Qoǵam
Басты мақсатымыз – болашақ сарбаз дайындау
Еліміздің ертеңгі жарқын болашағы – жас ұрпақты елжандылыққа, өз Отанының адал азаматы болуға ұлттық, халықтық тұрғыда тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені анық. Осы ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз – қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, әpбip азамат өзін-өзі айқын билеуін қалыптастырады» – деп нақты атап көрсеткені белгілі. Бүгінгі күні жеке тұлғаны патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу барысында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің II съезінде, білімгерлерді Отанды, туған жерді, өз халкын сүюге тәрбиелеу – оқытушының аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы деген мәселе көтерілді.
Әскери қызметшілердің жалпы міндеттерін оқыту арқылы да жастарға Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын қатаң сақтауға және әскери жарғылардың талаптарын орындау, әскери антқа адал болу, өз халқына жанқиярлықпен қызмет ету, өз елін қасық қаны қалғанша қорғау, өз Отанының патриоты болу, адал, тәртіпті болу, кәсіпшілікті ұдайы меңгеру, өз жолдасын бағалау, киімді ұқыпты кию деген секілді көптеген жақсы қасиеттер түсіндіріліп, оларды бойларында қалыптастырады. Әскери қызметтің қиындықтарын табанды өткеруге алғашқы әскери дайындық сабақтарының жас ұрпақтың бойында әскери патриоттық тәрбиенің қалыптастыруда алар орны ерекше десем, қателеспеген болар едім. Жастарды өз Отанының патриоты болуына тәрбиелеуде, сыныптан тыс Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер, әскери-спорттық ойындар мен жарыстар, әскер тақырыбындағы ерлік сабақтар, мұражайларға, ескерткіштерге , мәңгілік алау аллеясына бару, әскери әндер сайыстарын өткізу секілді ic-шаралар өте маңызды рөл атқарады. Осы ретте биылғы жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай колледж білімгерлері аудандық «Достық» мәдениет үйінде ауғандық ардагерлермен кездесіп, тәрбиелік мәні зор үлкен іс-шара өткізгенін айтуға болады. Ауған соғысының ардагерлері өскелең жастарға патриоттық тәрбие беруден әсте жалыққан емес.
Жастарға патриоттық тәрбие беру – біздің мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағыттары шеңберінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең өзекті мәселелердің бipi. Бұл жөнінде еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауларында үнемі көрініс тауып отырады. Онда білім саласы туралы кеңінен айтылып, оның ішінде патриоттық тәрбие жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға күш салу керектігі атап көрсетіліп келеді. Одан бөлек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында да ұлттық рухымызды көтеріп, айбынымызды асыратын елдік мәселелер кеңінен көтеріліп отырғаны белгілі. Бұл да біздің халқымыздың тарихы мен тамыры терең екенінен хабар береді. Аталған мақалалар жастардың рухын шыңдауға таптырмас құрал екені даусыз.
Патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, колледж білімгерлерінің бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін, яғни патриоттық санасын дамытуға халқымыздың біртуар қаһарман перзенті, ержүрек қолбасшы, әскери әдебиеттің негізін қалаған жазушы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдырып кеткен өсиеттері және ерлікке толы шығармаларының алатын орны ерекше. Мысалы, соғыс жылдарында Бауыржан Момышұлы: «Қасиетті жер үшін,
Атамекен ел үшін!
Әзиз ана, қарт ата,
Ботагөз сұлу қарындас, күң, құл болмасын» – деген жыр жолдары арқылы жауынгерлерге pyx бepiп, ерлік icтepгe шақырады. Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында патриотизмге, ерлікке, батырлыққа байланысты бірқатар терминдерге анықтама берген. Осы ретте солардың мағынасына тоқталып өткім келеді. «Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығының қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну.
Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалдыру, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамзаттық парызын орындау үшін, оның қayiп-қатерін бөлісіп, жауды барынша жоюға, жеке басыңды және Отандастарды қayiпciз етуге ұмтылу, саналы түрде қayiп- қатерге бас тігy.
Батылдық – қимыл, әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық.
Табандылық – батырлардың қалқаны», сондай-ақ Баукең халықты ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеуде артына көптеген қанатты сөздер қалдырған.
Мысалы, «Намысты нанға сатпа, Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық, Өтіріктің балын жалап тipi жүргенше – шындықтың уын ішіп өлген артык, Белдескеннің – белін сындыр, тірескеннің – тізесін бүктір, Қолбасшы болсаң сондай бол – жосылып жатқан жолдай бол, Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз».
«Ұлылардан – ұлағат» демекші, хас батырдан осындай тағы да басқа батырлық, ерлік, тәлім-тәрбие турасында айтылған өсиет сөздер қалған.
Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көpiнic табады.
Олай болса рухани байлыққа ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болу үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет. Патриотизм сезімінің ояну мен қалыптасу үрдісін белгілі бip асқақ сезімдерден, мақтаныш-сүйініштен бөле-жара қарауға болмайды. Ол елінің өткен тарихын мақтаныш тұту, жерінің байлығына, әсем көркіне сүйсіну, атадан балаға жалғасып, жақсы үрдісін тапқан ұлттық тілді құрметтеу. Осы сезімдерден туатын, санада орнығып қалыптасатын асыл қасиеттер ұлттық патриотизм денгейінде өркен жайып, азаматтық патриотизм биігіне ұласатын сыңайлы. Әрине, бұл өздігінен бола салатын нәрсе емес. Ол да нақты тәрбиенің жемісі. Бұл тәрбиені егетін ciз бен біз, яғни, оқытушылар қауымы деп сеніммен айта алар едім.
Егеменді елдің азаматын тәрбиелеуде әр оқытушының ең басты мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, icкep, бойында игі қасиеттері бар адамды тәрбиелеу.
Ойымды қорыта келгенде, біз колледж оқытушылары, білімгерлерді отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, туған еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне халықаралық қауымдастықта абыройының өсуіне адал қызмет eтугe парыздармыз. Ол үшін білімгерлерге еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтардың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-тәнімен сезіндіруіміз керек. Жас буынның бойындағы патриоттық сезімдерді жеткізе білсек, білімгерлердің көкейіне партиотизм туралы ой сала білсек, үлгi көрсетсек, онда заманға сай, қоғамға керекті азамат, отансүйгіш, елжанды азамат, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелеген болар едік. Патриоттық тәрбиені білімгерлердің бойына cіңіpy үшін әр уақыттағы қазақ халқының басынан өткен оқиғаларды айта отырып, түсіндіру қажет. «Бip жылға жоспар құрсаң, егін ек, жүз жылға жоспар құрсаң, ағаш ек, болашаққа жоспар құрсаң, баланы тәрбиеле» деп шығыс нақылында айтылғандай, жас ұрпақты патриоттық тәрбие негізінде тәрбиелесек, егеменді еліміздің көк байрағы көк аспанымызда мәңгілік желбірей бермек…
Айдар БОЛБЫРАҚОВ,
№16 Жуалы колледжінің АӘД
пәнінің оқытушы- ұйымдастырушысы