қамтып, шеберлікке баулиды. Мұнда ағаш өңдеуге арналған өткір заттар, ағаш өңдеу станоктары бар. Шеберлер оқушылармен бірге түрлі сәндік қолданбалы бұйымдар, шолпы, қазақтың ұлттық қолданбалы заттарын, яғни астаулар, оқтау-тақтайлар тағы басқа да дүниелерді жасауда.
Шеберхананың жан-жағының бәрі толған ағаш, жаңқа. Құрал-сайманның түр-түрі бар. Қабырғаларындағы сөрелерде жартылай аяқталған ағаш бұйымдары, ою-өрнегімен көмкерілген дүниелер тұр. Олардың жұмыс істейтін ағашы негізінен, қайың, жаңғақ, қарағай екен.
-Біздің мақсатымыз – ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, оны ұрпақ бойына сіңіру. Ауылымыздың жастары тұрмыстық заттарды, сәндік қолданбалы бұйымдарды жасап үйренсе деген ниетте еңбек етудеміз. «Жігітке жеті өнер де аз» деген жақсы сөз бар емес пе?! Ауылдың әрбір жасының өнерлі болғанын қалаймыз. Ағаш өңдеу жұмысы ер балаларға тән өнер. Ол адамды еңбекқорлыққа, тиянақтылыққа, сабырлыққа баулиды.
Балалармен бірге ағашты тіліп, керекті сәндік қолданбалы бұйымдардың пішінін келтіріп аламыз. Олардың бетіне қазақтың ұлттық оюларын түсіреміз. Үйге керекті түрлі бұйымдарды осы ағаштардан жасауға болады. Міне, осыны балалар меңгеріп, тұрмысқа қажетті заттарды өзі жасай алса, еңбегіміздің еш кетпегені.
Жалпы, оқушының қызығушылығы жақсы болса, онымен жұмыс жасаған да ыңғайлы, жеңіл. Себебі, ол да жауапкершілікті сезініп, бірлескен кезде жақсы дүниелер жасап шығуға болады. Барлығы да осы жауапкершілік пен қызығушылыққа байланысты. Мәселен, жақында балалармен шолпы, яғни сүзгіні жасауды үйренуді бастаған болатынбыз. Үйірмеге келетін шәкірттеріміздің ішінде 5 сынып оқушысы Ерсұлтан ептілігін танытып, бір күнде бірнеше шолпы әзірледі.
Сонымен қатар, қазіргі уақыттың сұранысына айналған қазақи нақыштағы ет салатын астауларды да бірге дайындап жүрміз. Жақында қылқобызды жасауды қолға алдық. Егер де сәтті шықса, оны әрі қарай жалғастырамыз, болмаса сәндік бұйым ретінде қолданатын боламыз. Ағаштан түрлі әсем бұйымдарды жасауға болады. Ол үшін көп ізденіс керек. Алдымызға келген оқушыға үйрету үшін де өзімізді жан-жақты шыңдауымыз қажет.
Біздегі басты проблеманың бірі – ағаш. Біз ағашты өзіміз алып келеміз. Оны тілу, жону жұмыстарын осында келіп жасаймыз. Бұл көп уақытты алады. Ал, егерде бізді ағашпен қамтамасыз етсе, көптеген пайдалы дүниелерді жасап шығаруға болар еді.
«Ер қанаты – ат» демекші, ер азаматтың аттың үстіне мығым отыруы үшін астындағы аты мен ертоқымы жақсы болуы керек. Осыны ескеріп, нағашы ағам Қыдырбай Махмұтұлынан ер жасауды үйренудемін. Алдағы уақытта бұл дүние ойдағыдай шықса, балаларға үйрететін боламын.
Қазақтың ұлттық қолданбалы заттары, бұйымдары – ауылға ең керекті заттар. Сондықтан оны ауылдың әрбір өнерлі жасы жасай алса, өзінің тұрмыстық керегін де өтей алар еді. Ата-бабамыздан келе жатқан төл өнерімізді насихаттауымыз қажет. Осы құндылықтар уақыт өте келе, жаңғырып, түлеп, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс. Заман өзгеріп жатыр, бірақ, ұлттық құндылық ұмытылмауы керек. Мүмкін бір күні қолөнер ауылдағы ағайын үшін таптырмас кәсіп түріне айналар, – дейді жас маман Құдірет.
Ал, Құдіреттің шәкірті Медет Қарынтаевтың қолөнер үйірмесіне қатысқанына бес жыл болыпты. Бес жылдың ішінде ұстазымен бірге түрлі сәндік қолданбалы бұйымдарды жасауды үйреніп, байқауларда бағын сынаған. Нәтижесінде, еңбегі еленіп, өнері бағаланып, жүлделі орындардан көрінген. «Өнер мені жан-жақты, ойлы азамат болуға тәрбиелейді» деген ол қосымша домбыра үйірмесіне де қатысады екен.
Ауданның күнгей беткейінен орын тепкен Бәйтерек ауылындағы жас маманның арманы – туған жерінің түлеуіне атсалысу, артынан ерген інілерінің өнерге жақын болуына септігін тигізу. Өнердің құдіреттілігін олардың бойына дарытып, ұлттық құндылықты насихаттауда өз үлесін қосу. Арманы айқын осындай жастар барда ұлттық құндылығымыз, бай мұраларымыз ешқашан ұмытылмайды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев