El іshі

Нұр-Сұлтан – жастардың қаласы

«Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар, Мен жастарға сенемін!» деп ақын Мағжан Жұмабаев жалындаған жастардың жастық жігерін өлеңіне тектен тек арқау етпесе керек. Оған дәлел бүгінгі біз сұхбаттасқан, ақылына көркі сай, мақсаты айқын, бойжеткендер.

Айгерім Сатыбалды Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ тілі филологиясы мамандығының төртінші курс студенті. Ол 2001 жылы Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. 6 сыныпқа дейін Рысбек батыр ауылындағы №20 Жамбыл орта мектебінде, одан кейін аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда оқуын жалғастырады. Мектепті бітіргеннен кейін журналист боламын деген бала арманыма қанат бітіру мақсатында 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ тілі филологиясы мамандығына оқуға түседі.
– Нұр-Сұлтан қаласы маған үлкен шабыт сыйлайды. Болашағыңды бағамдауға және өзіңді жеке тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндағы шетел азаматтарының көптігі – көп тілді болуға сеп болады. «Бәйтерек» кешенінің жанында үлкен орталық кітапхана бар. Мұндағы кітапханадан іздеген барлық кітапты табуға болады. Сондай-ақ, университет тарапынан студенттерге үлкен мүмкіндіктер жасалғаны көңіл қуантады.
Қазіргі таңда қосымша онлайн форматта ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Одан бөлек, түрік және итальян тілдерін үйреніп жүрмін.
Елордағы алғаш барғанымда автобустарды шатастырып, мүлде басқа автобусқа мініп кеткенім бар. Қаланың басқа жағына тап болған мен қаттты үрейленіп, адасып кеттім деп ойлап достарыма қоңырау шалу арқылы университетті әрең тауып келген кезім есімде.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жан-жақты жастың бірі Айгерімнің жетістіктері де баршылық. Атап айтар болсақ, 2019-2020 жылдары “Жеті Жарғы” пікірсайыс клубының координаторы, “Жас барыстар лигасы 2019” пікірсайыс бәйгесінің финалисті, “KEU CUP I” республикалық пікірсайыс турнирінің және “Studen and Science: vision of the future” халықаралық студенттік ғылыми-теориялық конференцияның бірінші орын иегері.
Австралияның Монаш университетінің “Psychology and science” мамандығы бойынша психолог-коуч маманы. Жуырда аудандық орталық кітапханалар жүйесі ұйымдастырған “Ең үздік оқырман” байқауының бас жүлдесін иеленген.
* * * *
Болашағын бас қаламен байланыстырғандардың бірі Аружан Иланбай. Ол 2001 жылы Бақалы ауылында дүниеге келген. Ол Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 6 сыныпқа дейін оқып, білім алады. Одан әрі Тараз қаласындағы Білім инновациялық лицейінде (бұрынғы Қазақ-Түрік лицейінде) оқуын жалғастырған. Қазіргі таңда елордадағы Назарбаев университетінде математика ғылымы мамандығының екінші курс студенті. Талапты жас Аружан бос уақытында қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Одан бөлек, құрбысы Диана Сабытаевамен бірге «Talpnike» онлайн оқу орталығын жүргізуде.
– Бала кезден бастап, математикаға деген қызығушылығым жоғары болғандықтан, күрделі есептерді шығаруды ұнататындықтан осы саланы таңдадым. Арманым – математика саласының үздігі атанып, үлкен дәрежелі профессор болу.
Нұр-Сұлтан қаласына ең алғаш 2007 жылы 6 жасымда барған болатынмын. Одан кейін өздеріңізге белгілі 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткенде өзгерген әсем қаланы тамашалауға бардым. Мұндағы зәулім де әсем ғимараттар көздің жауын алатындай өзгерген. Елордадағы биік-биік ғимараттардың әсемдігі көптігі, уақыт өткен сайын жаңа ғимараттармен толығып келе жатқаны көңіл қуантады, – дейді Аружан Жақсыбекқызы.
Аружан сондай-ақ, Республикалық, облыстық математика, физика олимпиадаларының жеңімпазы. «IELTS certificate 6.5» ағылшын тілі академик деңгейінде сертификатын алған.
Мақпал САМАТқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close