Qoǵam

«Елбасы жолы» кинофильмі көрсетілді

Жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты «Зерде» бейнемобиль автоклубының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлерге «Елбасы жолы» аталатын кинофильм көрсетілді. Фильм Ақан Сатаевтың желісімен түсірілген. Елбасы рөлінде қазақстандық белгілі актер Мұрат Ахманов ойнайды.
Екі сағатқа таяу уақытты қамтитын тың туындыға Астананың салыну тарихы арқау болған. Оқиға 1994 жылдың шілде айынан бастау алады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін қайта құрылған мемлекет – Қазақстанның тәуелсіз дара жолы басталады. Экономикалық дағдарыс пен саяси тұрақсыздыққа тап болған сол бір қиын-қыстау кезеңдерде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынады (мұндағы негізгі ойы жергілікті ұлт өкілдерін солтүстікке тұрақтандыру болатын). Бұл ұсыныс билік басындағыларға да, халыққа да күтпеген оқиға болды. Мұндай шешімнің жүзеге асатындығына сенімсіздікпен қарап, жемісті болатынына ешкім сенбеді. Бірақ қауіп-қатер мен қарама-қайшылықтарға қарамастан астананы көшіру жұмыстары басталады.
Фильм соңында Елбасының көрегендігі мен салиқалы саясатының арқасында, қазіргі Астананың жылдан-жылға қарыштап, дамып келе жатқанын көруге болады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close