Qoǵam

Елдігіміздің тірегі – отаншылдық

Ежелгі замандардан бастап адамдардың ой-санасын улауға, оны саяси құралға айналдыруға тырысқан топтар болған. Олар адамның санасын жаулап алу арқылы өз мақсаттарына жетуге болатынын айқын түсінген. Осы ретте ХХІ ғасыр кеңістігінде де діннің атын жамылып, адамдардың санасын улап, жымысқы пиғылдарын іске асыруды көздейтін теріс діни ағымдар, экстремистік, террорлық топтар әлі де бар. Ол ұйымдар өздерінің қатарын ұлтының тарихынан, мәдениетінен бейхабар, отаншылдық сезімі төмен, намысты нанға сатуға даяр жандармен толықтырып жатады.
Діни экстремизм мен терроризм бүгінде жаһандық деңгейдегі аса күрделі мәселе болып отыр. Үстіміздегі жылдың басында Қазақстан «Жусан» арнайы операциясын жүргізіп, Сириядағы қантөгіс ошағында жүрген, террорлық ұйымдардың құрығына іліккен 47 азаматтың (оның ішінде 30 бала) Отанына оралуына септігін тигізген еді.
Бүгінгі міндет – ел азаматтарын экстремистік, террорлық топтардың қармағынан сақтандыру болып отыр. Бұл орайда жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне мән беріп қараудың, жастардың патриоттық сезімін күшейтудің алар орны ерекше. Мәдениетін, тарихын білмей жатып, тұлға да, халық та, мемлекет те дамымайды. Өзінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін біліп өскен әрі соларды мақтан тұтатын ұрпақ – мемлекеттің кемел болашағы.
Патриотизм – гректің «patris» «отан» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан, Отанға деген сүйіспеншілікті, халқыңа деген адалдықты білдіретін ұғым. Патриоттық тәрбие – ұлттық қауіпсіздікті сақтауға, ішкі, сыртқы қатерлердің алдын алуға, Қазақстанның тұрақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды факторлардың бірі. Патриотизмнің қалыптасуы отбасында, қоршаған ортада, оқу орнында, еңбек ұжымында т.б. орталарда орнығады. Азаматтардың Отанын қорғауға, конституциялық міндеттерін атқаруға үнемі даяр болуы патриоттық тәрбиенің ажырамас бөлшегіне кіреді.
Патриотизмді қалыптастыру тұлғаның бойындағы парыз және жауапкершілік сезімдерін орнықтыру негізінде жүзеге асады. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ел егемендігін баянды ете аламыз. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады. Ұлттық код пен рухани жаңғырудың бір қыры осында деп білемін. Қазақстанның біртұтастығы, ұлтымыз бен жұртымыздың терең мәдениеті беделімізді биіктете түседі».
Азаматтардың бойында Отанға адал қызмет ету, оны қорғау парыздарын адал атқаруда дәстүрлі діннің, ұлттық танымның атқарар рөлі зор. Жалпы ислам діні барша мұсылмандарды Отанды сүюге, еліне адал қызмет етуге шақырады. Адамзатты ұлт пен ұлысқа бөліп жаратқан Жаратушы әр ұлтқа өз Отанын нәсіп етті. Мұхаммед пайғамбардың өнегелі өмірінен де өзі туған өлке Меккеге деген ыстық махаббаттың, сүйіспеншіліктің айқын белгілері көрінетінін байқауға болады. Мұхаммед пайғамбар Меккеден Мединеге қоныс аударған сәтте, Хазрауа деген жерге жеткенде тоқтап, туған жері Меккеге қимастықпен қарап былай деген екен: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім». Тағы бір хадисте сахабалардың бірі Мұхаммед пайғамбардан: «Уа, Расулалла! Ең абзал амал не?» деп сұрағанда, ол: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» деп жауап берген екен. Міне, ислам дінінде отансүйгіштіктің қаншалықты деңгейде маңызды екенін осыдан бағамдап, пайымдауға болады.
Отанды сүю, Отанға адал қызмет ету жайында дүниежүзіне белгілі қайраткерлердің кейінгі ұрпаққа қалдырған салмақты сөздері де өнегеге толы. Мәселен, атақты ағылшын ақыны Джордж Байрон «Өз Отанына деген махаббаты жоқ жанның басқа ешнәрсеге махаббаты болуы мүмкін емес» деп пікір білдірген. Ал орыс философы Николай Чернышевский: «Өзінің Отанына тиесілі болмаған жан, жалпы адамзатқа да тиесілі бола алмайды» десе, ирландтық жазушы Бернард Шоу «Патриотизм өз Отаның басқалардан артық, себебі сен сол елде туылғансың» деген қағида» деген салиқалы пайымдарын жеткізген.
Ұлтымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы жас ұрпақ тәрбиесінде келесідей қасиеттердің болуы қажеттігін көрсетіп, отансүйгіштікке жоғары дәрежеде мән берген: «Жас адамды тәрбиелеудің негіздері: Үлкенді құрметтеу, борышын бұлжытпай орындау, арын таза сақтау, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай орындау, заңға бағыну – жас адамға қажет ізгілік белгілері осы. Мұны біз: Отанын, халқын, семьясын сүю деп те атаймыз».
Аз ғұмыр жасаса да, артында жалынды жырлар қалдырып кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шәкірт ойы» өлеңі де елге, жерге деген адал қызмет етуге ұмтылыстың белгісін анық байқатады:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Бұл ХХ ғасыр басында тәуелсіз Алаш мемлекетін құруға ұмтылған, сол жолда қажырлы еңбек еткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өшпес жыры.
Ал, қазақтың біртуар ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының тәлімді өсиеті іспеттес «Адамдық борышың» атты өлеңінде былай делінеді:
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
Талаптан да бiлiм мен өнер үйрен,
Бiлiмсiз,
Өнерсiз,
Болады ақыл тұл.
Шәкәрім бұл өлеңінде адалдықтың, ар мен ұяттың, білім мен өнердің салмағын анық көрсетіп отыр. Елге адал қызмет – барлық азаматтың міндеті әрі қасиетті парызы.
Осы тәрізді Отанды сүюге, адал қызмет етуге шақыратын өсиеттерді, үндеулерді әлем халықтарының, сонымен қатар өз ұлтымыздың қайраткерлерінің мұрасынан көптеп кездестіруге болады. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының шығармашылығында отансүйгіштік, батыл рух нышаны кеңінен қамтылған. Ұлы дала перзенттерінің жаужүректігі мен ерлігі, ел үшін еткен еңбегі қашанда үлгі және олар жастардың тәлім-тәрбиесінде кеңінен қолданылуы тиіс. Патриоттық тәрбиені күшейтуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», 2018 жылы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының атқарар рөлі зор. Себебі, бұл бағдарламалық мақалалар қазақ халқының ұлттық кодын сақтауға, ата-бабадан қалған рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуге жағдай жасайды. Аталған құжаттар қазақ ұлтын жаңа биікке көтеруге, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталғанын үнемі есте ұстағанымыз абзал.
Сонымен қатар жас буынның арасында патриоттық тәрбиені күшейтуде діни конфессиялардың алатын орны ерекше екенін атап өткен жөн. Себебі, қазіргі уақытта мешіттерге келушілердің басым бөлігін жастар құрайды. Салт-дәстүрмен, мәдениетпен, ата-баба тарихымен ұштасқан, отансүйгіштікті арттыратын діни уағыз жас буынның рухани иммунитетін, яғни теріс діни ағымдарға қарсы тұру мүмкіндігін арттырады. Себебі, қазақтай ержүрек, текті халықтың Отанға деген ыстық ықыласының нәтижесінде ұлан-ғайыр аумаққа ие болып, мемлекет атанып отырмыз. Бүгінгі міндет – ата-баба аманатын, тағылымын кейінгі буынға жеткізу, олардың бойына отансүйгіштікті сіңіру. Ұлттық құндылықтармен өзара байланыс тапқан діни уағыздың жастардың бойында елге, жерге деген құрметті, жауапкершілікті одан әрі артыра түсетіні айқын. Діни конфессиялар дінге сенушілерді Отанды сүюге, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтауға үнемі шақырып отыруы тиіс. Отанды қорғауға, Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны, Әнұранды, ҚР Конституциясын, Заңдарын құрметтеуге, сонымен қатар елге адал қызмет етуге шақыру – әрбір діни жетекшінің міндеті.
Сөзімнің соңын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында сөйлеген мына бір сөзімен аяқтағым келеді: «Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!».

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ,
облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ БАҚ-тармен байланыс бөлімінің инспекторы, гуманитария ғылымдарының магистрі

Таңдаулы материалдар

Close