Qoǵam
Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым
Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Расында, тұғыры биік Тәуелсіздігіміз Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен сабақтас. Біз тәуелсіздік дегенде – әуелі 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауынан айналып өте алмаймыз. Өйткені, бұл бүкілхалықтық сайлау Қазақстан халқы өз басшысын өзі таңдай алатындығын, Қазақ елінің ендігі билігі өз қолында, Қазақстан басшысы тек «Орталықтың» пәрменімен тағайындалмайтынын көрсетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі жағдай аса күрделі еді. Дәл бүгінгі өмір өңіміз түгіл, түсімізге де кірмеген. Десе де, Елбасының көреген саясатының арқасында қазақстандықтардың өмірі біртіндеп өзгере бастады. Міне, бүгінде егемен еліміз әлемнің озық елдерімен бәсекеге түсіп отыр. Қазіргі таңда дүние жүзі халқы әлем картасынан Қазақстанды, оның Президентін, елордасын жазбай таниды. Болашақты болжай білетін Елбасымыз ә-дегеннен экономика, әлеуметтік сала, ішкі және сыртқы саясаттағы іске асқан ренессанстық құбылыстар Қазақстан қоғамын түпкілікті өзгертіп, оның әлемдегі беделін арттырды. Жас мемлекетіміздің қысқа уақытта қол жеткізген жетістіктері көптеген елдердің бір ғасырдан астам уақытта жетпеген көрсеткіштері деуге негіз бар. Мысалы, табиғи байлығы мол Оңтүстік Америка құрлығындағы елдердің бодандықтан құтылған бір ғасырдан астам уақыттағы даму жолын Қазақстан 15-16 жылда басып өтіп, дүниедегі озық 50 елдің қатарына қосылды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен сара басшылығының арқасында мүмкін болды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің болашағын анықтайтын, қоғамның жан-жақты дамуының басты басымдықтарын зерделейтін негізгі Ата Заңымыз Конституция қабылданды, қос палаталы Парламент экономикалық-әлеуметтік дамудың негіздерін қалады. Егемендіктің алғашқы елең-алаң жылдарында Қазақ елін әлемдегі барлық мемлекеттер тәуелсіз ел ретінде таныды, сексеннен астам халықаралық ұйымның мүшесі болды. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың қазақтың жаңа тарихындағы асқан рөлін дәлелдейді.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздіктің қайта оралғаны – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтелуі. Жаратқан иенің жасаған әділдігі. Тәуелсіздік Тәңірден келген тәтті сый», – деп айтқанындай, аңсап жеткен егемендіктің қадірі ерекше болмақ.
Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес. Қазақ елінің еркіндігі мен бірлігі үшін Күлтегін-Тоныкөк жырларында айтылатын «Күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған, аз халықты көп қылған, аш халықты тоқ қылған» қазақтың маңдайына, бағына біткен ұлы тұлға Нұрсұлтан Назарбаев екені Хақтың алдында да, халықтың алдында да ақиқат екенін айтуға тиіспіз. Сыртқы елдердің қазақты отарлауы әркез халықтың ашу-ызасын тудырған. Біздің тарих – қанмен жазылған тарих. «Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді» дегендей, қазақ елі егемендік-тәуелсіздік жолында жанынан безіп, тебінгісі терге шіріп соғысты. «Бабамыз қанмен, анамыз жаспен» суарған жер деп айтатынымыз да сондықтан.
Іргемізді бекемдеп, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанмен арадағы байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекітіп, шегендедік. Сол шекарамыздың мызғымастығын, еліміздің тыныштығын қорғауға қабілетті айбынды Армияны құрдық. Тарихымызды қайта түлеттік. Алыс-жақын шетелден қазаққа қатысты тың дүниелерді, материалдарды, тарихи деректерді елге алдырдық. Қазақ мемлекетінің тарихы ХІХ ғасырдың басынан емес, сонау ғұн, сақ заманынан басталатындығын нақты дәлелдермен дәйектедік. Осылайша, небәрі 30 жылға жуық уақыттың ішінде саяси, діни, экономикалық та мүдделер қақтығысы өршіп тұрған заманда татулық пен тұрақтылық орныққан Отанымыз Қазақстанды ынтымақ ұясына һәм жерұйық мекенге айналдыра алдық. Ал мұның барлығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал шешімдерінің арқасы екендігін бүгінде дүйім дүниежүзі елдері мойындайтындығы шындық. Бұл ретте Ата Заңымыздың да маңызы зор.
1991 жылғы 16 желтоқсанда әлемдік картада «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын ұлан-ғайыр жері бар мемлекет пайда болды. Дүние жүзінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орынға жайғасты. Бірақ, «Тұлпар шапса тұяғы, қыран ұшса қанаты талатын» жер көлемі болғанымен Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ешқандай өндіріс орындары болған жоқ еді. Елбасы Н.Назарбаевтың шет мемлекеттермен лайықты қарым-қатынас орнатуы, терең достық қарым-қатынаста болуының игі нәтижесінде елге инвесторлар ағылып келе бастады. Жыл сайын өндірістерге салынатын инвестицияның көлемі артып, жер үстіндегі және астындағы табиғи байлықтардың игеріліп, ел қажетіне жаратылуы оң жолға қойылды. Мемлекеттің даму жолына көз жіберсек, қазіргі жағдайға бірден жете қойған жоқпыз. Ел небір қиын жылдарды басынан кешірді. «Керуенбасы білікті болса, көш азбайды» деген сөз бар дана халқымызда. Осы орайда айта кетсек, ел тізгінін ұстаған адам ақылды болса, халық та ешқашан азып-тозбайды.
«Елді ер бастайды, ерді ерен бастайды». Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынды ерен еріміздің еңбегі мен ерлігін бағалап, мемлекет болашағы жолында аянбай еңбек еткенде ғана тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ.
Ажар АҚБАЛАЕВА,
Жуалы ауданының мемлекеттік архивінің директоры