Qoǵam

Өмірімнің жаңа парағын аштым

Жазғы ұзақ демалыстан кейінгі қыркүйек айының жайма-шуақ күндерінің бірі болатын. Үкілеген үмітпен аудандық газеттің қара шаңырағы саналатын «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне баруға ниеттендім. Содан аудан орталығына келіп, газеттің редакциясы орналасқан жерді оңай тауып алдым. Аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының ішінен орын тепкен кішігірім ғана ұжым екен. Келе салысымен тым-тырыс дәлізді көрдім. Адам қарасы көрінбейді.

Кейіннен тілшілер жан-жақтағы іс-шаралар мен жиналыстарға кеткенін сұрастырып білдім. Осыдан-ақ газет тіршілігінің қайнаған ортасы екенін аңғаруға болады.
Редакцияға келместен бір күн бұрын ұжым мені «Жаңа өмір» газетінен тілшілердің күнделікті жұмысы мен өздері жайында жазылған нөмірін оқи отырып, барлық қызметкермен танысып шыққан болатынмын. Сондықтан да маған редакция таңсық емес еді. Бірден жылы қабылдады.
Кітапты жаныма серік етіп, оқығанымды көңілге тоқығанды ұнатып, журналист болғым келеді деген асқақ арманымды желкен етіп оқуға да түсіп, үздік бітіріп шықтым. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, қоғаммен бірге етене жақын араласып жұмыс жасағанды жаным сүюші еді. Осы тұстан арманым орындалды десем артық айтпаған болар едім. Редакцияда қызмет істей жүріп қызығы мен шыжығын бойлай ортаға тез еніп кеттім. Сырт көзге журналистердің жұмысы оңай болып көрінуі мүмкін, тіпті кейбірі, «Ой сендердің жұмыстарың оңай ғой, бір қойын дәптерің мен қаламсабыңды аласың да жүре бересің, несі қиын?» дегендерді де жиі естіп жаттым. Шындығында олай емес, қымбатты оқырман, айтуға ғана оңай. Шерхан Мұртазаның «Журналист – это Қаранар, но мизерный гонорар» деген сөздері осындайда еріксіз ойға оралады. Өкінішке орай, кейбір тұстарда журналистердің еңбегінің елеусіз қалатыны көңілді құлазытып, жүректі қынжылтады.
«Жаңа өмір» редакциясында қызмет атқарып жүрген журналистердің барлығы дерлік тіс қаққан, тілшілер, өз мамандықтарының майталмандары.
Жұмыс барысында әріптес аға-әпкелерден үйренгенім мен білгенім, көкейге түйгенім көп болды. Оның ішінде Марат Құлибаев, Перизат Нүрпейісова, Гүлмира Дембаева, Нұржан Дербісалиев, Абылайхан Сәрсен сынды журналистерден осынау мамандықтың қыр-сырын үйреніп, іссапарларға да бірге шығып, жан-жақты болуға дағдыландым.
Сондай-ақ, программист-дизайнер Нұрсұлтан Орын, тілшілікті жаңадан бастап келе жатқан Айгүл Аманқұлдан да үйренерім көп. Ғұламалардың: «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» деген нақыл сөзді естеріңізде шығар. Расымен де ғұламалар солай айтып жатқанда, менің әлі білетінім бір тоғыздың біріне де жетпеген сыңайлы.
Газет шығаратын орын, баспа ол мәдениет ошағы. Сондықтан да мұнда қызмет етуші журналистер, корректор, дизайнерлер барлығы дерлік атына заты сай мәдениетті, тіл байлығы жоғары болу керек. Орын-орнымен бүкпесіз шындықты шырқыратып жазып, халық игілігі үшін қызмет жасаулары шарт. Дәл осы аталған қасиеттер біздің редакциядағы барлық қызметкердің бойынан табылады десек, артық айтпаған болар едім.
Баспасөзден алыстамаңыз, жаңалықтан қалыс қалмаңыз, құрметті оқырман. Себебі, баспасөз тек шындықты жазып, ақиқатты айқындап көрсетеді.
85 жылдығың құтты болсын, алғашқы ыстық ұям – «Жаңа өмірім»!!!

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close