El іshі
Кәсіптің көзін тапқан азамат
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына басымдықтар берілген. Онда: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді» делінген.
Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерік Сұрамысовтың берген мәліметінше, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның 2-бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 264 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілген.
Есепті мерзімде 178 адамға жалпы 585 млн теңге шағын несие берілді. Оның ішінде 47 жас азаматқа 146 млн теңге берілген. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 148 азаматқа 72 млн 973 мың теңге қайтарымсыз грант беру қарастырылған.
Жамбыл облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен комиссия отырысында 265 жоба ұсынылып, 148 жоба оң шешімін тапты. оның ішінде: 121 жас азаматқа (61 млн 105 мың теңге), 20 көпбалалы отбасыға (10 млн 100 мың теңге), нысаналы топқа жатпайтын 7 адамға (1 млн 767 мың теңге) берілді.
Кәсіпкерлік ісін жаңадан ашуға ниет білдірген үміткерлерді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша ағымдағы жылы кәсіпкерлік негіздеріне 135 адамды оқыту жоспарланып, оқуға жолданған 315 білімгер оқуларын сәтті аяқтап, тиісті сертификаттарын алды. Сонымен қатар бағдарламаның «Жас кәсіпкер» жобасымен 100 азамат оқып, сертификаттарға ие болды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттің көмек-қолдауымен ауылдық жерлерде кәсіп ашып жатқан азаматтар арамызда жеткілікті. Кәсіпке бейім сондай талапты жастардың бірі – Нұрлан Сармұрзин. Диқан ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Нұрлан аудандағы мал шаруашылығының өркендеуіне, оның ішінде сүт кластерінің дамуына өзінің мол үлесін қосып келеді. Жас кәсіпкердің жемісті жұмысын көпшілікке насихаттап, тұрғындар арасында еңбектің құндылығын дәріптеуді мақсат тұтып жақында Диқан ауылына арнайы бардық.
Жас кәсіпкермен алдын ала келісіп, күн ұясына қонар уақытта Нұрланның ауылына келіп кірдік. Біздің кейіпкеріміз кешкі малды жайғаудың қамымен жүр екен. Аман-саулық сұрасқан соң ол бізді сиыр қорасына бастап алып барды. 40 басқа арналған кең қораның іші тап-таза. Сиырлар ақырын ғана алдындағы шөптерін күйсеп тұр. Қораның бір бұрышында жаңа туған бұзаулар жайғасыпты.
Жалпы қазақтың қай баласына да атадан қалған кәсіп – мал бағу жат емес. Ауданымыз аграрлық аудан болғандықтан төрт түлікті асырап көбейтіп, жер өңдеп, өнім өндіру шаруаның күнделікті жұмысы. Осы орайда ұлы ойшыл Абай атамыздың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қай заманда мәні өзгеріп, мағынасы жойылмайтын даналық сөзі еріксіз ойыңа оралады. Нарықтың талабы дейсіз бе, әлде заманның сұранысы дейміз бе, қазір қай жерге барсаң да кәсіп, өнер игеріп еңбек етіп жатқан халықты көресің. Әсіресе, аға буынның жолын жастардың жалғастырып жүргені көңілге қуаныш ұялатады.
Нұрлан Жарасұлы 1991 жылы Диқан ауылында дүние есігін ашып, осындағы орта мектепте білім алған. Жоғары оқу орнын Тараз мемлекеттік университетінде оқып, оны туризм мамандығы бойынша тамамдаған. Біраз жыл жеке компанияларда жұмыс істеген. Алайда, «Туған жерге туыңды тік», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген қазақтың даналығымен сусындап өскен жас жігіт өз ауылында кәсіппен айналысуға бел буады.
-Бала кезімнен ауылда кәсіп ашсам, атакәсібімізді дамытып, жоғары деңгейге көтерсем деген арман болды. Сәті түсіп, 2016 жылы аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығына» жұмыссыз азамат ретінде тіркеліп, несие алуға өтініш бердім. Сөйтіп, сол жылдың қазан айында осы мекеме арқылы «Nur Otan» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында алты миллион теңге несиеге қол жеткіздім. Оны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалынан берді. Бұл сома маған 27 бас сиыр сатып алуға есептеліп берілді. Бүгінгі күнге дейін белгіленген сиырдың басын алып, еңбек етіп жатырмын, – дейді Нұрлан Жарасұлы.
Диқан ауылының байырғы тұрғындары Сармұрзиндер отбасының тіршілігі сан-салалы. Оны біз Нұрланмен әңгімелесу барысында байқадық. Отағасы Жарас аға «Жазира» шаруа қожалығын құрып жұмыс жасап жатса, енді, міне, үлкен ұлы Нұрлан «Нұрасыл» жеке кәсіпкерлігін ашып, атакәсіпті дөңгелетіп келеді. Бұл отбасында тәрбиеленген балалардың барлығы адал еңбекке, ауыл тірлігіне бейім болып өсті. Соның әсері болар, тұңғыш ұл Нұрлан заман талабын ерте түсініп, кәсіпкерлікке бет бұрды. Отбасының иелігіндегі жерге жыл сайын мал азығына арналған арпа, бидай, жоңышқа егіледі. Бұл өз кезегінде малдың азық қорын молынан дайындауға мүмкіндік береді. «Мал – баққанға бітеді» демекші, малды бақсаң, қарасаң ғана мал болады. Оны жылдың төрт мезгілінде бағу, жемшөп дайындау, өнімді өндіру мен өткеру оңай шаруа емес. Осынау тірліктердің барлығын отбасы мүшелері ұйымдасып, ақылдасып, ынтымақпен атқарып отыр.
-«Біріккен істе береке бар» демекші, ауылдағы ағайындар кооперативтерге бірігу арқылы мемлекеттің қолдауына ие болып жатыр. Әрине, мұның барлығына қуанамыз. Ал, өз тірлігіме келер болсам, қазіргі таңда 30 басқа жуық сиыр ұстап отырмыз. Осы малдың бәрін мемлекеттен берілген несие қаржысы арқылы алдым. Жұмысымыз жаман емес. Сиырды арнайы сүт сауатын аппаратпен сауамыз. Жемшөбі дайын. Өнімді аудан орталығындағы «Бурный сүт компаниясына» өткереміз. Сауын сиырларды күтіп-баптап, жемшөбін уақтылы беріп, дер кезінде мал дәрігерін шақырып, ветеринарлық жай-күйін де үнемі назарда ұстап отырмыз. Өткен жылдан бастап қолдағы сиырларды асылдандыруға бет бұрдым. Осы мақсатта жергілікті фермерлерден үш бас асыл тұқымды бұқа сатып алдым. Оған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен төленетін тиісті субсидияны да аламыз. Үш жыл бұрын алған қомақты несиені келесі жылы толықтай өтеп болған соң «Сыбаға» бағдарламасына да қатысып, бағымды сынап көрсем деймін. Болашақта осы кәсібімді кеңейтіп, үлкен ферма ашсам деген арманым бар. Сол арқылы ауыл тұрғындарын да жұмысқа тартып ауылдың әлеуметтік жағдайын көтерсем, аграрлық саланың дамуына өзімнің үлесімді қоссам, – дейді жас кәсіпкер Нұрлан Сармұрзин.
Тағы бір айта кетерлігі, Нұрланның келіншегі Гүлзат Лесбекова да биылғы жылы «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, жаңа бизнес идеяларды дамыту бойынша 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған екен. Оған сиыр сауатын және жемшөп турайтын аппараттар сатып алған. Бір сөзбен айтқанда, отбасылық кәсіптің дамуына жас кәсіпкердің өзінен бастап ата-аналары, келіншегі де мол үлес қосып отыр. Ынтымақпен жасалған мұндай істің берекелі болмауы мүмкін емес.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»