El іshі

Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырған жоба

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы іске асырылуда. Қанатқақты жобаның біздің ауданда жүзеге асқанына міне биыл екінші жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде жоба ауданымызға не берді? Оның пайдасы қандай болды? Тұрғындар қаржыны мақсатты жұмсап, тұрмыстық деңгейін арттыра алды ма? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп, жауапты мамандардан сұхбат алған болатынбыз.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов Ақтөбе ауылдық округінің экономикалық-әлеуметтік дамуына, әлеуетінің артуына пилоттық жобаның септігі тигенін айтады.

Оның айтуынша, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының бес бағыты бойынша Ақтөбе ауылдық округінің 194 ауыл тұрғындары 579 599 мың теңгеге несиелендірілген.

Бірінші бағыт бойынша ауылдық округте 68 гектар жері бар 444 аула жоспарға сәйкес көкөніс еккен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 23 гектарға (142 аула) ұлғайған.

Кооператив үй іргесіндегі 220 аулаға (жер айдау, тырмалау – 2000 теңге) жерін жырту қызметтері үшін аула иелерімен келісімшартын жасай отырып, 440 000 теңгеге техникамен қызмет көрсеткен.

Үй іргесінен 1317 тонна (199 тонна қызанақ, 920 тонна картоп, 198 тонна қырықабат) өнім жиналған. Жиналған өнімнің 395,1 тоннасы ішкі тұтынуына жұмсалса, 921,9  тоннасы сатылған. Жиналған өнімнің барлығы ауыл тұрғындары өз тараптарынан және кооператив арқылы сатылған.

Екінші бағыт бойынша  пилоттық округте 2347 мал басын сатып алуға 191 ауыл тұрғыны несиемен 559 139 мың теңгеге қаржыландырылған. Сатып алынғаны 2347 бас. Алынған малдың 100 пайызы орындалған. Барлық мал басы бірдейлендіру дерекқорында тіркелген.

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес пилоттық округте 363 тонна ет, 254,8 тонна сүт өндірілген.

2019 жылдың 1 желтоқсанына Ақтөбе ауылдық округінде барлығы 13718 мал басы тіркелінген, 2020 жылы малы басы 85%-ке ұлғайған.

Округ бойынша ет өндірісі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 909 тоннаны құрап, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,5%, сүт өндірісі 254 тонна 86,6%-ға ұлғайған.

Үшінші бағыт, яғни тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалануы бойынша ауыл сыртындағы жерге егілген егіс көлемі жоспарға сәйкес 1423 гектар жерге шаруа қожалықтарымен бірігу арқылы 1045 гектар арпа, 50 гектар жүгері, 328 гектар көпжылдық шөп егілген.

«Атамекен Бастау» АШӨК бір шаруа қожалықтың 143 гектар жерін жыртуға (әр гектарына 14 500 теңгеден) 2073,5 мың теңгеге техникамен қызмет көрсеткен.

Ауыл сыртынан 1955 тонна (1463 тонна арпа, 492 тонна көпжылдық шөп, 250 тонна жүгері) өнім жиналыпты. Жиналған өнімнің барлығы кооператив мүшелеріне және ауыл тұрғындарына саудаланған. Сатылу бағасын айтар болсақ, арпаның келісі 65 теңге, көпжылдық шөп 1 түгіне 450 теңге, жүгері 1175 теңге. Сатылғаны 1086 тонна (836 тонна арпа, 200 тонна көпжылдық шөп, жүгері 50 тонна). 67 590 мың теңгеге өткерілген.

Төртінші бағыт бойынша кооперативтерді жабдықтау және құру бағытында 19 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен сатып алуға жергілікті бюджеттен 93 860 мың теңгеге 5%-пен несиелендіріліпті. Алынған 19 дана техникаларға республикалық бюджеттен 19 845 мың теңге, жергілікті бюджеттен 19 845 мың теңге инвестициялық субсидия төленген.

Кооперативте мүше болып 207 адам тіркелген. Кооператив мүшелерінің пай үлесіндегі жерлер шаруа қожалық атына тіркеліп, игерілуде.

Қазіргі таңда құрылған «Атамекен Бастау» АШӨК-не аудан әкімшілігі тарапынан 10 гектар жер көлемі берілген.

Құрылған кооперативте штаттық кестеге сәйкес, тұрақты бес жұмысшымен (үш механизатор, бір агроном, бір жұмысшы) еңбек шарты жасалған. Штаттық кестеден тыс маусымдық 30 адам жұмыс жасауда.

Пилоттық жобаның бесінші бағыт негізінде округте жеке кәсібін ашуға ауыл тұрғыны Гүлбану Қанатбаева ниеттеніп, кондитерлік цехына 4 760 мың теңге несиемен қаржыландырылған. Өндіріс іске қосылған.

Бүгінгі күнге, 2300 келі кондитерлік (нан, тәтті бәліш, печенье) өнімін өндіріп, ауданның, ауылдық округтің сауда орындарына сатылуда. Өндірісте төрт адамға тұрақты жұмыс орны ашылды.

2019 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік көмек алатын 78 отбасының 26 отбасысы несие алған. Бағыты – мал шаруашылығы. Қазіргі таңда 13 отбасы АӘК алады.

2019 жылы округ бойынша жұмыссыздар саны 17 азаматты құраса, 2020 жылы жұмыссыздық көрсеткіші төрт адамға қысқарған.

Жоба аясында пилоттық ауылдық округтердегі 444 ауланың 68 гектар жерінен жеміс-көкөніс және бақша өнімдерін өткеру есебінен 2020 жылы 1 отбасына шаққанда жылдық орташа табыс мөлшері 127 000 теңгені құрады. Сонымен қатар, 2 347 мал басын сатып алған 191 ауыл тұрғындарының жылдық орташа табыс мөлшері 420 000 теңге.

Биыл да ауыл тұрғындары еңбекке белсене араласып, олардың күшімен 55 гектар картоп, 4 гектар қызанақ, 4 гектар қияр, 3 гектар қырыққабат, 2 гектар таңқурай егілген.

Сонымен бірге, 2021 жылдың өнімі үшін 150 гектар жерге күздік бидай, 200 гектар арпа, 328 гектар көпжылдық шөп, 50 гектар сүрлемдік жүгері, 5 гектар картоп егіліп, күтіліп, бапталуда.

Ал, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралаповтың айтуынша, қанатқақты жобаның ауыл тұрғындарына берері көп. Яғни, қазіргі таңда елді мекенде мал басы 85 процентке артып, ауылдағы ағайынның тұрмыстық табысы көбейген. Жеке кәсіпкерлік нысандары ашылып, жұмыссыздар қатары азайған. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының саны 78-ден 13-ке кеміген. Көпшіліктің жауапкершілігі сезіліп, еңбекке деген қабілеті артқан. Жалпы шаруалар еккен көкөністерімен, яғни, қырыққабат, қызанақ, картоп тұқымдарымен  тұрғындар қамтамасыз етілген.

Пилоттық жобаның төртінші бағыты бойынша ауылдық округте «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Копперативтің құрамында 207 мүше бар. АШӨК-нің басқарушы директоры – Заирбек Сұлтанмұратов. Кооператив сатып алған 19 дана ауыл шаруашылығы техникасы «Жаңаталап» шаруа қожалығының ауыл шаруашылығы техникаларына арналған тұрағына қойылған. Шаруашылық төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 40-50 шақты тұрғынды науқандық жұмысқа тартуда.

-Кооперативте үш трактор, бір комбайн және 15 әртүрлі ауыл шаруашылығы тіркемелері бар. Көктемде кооператив құрамындағы мүшелердің егістік жерлерін жыртып, егін егуге көмектестік. Көкөніс көшеттерін тұрғындарға алып берген болатынбыз. Масақты дақылдардың сапалы тұқымын да жеткізіп бердік. Қазіргі таңда көпшілік бұл бағдарламаның тиімділігін, оның пайдасын жақсы түсінген. Егістік жер көлемі артып, мал басының саны көбейді. Сүттің көлемі едәуір артты. Ендігі кезекте жайылым жер мәселесі бар. Оны да шешудің жолдарын қарастырудамыз. Осы ретте, ауылда мал санының артуына байланысты малды орталықтандыру мәселесін қолға алып жатырмыз.

Ауыл маңынан сүт зауытының құрылысы басталған. Құрылыс аяқталып, ниетімізге жетсек, сүт зауыты өзіміздің ауылда болады. Тұрғындардан сүт қабылдап, сүт өнімдерін өндіретін боламыз. Бұл пилоттық жоба аясында іске асырылады деп күтілуде.

Биыл 150 гектарға арпа, 150 гектарға бидай егілді. Шаруалар егіске орақ салып, жиын-терімді бастап кетті. Алайда, қуаңшылықтың салдарынан биыл алқаптағы егіннің мәнісі жоқ. Көп жерлерге тоқтам жасалып, қысқартылып жатыр. Өткен жылға қарағанда несие алған азаматтардың еңбегі ақталмады. Несиелерін жабуға қаржылары жетпей, тұрғындар қиындыққа тап болды. Яғни, жем-шөп қымбат. Малдың базардағы да бағасы құлдырап кеткен. Сондықтан несиені төлей алмау қаупі төніп тұр. Біз бұл мәселені ескеріп, қуаңшылыққа байланысты бір жыл несие төлеуге демалыс алу үшін жоғары жаққа хат жазудамыз. Өйтпесек, болмайды. Пайда емес, шығынға батайын деп отырмыз, – дейді кооператив төрағасы Заирбек Сұлтанмұратов.

Сонымен бірге, ол ауылдағы ағынсу мәселесін шешу үшін Көксай каналынан бес шақырым жерді лотоктау мәселесі көтеріліп жатқандығын жеткізді. Көксай каналындағы суды «Ақмолда» каналына қосса, егістікті уақтылы суғаруға пайдасы тиетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудан әкімі Олжас Қаржауовтың тікелей бастамасымен окургте 130 гектарға сүрлемдік жүгері егілгенін, алдағы уақытта жаңа комбайн берілу қажеттігін айтып өтті. Одан бөлек, ауылдық округте мал басы санының артуына байланысты 350 гектар жайылым және 125 гектар егістік жер берілетінінен хабардар етті.

Ауылдық округтің әкімі К.Хайралапов және «Атамекен-Бастау» АШӨК-нің басқарушы директоры З.Сұлтанмұратов ауылдағы ағайынның бүгінгі жағдайына алаңдаулы. Бұл тығырықтан шығудың жолын қарастырып, көпшілікке қалай көмек болады деп шырылдауда.

Осы ретте, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» аудандағы өкілі Мирас Әділбекке хабарласып, пилоттық жобаның пайдасы мен тиімділігі туралы сұрастырдық.

-Бұл жобаның басты мақсаты – тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру. Жоба ауданда алғаш рет Ақтөбе ауылдық округінде іске асырылды. Нәтиже жаман емес. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды. Мемлекет үшін де ең маңызды мәселелердің бірі жұмыссыздықты жою емес пе?! Сондықтан жобаның тиімділігін ауыл тұрғындары көріп отыр.

Несие тұрғындарға бес жылға берілді. Жобаны зерделеп, мониторинг жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде көп тұрғындардың ісі алға басқанына куә болдық. Осы уақытқа дейін несие алған азаматтар уақтылы төлем жасап келді. Міне, соңғы айларда төлей алмай жатқандар көп.

Біз сенімді өкілміз. Осындағы жұмыстарды бақылап, атқарылатын жұмыстарды қолға алып отырамыз. Ал, несиеге бір жыл демалыс беру мәселесін ҚР-ның Ауыл шаруашылығы министрлігі шешеді.

Барлық адам бірден кәсіпкер болып кетпейді. Тек істің көзін тауып, қаржыны мақсатты жұмсағанда ғана жетістікке жетуге болады. Мәселен, Ақтөбе ауылдық округінде екі жоба болған. Оның бірі кондитерлік цех болса, бірі 10 соттық жерге жылыжай соғу. Қазіргі таңда цех 17 түрлі ұн өнімдерін өндіріп, кәсіпкер табысқа жетіп отыр. Ал, екіжақты келісімшартты орындамағаны үшін жылыжай саламын деген азамат сотқа берілді. Сот шешімі шығарылып, оған айыппұл салынды.

Бұл жоба заң аясында жүзеге асырылады. Заң алдында барлығымыз бірдейміз. Заң аясында еңбек етіп, нәтижесін көріп отырған тұрғындар баршылық, – дейді ол.

Дегенмен, Үкімет халықты қиын жағдайда қараусыз қалдырмайды деген ойдамыз. Егер тұрғындарға тағы да бір мүмкіндік беріліп, бір жыл несие демалысын берсе, аяқтан тұрып кетер еді. Өйткені, жобаның мақсаты да тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру деп аталады емес пе? Шаруалар табысқа емес шығынға ұшыраса, онда қалай тұрмыстық табыс артпақ? Пайдаға емес шығынға батса, несие қалай өтелмек? Қиыншылық пен қуаңшылық қос бүйірден қысқан уақытта шаруаларға шынымен де қолдау керек-ақ.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close