Qoǵam
Атадан балаға мирас болып қалуы үшін
Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына және Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сай Көкбастау ауылдық округінде тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әлем елдерін шарпыған коронавирустық инфекцияға байланысты елімізде енгізілген төтенше жағдайға және карантинге байланысты осы уақытқа дейін дін саласындағы іс-шаралар жоспары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жиналыстар, пікірсайыстар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылмады. Алайда, әлеуметтік желілер арқылы округ әкімі аппаратының ақпараттық түсіндіру тобы (АТТ) мүшелерімен бірлесе отырып, онлайн түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді.
Округіміздегі діни ахуалға қатысты біз Теріс ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы, АТТ мүшесі Аташбек Әмірқұл атамызбен тілдескен болатынбыз. Осы ауылда туып-өскен, №16 С. Сейфуллин атындағы орта мектепте ұзақ жылдар мұғалімдік қызмет атқарған атамыз ауылдың, округтің жайын, діни ахуалын жақсы біледі. Одан осы тақырыпта өз ойын айтуын сұрағанымызда ол өңірдегі діни ахуалдың тұрақты жағдайда екенін айта келіп, округіміздегі Қосбөлтек және Бақалы ауылдарында, ауылдан шыққан мецанаттарымыздың қолдауымен қос мешіттің бой көтеріп келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Қосбөлтек» мешітінің құрылысы аяқталып, құжаттары рәсімделуде. Жақын арада ел игілігіне беріледі. Бақалы ауылындағы мешіттің құрылысы жалғасын табуда. Бұл жаңа мешіттердің бой көтеруі округіміздің діни ахуалын тұрақтылықта ұстауға үлкен көмегін тигізері анық.
– Жалпы алғанда, осы мешіттердің жанынан адамгершілік, имандылық тұрғыда, жастарымыздың діни сауаттылығын дамыту бағытында кішігірім медреселер ашылса деген ниет бар. Олай айту себебім, ауылда мешітке баратын жастардың қарасы аз. Оның себебін айта берсек өте көп. Оның себеп-салдарына емес, дамыту барысына көңіл аударатын болсақ, ең біріншіден, жастар арасында, халық арасында үгіт-насихат жүргізу. Екіншісі, жат ағым жетегінің зияны мен залалын ұғындыру. Үшіншіден, халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау, оны атадан балаға мұра етіп, ұмыт қалдырмау. Осы үш мәселені баса назарда ұстау – сіздің де, біздің де міндетіміз. Болашақ жастар қолында дейміз. Оларға дұрыс бағыт көрсету, дұрыс білім беру арқылы болашағымыздың берік қамалын тұрғызамыз.
Тұрақтылықты назарда ұстай отырып, ауданымыздың теолог мамандарымен және «Адырна Тараз» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, округімізде тиісті азаматтармен түсіндіру-оңалту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, аудандық ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығының теолог мамандарымен де тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Округіміздегі, жалпы еліміздегі діни ахуал тұрақтылығын сақтау бәріміздің тікелей міндетіміз.
Ержан СЕРКЕБАЕВ,
Көкбастау ауылдық округінің әкімі