Qoǵam

Сүйінерге жарар ұл…

Бейсенбай Молдакәрімұлы Бақалы ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылғандықтан немере ағасы Әмірсейіт пен жеңгесі Зейненің қолында тәрбиеленген. Үлкен апасы Айымпатша балалық, бозбалалық дәуірінде оң тәлім-тәрбие бере білген. 1946-47 оқу жылында Қызылдиқан бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, Тұрғынбек Молдабайұлы ұстазынан хат таниды. 1950-51 оқу жылында ұстазы Ергеш Рүстембаев 4-сыныпты бітіртіп шығарады.
Мектеп үйі Ақбай сайдың шығыс жағалауына орын тепкен еді. Жаппа, еденсіз үш бөлмелі жай, мұғалімдерге арнайы бөлме де жоқ. Кіреберіс дәліз, есікке қарама-қарсы бетте отынға арналған шағын бөлме. Жағатын отыны – тезек пен жалпылдақ. Күншығыс жағында шағын бөлме – мұғалім тұратын үй. Дәріс берілетін бөлме күнбатыс жағында. Қара тақта, мұғалім үстелі, екі қатар 10-ға жуық парта қойылған. Сол қанатта 1-ші, оң қанатта 3-ші сынып қатар отырады. 45 минуттың жарымында бір сыныппен, екінші жартысында келесі сыныппен жұмыс жасайды. Түс қайта 2-4 сыныпты өзге мұғалім оқытады. Ойын алаңы жоқ, үзілісте сай қуалап жүгіреміз. «Қызыл галстук», «Қашқар доп» т.б. ойын түрлерін тегіс жерде ойнайтын едік.

1951-1952 жылдары Бейсенбай ауылдан 8 шақырым қашықтықта орналасқан Талапты ауылындағы жеті жылдық мектептің 5 сыныбына барады. Күз бен көктемде өзі құралыптас ересек балалармен темір жолдан өтіп, есекпен барып-келіп оқыған, қыста Дүйсенбі атты Кәмила апа (Ілиястың анасының) бөлесінің үйінде жүрген-ді.
1957 жылдары Бейсенбай Рақыманбек екеуі Тараз қаласындағы №33 УМСХ-те оқып, трактор-комбайнның барлық түрінің жүргізушісі мамандығын алып шығады. Екеуі елге келе «Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсінді», тракторшы боп, нан таба бастаған еді.
Туыс-бауыр, бала күннен тай-құлынша тебісіп өскен Бейсенбай, Жанас, Еркебай, ұстаз Тілікбай, көңілі жақын Құдайберген т.б., Жұмахан жездемізбен үзіліссіз хат жазысып тұрдық. «Хат-үміт» деген осы екен. Отан, ел алдындағы азаматтық борышын үлгілі жағдайда өткізгендіктен, Бейсекең ауылға демалыс алып келіп, баршамызды шат-шадыман қуантып қайтар еді.
1961 жылдың 2 мамыры күні Балтық жағалауындағы Эстония, Клоота қаласы, Лиепая елді мекені үстінен АҚШ-тың әскери барлау «У-2» маркалы ұшағы шекара бұзып ұшып бара жатып, өз штабына рапорт береді. Әскери радиобарлау бөлімінде кезекшілікте отырған қаңлының ағылшын тілінің маманы Мырзағали Қадырманов тез өз штабына шекара бұзылғаны туралы рапорт береді.
Штабтағы әскери бастықтар өздерінен жоғарыдағы шені үлкендермен тез байланысып, штабта әлгі рапорттың жиілігін (частота) біліп алғанша жаңағы ұшақтан айырылып қалмауды өтінеді. Ұшақ стратосферада ұшатын «У – 2» барлау ұшағы екен.
Мырзағали ертеңгі сағат 10-дарда ағылшын тілінде хабарланған рапортты ұстаса, Свердловск (Екатеринбург) пен Селебе (Челябинск) маңында ракета тұтқасында тұрған Бейсенбаймен және қасындағылар-(«34 076» әскери бөлімде) Одақ Қорғаныс министрлігі тарапынан арнайы атып түсіруге бұйрық беріледі.
Түс шамасы еді. Отанға қызмет етуші-патриот. Патриот-отаншылдық деген мағына береді, ал Отан дегеніміз-ең алдымен халық қой.
Бұйрық-бұйрық. Бейсенбай бастаған қас батырлар ракетамен «У-2» жансыз АҚШ ұшағын Оралдың ну орманы үстінде атып түсіріп, ерліктің теңдессіз үлгісін көрсетеді.
Халықаралық ынтымақ күнін аста- төк мерекелеп жатқан Кеңес Одағының жұрты мына тосын хабарға елең ете қалған. Баспасөз, радиохабарды ерекше жоғарғы өрлеу үстінде жеткізіп жатты.
Ұшақ өрт құшағына оранған, ұшқыш полковник Пауэрс автоматты түрде, зымыран тиген замат, сыртқа лақтырылып үлгерген. Барлық алдағы іс мұқият зерделенген екен, ол қалың көкторғын ішіндегі алаңқайға түседі. Үстіне, әскери киімді шешіп қалдырып, аңшы-шаруа киімін кие қояды. Иығына аңшы мылтығын асына қойып, жинамалы велосипедпен орман ішіндегі жалғызаяқ жолмен келе жатқан жерінен әлгі әскери бөлімше жауынгерлері ұстап алып, штабқа әкеледі. Ол тұтқындалады. Жауап алады. Кейін Одақтың АҚШ-та тұтқынға түскен жансызымен (ол да полковник) баспа-бас айырбасталады.
«Өмір ұзақтығымен емес,
Мазмұнына қарай бағаланады» үлкен, абыройлы міндет атқарған Бейсенбайға әскери бөлім қошемет көрсетіп, марапаттап, елге болып қайтуға жібереді. «Ер бір күнде бір кісілік, ал бірде мың кісілік» дегендей, Бейсекең үлкен ерлік пен батылдық, тапқырлық пен дәлдіктің үлгісін көрсеткен еді. Әскери бөлімше тарихына аты-жөні жазылып қалуы не тұрады!
1962 жылдың ақпан айында Бейсекең елге, туған ауылға оралып, ақ түйенің қарны жарылып, аға-жеңгесі Әмірсейіт (ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері еді) пен Зейне жеңгеміз қой сойып, ауыл той берген еді. Бұл кезде Әмірсейіт көкенің ұлы Бақтыбай екі жасқа толған бөбек еді.
Сол жылы Бейсенбай Жамбыл қаласындағы электромонтёр курсын бітіріп, маман иесі болып шығады.
«Бозбала – елдің көркі маңдайдағы» деген. Бейсенбай кеше әскерге бозбала боп кетіп, жігіт боп оралса, енді міне дүрдей маман иесі боп тұрды. Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды.
«Аяғының сіңіріне қарап ал»,-демекші бойжеткен Мейрамкүл (Амансай ауылынан) сол таңдауға лайық боп шықты. Бейсенбай өкшелес інісі Болатбекті күйеу жолдас етіп, Шақпақатаға жиі жол түсірген еді. Бұған дейін Жолшыбек есімді аға «бергештік» парызын өтеп үлгерген-ді. Қазақта «қалыңмалы төленген қалыңдықпен кездесу айып емес» деген аталы сөз бар ғой.
Көп ұзамай Бейсенбай – Мейрамкүлдің тойының куәгері болдық. Ол кезде дәл қазіргідей үйлену тойы болмаған. Тойға келген үлкен аймақты аузына қарататын абыройлы ақсақал Айтбай Батырбекұлы бата берген еді.
Қырғыздың Көкі биінің сөзі жүзеге асып, Бейсенбай мен Мейрамкүл екеуінен бес ұл мен қыз дүниеге келіп, 25 немере, 9 шөбере өрбіді.

Болатбек Қайыпбеков,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close