El іshі

«Көктемнің әр күні жылға азық» ақсайлық шаруалар ақ егістің көлемін ұлғайтып отыр

Баптай білсең – жер жомарт. Биыл қыс мезгілінің ұзарып, көктемнің кештеу шығуына байланысты диқан қауымы жер жыртып, дән себуге сәуір айының басында бір-ақ шықты. Әйтпесе, көктем ерте шыққан жылдары шаруалар тракторын майлап, соқасын сайлап алып, Наурыз мерекесінен кейін-ақ жер жыртуға алқап басына асығатын. Көктемнің әр күні жылға азық болатынын терең ескерген егіншілер дәл қазіргі сәтте дала төсін дүбірге бөлеп, еңбек майданының көрігін қыздыруда. Алқап басында қызу еңбек. Техникалардың дауысы алыстан естіледі. Бұл ең алдымен қамбаны дәнге толтырудың қамы.

Атап айтсақ, аудан орталығына іргелес жатқан Ақсай ауылдық округінде де көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Округ әкімі аппаратының бас маманы Қанатбек Жексенбаевтың айтуы бойынша, ақсайлық шаруалардың иелігінде барлығы 4654 гектар егістік жер бар екен. Былтыр күзде оның 462 гектарына күздік бидай себілген. Биыл 1522 гектарына арпа дақылы егілмекші. Өткен жылдармен салыстырғанда, жаздық арпа алқабының көлемі әжептеуір ұлғайтылып отыр. Округ шаруалары одан бөлек 810 гектарға мақсары, 305 га картоп, 54 га көкөніс, бақша дақылдары, тиісінше, 15 гектарға жүгері мен қытай бұршағы, 90 га күнбағыс, 190 гектар таза жоңышқа, сондай-ақ, 1335 гектарға мал азығы үшін басқа да дақылдарды егуді жоспарлап отыр.
Округте жер егіп, сол арқылы өз отбасының жағдайын жақсартып, ел ырысының да еселенуіне мол үлес қосып отырған ірі шаруашылықтардың бірі – «Әлібек» шаруа қожалығы. Қайрат ауылының қадірменді қариясы болған еңбек майданының майталманы, марқұм Шаяхмет Қалдарбековтың бастамасымен 2001 жылы құрылып, бүгінде шаруасы шалқыған шаруа қожалықтың жұмысы өзгелерге үлгі боларлықтай. Шаруашылықтың барлық жұмыстарын марқұм Шаяхмет ақсақалдың ұлдары Әлібек пен Зерек бірлесіп жүргізіп келеді. Әлібек егін шаруашылығын өркендетіп, малдың қыстық азығын молынан дайындауға күш салса, Зерек сауынды сиырдың басын көбейтіп, одан алынған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткізеді. Сонымен бірге, мал бордақылаумен де тұрақты айналысады. Бірлесіп көтерген жүктің жеңіл болатынын бұрыннан-ақ пайымдаған ағайынды азаматтар кесе-көлденең кездескен проблемаларды да бірлесіп шешіп отырады.
Көктемнің әр күнін тиімді пайдаланған «Әлібек» шаруа қожалығы егістік алқапқа арпа дәнін сеуіп жатыр. Диқан ауылының үстіңгі жағындағы «Ақылбек бауы» деп аталатын маңдағы алқап басына барғанымызда, қожалық жетекшісі шаруашылықтың жұмыстарымен аудан орталығына кеткен екен. Мұнда «Беларус 82.1» маркалы жаңа трактор айдалған жерге арнайы дәнсепкішпен арпа егу үстінде. Тиісінше, мұндағы жұмыс қатты қарқынмен жүруде. Одан әріректе Шетбұлақ аталатын жердегі алқаптарда да жұмыс қызу жүріп жатқан көрінеді.
Ағайынды Фархат, Нұрхат, Азамат Қуантаевтар және Әділбек Әлібеков аталған шаруа қожалықта жеті-сегіз жылдан бері механизатор болып жұмыс істейтіндерін айтады.
-Қазір біздің егін егіп жатқан жеріміз «Ақылбек бауы» деп аталады. Дәлірек айтқанда, Қайрат пен Диқан ауылдарының тау жақ беті. Алқап басына шыққанымызға он күннен асты. Арпадан бөлек егілетін өзге де дақылдарды сәуір айының аяғына таман аяқтаймыз деп отырмыз. Науқандық жұмыс болғандықтан әр күнді тиімді пайдалануға тырысып жатырмыз. Күніне 20 гектардай алқапқа дән сеуіп үлгереміз. Еңбегімізге қарай алатын жалақымыз да жаман емес. Өнімнің шығынына қарай еңбекақы аламыз,- дейді шаруашылықтың механизаторы Азамат Қуантаев.
Қожалықтың төрағасы Әлібек Қалдарбековпен ұялы телефон арқылы тілдестік.
-«Не ексең, соны орасың» демекші, өткен жылы егістіктен алынған өнім жақсы болды. Арпа дақылынан гектарына 20-25 центнерден жоғары өнім алдық. Биыл арпа алқабын 300 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Оның ішінде арпадан бөлек бидай, мақсары егеміз. 50 гектар жоңышқалығымыз бар. Екі жыл бұрын Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы «Красный водопад» деп аталатын тұқым шаруашылығынан арпаның «Бәйшешек» жоғары репродукциялы элиталы тұқымын әкеліп, алқаптарға еккен болатынбыз. Нәтижесі де жақсы болды. Биыл да сол тұқымды жаңартып егіп жатырмыз. Өнім жаман болмайды деген ойдамын. Ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан жеңілдетілген бағамен дизель отынын алып жатырмыз. Былтыр 60 гектарға күздік бидай сепкенбіз. Арпаны егіп болсақ, үлгергенімізше мақсары егуге кірісеміз.
Егістік жерлерді «Беларус», «МТЗ» маркалы бес дана трактормен, «Енисей» маркалы екі комбайн, шөп оратын және шөп тайлайтын т.б. қосалқы техникалармен игеріп отырмыз. Қазір науқандық жұмысшылардан бөлек төрт механизатор тұрақты еңбек етеді, – дейді Әлібек Шаяхметұлы.
Шаруашылық бірер жыл бұрын лизинг жүйесімен бір дана «Беларус» тракторын алса, биыл өз қаражатына бір жаңа трактор сатып алған екен. Шаруа қожалық басшысы Ә.Қалдарбеков егістік көлемін ұлғайтудан бөлек, мал басын асылдандыруды да көздеп отыр. Мүмкіндік болса, қожалықты тұқым шаруашылығына айналдырмақ ойы бар.
«Жерге берсе, елге де береді», «Елде болса, ерінге тиеді» дейді дана халқымыз. Ауа райы қолайлы, көктем жауынды болса, жуалылық диқандар биыл да қамбаны қызыл дәнге толтырып, ел ырысын еселемекші. Лайым солай болғай. Ендеше, егін екен шаруаларға диқан дарысын дейік…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close