El іshі

Адымы аршынды шаруа қожалық

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында басқа салалармен қатар, ауыл шаруашылығы саласын өркенді дамытуды баса айтқаны белгілі. Өйткені тұтас бір елді асыраушы саланың ел экономикасының жаңа драйверіне айналдыру қажеттігі айтпаса да түсінікті. Иә, қазіргі таңда ауыл шаруашылығында өркендеп, дамумен қатар түйінді проблемалар да аз емес. Оның бастылары ретінде ең біріншіден жайылымдық жерлердің тарылып кетуі, ауыл шаруашылығы техникаларының ескіруі, мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қолжетімділіктің болмауы, тағысын тағы проблемаларды атап айтуға болады. Оған қоса биыл ауа райындағы қуаңшылық та саланың дамуына өз әсерін тигізіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған биылғы Жолдауында саладағы бірқатар түйінді проблемаларды атап көрсетіп, Үкіметке жақын арада жедел қолға алуға тиісті жұмыстарды да тапсырды.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды. Сонымен бірге, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет. Үкімет осы мәселе бойынша бір айдың ішінде шешім қабылдауға тиіс»,- деді Президент.

Ауыл шаруашылығы саласы әрине, ауылдық жерде ғана өркен жаяды, дамиды. Ауылда еңбек еткен шаруа азаматтар мұны жақсы білсе керек. Жуалы ауданы негізінен ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған, оның ішінде төрт түліктің басын көбейтуге, арпа, бидай, картоп, басқа да дәнді дақылдарды өсіруге қолайлы өңірлердің бірі саналады. Ақсай ауылдық округінде масақты дақылдар алқабының көлемін ұлғайтуға, төрт түлік малдың басын көбейтуге, сол арқылы ішкі нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге күш салып жатқан шаруашылықтар бар. Соның бірі – «Асылхан» шаруа қожалығы.

Диқан ауылындағы «Асылхан» шаруа қожалығы егін егумен қатар сауынды сиырдың басын да көбейтуге ден қойып отыр. Бүгінде шаруашылықта ірі қара малдың басы 80 басқа жетті. Оның тең жартысы сауынды сиырлар. Одан бөлек, шаруашылықтың мал қыстауында 460 бастай қой, 20 бас қошқар бағылады. Азын-аулақ жылқылары да бар. Шаруашылықта жеті адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

-Жер өңдеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы жеткілікті деп айтуға болады. Шаруашылықта жеті дана трактор, үш дана астық жинайтын комбайн, «КаМАЗ», «ЗИЛ» маркалы жүк тасымалына арналған қуатты техникаларымыз, одан бөлек, жер жыртуға, дән себуге, жүк тасымалдауға арналған ауыл шаруашылығы тіркемелерінің бәрі бар. Екі жыл бұрын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 25 пайыз жеңілдікпен «ҮТО» маркалы жүктиегіш трактор сатып алдық. Бұл да шаруашылық жұмысын жүргізуге үлкен көмек.

Алдағы жоспарымыз – ет бағытындағы малдың басын көбейту. Бұл бағытта нақты жоспар жасап, алдағы уақытта өз қаржымызға 50 бас ірі қара сатып алуды ойластырып жатырмыз. Сауын сиырмен қатар ет бағытында да ірі қара мен жылқының басын көбейтуге барлық мүмкіндігіміз бар,- дейді «Асылхан» шаруа қожалығының басшысы, еңбекқор азамат Әсет Олжабаев.

Ақсай ауылдық округіндегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі саналатын «Асылхан» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Шаруашылыққа тиесілі жер көлемі 640 гектарға тең. Былтыр оның 370 гектарына күздік бидай, 140 гектарына жаздық арпа, тиісінше, 130 гектарына мал азығы үшін жоңышқа егілген екен. Ал биыл 200 гектарға күздік бидай егіп, қалған алқаптарды тыңайту үшін сүрге қалдырылған. Шаруашылық дәнді дақылдармен қатар, картоп егуді де жолға қойған. Биыл «екінші нан» алқабының көлемі бес гектар болса, келер жылы оны 10 гектарға дейін ұлғайту межеленіп отыр.

Айта кету керек, диқандық шаруа азамат Әсет Олжабаев аға-інілерімен күш біріктіре отырып, «Асылхан» және «Олжабай» шаруа қожалықтарының жұмысын қатар жүргізіп келеді. «Олжабай» шаруа қожалығы да 2000-шы жылдардың басында құрылған. Екі шаруашылық та егін және мал шаруашылығына бейімделіп, оны ары қарай өркендетуді қолға алған. Ағайынды жігіттердің ең үлкені Талғат Олжабаев ауыл шаруашылығы техникаларының қалыпты жұмыс жасап, науқан кезінде түзік күйде жүруін қамтамасыз етсе, ортаншы інілері Рақым мен Бақтияр да техниканың тілін жақсы меңгерген азаматтар. Ал кенжелері Нұрмат төрт түлік малдың амандығына жауапты. Ал Әсет Олжабаев шаруашылықтың барлық жұмысын үйлестіріп, техника бөлшектері мен жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отырады.

-Шаруашылық жұмысын ұлғайту үшін қосымша мал базасының қажет екені белгілі. Мал бордақылау алаңын кеңейту мақсатында былтыр Қарасаз ауылының маңындағы бұрынғы Карл Маркс совхозынан қалған үш бірдей ескі ферманы сатып алғанбыз. Қазіргі таңда онда жөндеу және жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Келер жылдары ірі қара және жылқы малдарын бордақылауға қоямыз деп жоспарлаудамыз. Одан басқа да жоспарларымыз көп әрине. Оны жүзеге асыру уақыттың еншісінде.

Осы орайда ел Үкіметіне шаруашылық атынан алғысымды жеткізгім келеді. Мемлекеттің қолдауынсыз шаруаны өз деңгейінде жүргізудің мүмкін еместігі белгілі. Күзгі және көктемгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған дизель отынын және минералды тыңайтқышты да уақтылы алып отырамыз. Бұл егістіктен алынатын өнімділікті арттырудың бірден-бір кепілі. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан мал шаруашылығына қажетті жылжымалы вагондар берілді. Бұл жылдың төрт мезгілінде де малшылардың көшіп-қонуына үлкен көмек болып отыр. Бұрын қой мен сиыр бір өрісте бағылса, ал қазір жылжымалы вагондардың көмегімен бөлек-бөлек бағуға мүмкіншілік туып отыр. Құдай күш-қуат берсе, мемлекеттің көмек-қолдауларына сүйене отырып шаруашылық жұмысын ары қарай жүргізе береміз,- дейді шаруашылық басшысы Әсет Нұрмаханұлы.

«Біріккен істе береке бар» деген осы болар. Шаруашылықтың арқасында ағайынды азаматтардың тұрмыстары да жақсарып келеді. Әр отбасында ұлағатты ұл-қыздар өсіп, жетілуде. Бұл ретте әулеттің ақылшы анасы болған марқұм Базаркүл әжейдің әулетті ұйытудағы еңбегін ерекше атап өтпеске болмас. Қай жағынан алып қарасаңыз да, ағайынды Олжабаевтартың еңбекқорлығы мен ынтымағы көпке үлгі-өнеге боларлықтай.

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close