Qoǵam

Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет

«Ұстаз – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегенің бастаушысы, жарқын үлгісі бала қиялын самғатып, арманын көкке ұмсындырушы тұлға».

Мағжан Жұмабаев.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын арнайы тарау бар. Онда: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды. Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс» деп, білімнің адамзат баласының қазынасы екенін ерекше атап өтті Елбасы.
Ал білімді үйретіп, шәкірттің зейінін ашып, шырағын жағатын тұлға ол – ұстаз. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы басқа мамандықтардан биік тұр. Ұлы ойшыл әл-Фараби да ұстаздық туралы көптеген ұлағатты сөздер жазып қалдырғаны белгілі. Соның бірі, «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деген сөзі ұстаз еңбегінің жанкештілігін көрсетсе керек.
«Білім – адамзаттың ортақ қазынасы» дейтін болсақ, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше оны кәдеге асыра алмайтындығы анық. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, аса бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, қиын жолда бағытынан таймасы анық.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы саналатын жас ұрпақтың тәрбиесіне де мықтап көңіл бөлінуде. Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп болса, мектептің басты тұлғасы, әлбетте ол – мұғалім.
Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев жастарға сенім білдіріп, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастарға көп мүмкіндіктер арқылы қолдады. Еліміздің болашағы, ертеңгі күні жастарға және біз тәрбиелейтін жас ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан, қазіргі дамыған заманда, жан-жақты білімді, ізденімпаз, шығармашыл, бір сөзбен айтқанда, жаңашыл мұғалім жаңа мектепке ғана емес, кез келген мектепке ауадай қажет. Себебі, жаңашыл ұстаз – заман талабы.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» екендігі айтылады. Менің ойымша, мұндай қасиеттерді адам бойына тек қана ұлағатты ұстаздар ғана дарыта алары сөзсіз.
Адамның бар болмысын, мінезін керек десең, өмірлік жолын қалыптастыратын бірден бір себепші, ол – ұстаз. Ұстаздың міндеті ауыр, әрі мол жауапкершілікті талап етеді. Дәл осы мамандықты таңдау барысында адам өмірі үшін жауапкершілік пен мойынға артылған ауыр жүкті сезінбей болмас. Сезіне отырып еңбек етуде аса маңызды іс. Ұстаздық – ұлы қасиет. Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегеніндей, әр оқушыға білім беріп, оған өмірлік бағыт сілтеп, өмірге «кірпіш» болып қалануына зор үлес қосушы тұлға – мұғалім.
Ал кез келген ұлағатты ұстаз өз еңбек жолын жас маман ретінде бастайтыны белгілі. Менің бала күнімнен бергі арманымның бірі – ұстаз болу еді. Өйткені кішкентай кезімнен бастап, мектеп қабырғасында өзім тәлім-тәрбие алған ұстаздарыма қарап бой түзедім. Бүгінгі күні мен білім нәрімен сусындап, қияға қанат қақтырған алтын ұя мектебім, ауданға қарасты Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепке қайта оралып, еңбек жолымды осынау білім ұясынан бастап жатырмын. Мамандығым – орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.
Мен өз мамандығымды шексіз сүйемін. Мен оқушыларыма тек орыс тілін үйретіп қана қоймай, сонымен қатар, оның өмірдегі маңыздылығын ұғындырғым келеді. Мен үшін ұстаз болу ол үлкен жауапкершілік және абыройлы жұмыс. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында алған бағытынан таймасы анық. Осы орайда маған білім берген ұстаздарым орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері Айхан Жанизақова және Нұрсұлу Сейдалиева сынды ұлағатты ұстаздарыма ерекше алғыс білдіремін. Осынау ұстаздар салған сара жолды жалғастырып, мен де ұлағатты ұстаз болуды алдыма мақсат еттім. Ұстаздық жолды таңдаған жандардың ұлағаты да мол болмақ.

Айдана ӨТЕГЕН,
№5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Нұрлыкент ауылы

Таңдаулы материалдар

Close