El іshі

Ұлттық аспап – ұлт қазынасы

Домбыра – сан ғасырлардан бері сырын сақтаған, қазақ даласында кеңінен танымал ұлттық аспап. Академик Ахмет Жұбанов «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деп бағалаған. Міне, домбыра сонау ықылам заманнан пайда болып, бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен ете қабысып, қолданып жатқан музыкалық аспаптардың бірі.

Қоңыр үнімен талай жанның жүрегіне жол тапқан ұлттық аспап домбыраның үні оның жасалуына, құрылысына тікелей байланысты. Теріс ауылының тұрғыны Сұңқар Махамбеджанов 15 жылдың ішінде 100 домбыра жасап шыққан. Шебердің қолынан шыққан домбырамен бүгінде ауданның өнерпаздары өнер көрсетіп, күмбірлетіп күй шертіп жүрген жайы бар.
Шебер Сұңқар Мұнажадинұлы Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы. Осыдан 20 жыл бұрын Жуалы ауданының Теріс ауылына қоныс аударған. Негізінен оның бойына ұсталық өнер атасы Махамбеджаннан дарыған. Атасы Шалқар ауданында елге қызмет жасаған ұста болған. Ағаштан түрлі тұрмыстық қажетті ұлттық дүниелерді жасаған. Қанда бар қасиет ұрпағына дарып, немересі атасының жолын жалғайды.
-Бала кезімнен қолөнерге жақын болдым. Атам еміс-еміс қана есімде. Себебі, ол кісі төрт жасымда өмірден озған. Бірақ, ел арасында оның шеберлігі, ұсталығы жайында көп әңгіме айтылатын. Сол қанда бар қасиет ұсталыққа қалай әкелгенін өзім де байқамай да қалдым. Алғаш домбыраны қараағаштан бүтіндей шауып жасап шықтым. Кейіннен құрамалы домбыра жасайтын болдым. Бірте-бірте ұлттық аспапқа деген қызығушылық туындап, қобызды да жасай бастадым. Оған қажетті станоктарды, заттарды өз ойыммен қолдан жасап алдым.
Әрине, домбыраны жасау оңай емес. Оның әрбір деталіне дейін аса мән беруің қажет. Ең бірінші, сапалы домбыра шығуы керек. Оның қоңыр үні сақталуы тиіс. Домбыраны жасаудың түрлі жолдары бар. Мен оны қайың ағашынан, еменнен жасаймын. Оның ішінде әбден кепкен ағаштарды пайдалануға тырысамын. Өйткені, кеппеген су ағашты қолдансаң жарылып, ісініп, өзіме қайта жөндеуге тура келеді. Ескі құрылыста қолданылған ағаштар да жарамды. Ағаш неғұрлым кепкен болса, одан жасалған домбыра ұзақ қызмет етеді.
Ағашты станокта жонып, майыстырып, арнайы өзіне арналған затта домбыраны жасап шығамын. Әрбір шебердің домбыра жасау құпиясы болады. Сондықтан оны мен тек жасау барысында ғана сезініп, сол арқылы сапалы домбыра жасауға тырысамын. Ішектері де замануи үлгіде. Бұрынғыдай ешкінің, жылқының ішектері пайдаланылмайды. Әзірлеп болған соң міндетті түрде желімделіп, лакталып, оюлары салынады. Мойнына ноталары орналастырып, ішектерін байлаймын. Домбыраның көлеміне қарай ноталарды арнайы музыка мамандарына жасатып алғанмын. Сол бойынша артық немесе кем жасамаймын. Өйткені, аспаптан дұрыс үн шықпауы мүмкін. Домбыраны шерткенде оның жақсы даусы бірден білінеді. Дыбыс дұрыс болуы үшін ағаштары жұқа болғаны абзал.
Менде бос уақыт жоқ. Қолым қалт етсе, шеберханама кіріп, бірден екі-үш домбыраны жасауға кірісемін. Себебі, біреуі кеуіп жатса, біреуін жонып әзірлеймін. Домбырам дайын болып тұрса, өзіме пайдалы. Бір домбыраны әзірлеуге сегіз күн кетеді.
Бұрындары күндіз-түні қолыма домбыраны алып, жасаудан жалықпайтынмын. Оны жасамасам отыра алмайтынмын. Қолөнер, ұсталық арқылы менің жаным жай табады. Рухани демаламын. Көп ойдан арылып, осында тыныштық тауып, қиялыма ерік беремін.
Халық деген теңіз. Қазіргі таңда көп адамдар ұлттық аспапқа ден қойып, домбыраны сатып алуда. Өнерді жақсы бағалайтын жандардың қатары көбеюде. Тапсырыс көбінесе ел ішінен түседі. Домбыраның мен білмейтін сырлары, құпиялары көп. Ұсталар ертеректе халықтың қажетін жасап, сынғанын бүтіндеп беретін. Мен де азды-көпті халқымның қажетіне жарап жүрмін деп ойлаймын. Алдағы уақытта қасиетті домбыраны дамыту жолында әлі де ізденуім керек, – дейді шебер.
Шебердің жасаған домбыралары 25 мың теңге болмаса арнайы тапсырыс беріп жасалуына қарай 50-60 мың теңге тұрады. Оның сапасына, жасалуына, көлеміне байланысты баға қойылған.
«Шебердің қолы ортақ» демекші, ол тек домбыра ғана емес түрлі ұлттық тұрмыстық заттарды жасайды. Шебердің қолынан қылқобыз, ағаш астаулар, ер тұрман, күбі, сандық, бесік тағы да басқа қолөнер бұйымдары шығады.
Қазіргі таңда шебер Бәйтерек ауылында №2 Балалар өнер мектебінде жұмыс істеп, ауыл балаларын төл өнермен сусындатуда. Ол бұл ұжымға да күтпеген жерден тап болған. Сұңқар аға өзі жасаған домбыраларын саудалап жүрген кезінде мекеме басшысы Талғат Тойшыбеков жолығып, өнерге деген жанашырлық танытып, қолөнерге құрметпен қарап, жұмысқа шақырады. Бүгінгі таңда ол сенімнің үдесінен шығып, шәкірттерін төл өнерімізге барынша баулуда. Балалар да ұстазының үйреткенін бойына сіңіріп, жетістікке жетуде. Ең басты жетістік – қолөнердің құндылығын түсінуінде.
-Қазіргі таңда бар білген өнерімді рет-ретімен балаларға үйретіп жатырмын. Мектептегі балалар өздері біраз дүние жасап шықты. Шәкірттерім Медет, Шыңғыс, Арабхан, Ерсұлтанның бойларынан ұсталықтың ұшқынын сезіндім. Оларға сенімім мол. Қазір жас болғанымен кейін менің жолымды қуып, жақсы ұста шығады деп ойлаймын. Себебі, олардың да қандарында ұсталық қасиет бар. Мен олармен мақтанамын, – дейді Сұңқар аға.
Оның шеберханасында қайта жөндеуге берілген бірнеше домбыра және жаңа жасалған домбыра ілінулі тұр. Сонымен бірге, жаңадан жасалған бірнеше күбі де бар. Қыздарына арнап жасалған балаларға арналған екі домбырасын да көзінің қарашығындай сақтауда. Ал, атасынан қалған ер тоқым ол үшін үлкен байлық әрі мұра. Жақында ғана облыстан жүлдемен оралған шәкірті Шыңғыс Базарбайдың сыйлаған ат әбзелдерінің бірі жүгенді де ерекше бағалайды.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close