Qoǵam
Жастар жемқорлықсыз қоғамды қолдайды
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аружан Қуанышбайдың ұйымдастыруымен Қарасаз ауылдық кітапханасында «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында жастармен барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда орын алуына жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа жол беру арқылы қылмыстық іске баратындығын, заң аясында қатаң жазалатынын ұғындыру, жастарға дұрыс түсінік беру.
Кездесу барысында жастар өз ой-пікірлерін білдірді. Жастар бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық қоғамымызды қатты алаңдатып отырған келеңсіз көріністердің бірі екені еш жасырын емес. Бұл қылмыс түрімен қоғам болып күресу мақсатында көп іс-шаралар қолға алынуда. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі де осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіріп қана қоймай, жемқорлықтың алдын алуға баса назар аударуда деген ой түйді.
-Біз жастар қоғамның жас буынымыз. Жастар болып қолға алып, жемқорлыққа жол бермесек, аға буын өкілі, мұндай іске бармас. Әркім өз басынан бастау керек. Әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою керек, еліміздің болашағы үшін күресу қажет. Сонда ғана жемқорлықты түп-тамырымен жоюға болады.
«Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес. Сондықтан, бұл індетке бірлесе қарсы тұруымыз керек», – деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай жемқорлықпен күресуді әркім өзінің міндеті санау керек. Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылдық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданды. Ел экономиясы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығыменен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы,- деп шараны қорытындылады Аружан Қуанышбай.
«Jańa ómir»-ақпарат