Qoǵam
Әлеуметтік-әріптестік байланыс жақсаруы тиіс
Өткен аптада аудан әкімдігі жанындағы жазасын өтеу орындарынан босатылған және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаны өтеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша консультативтік-кеңес органының үстіміздегі жылдың 12 айында атқарылған жұмысы комиссия отырысында тыңдалды.
Күн тәртібінде аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандармен атқарылған жұмыстары, пробация есебінде тіркеуде тұрған кәмелекеттік жасқа толмаған балаларының болуына байланысты өтеу жазаларының мерзімі кейінге қалдырылған азаматшалардың кәмелеттік жасқа толмаған балаларымен жүргізілген психологиялық жұмыс нәтижелері, «Сотталғандарды ақтау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстары қаралды.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жүргізді.
Жиынға комиссия мүшелері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Бірінші мәселе бойынша аудандық пробация қызметінің басшысы, әділет майоры Қуат Сарғалтақов баяндама жасады.
Баяндамашаның сөзіне қарағанда, 55 сотталған азаматқа қатысты жұмыспен қамтуға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламаларына сәйкес, жұмыспен қамту орталығына жолданған. 47 сотталған азамат жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. 30 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, 16 азамат қоғамдық жұмысқа тартылған. Бір азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, бір азамат өз еркімен жұмыстан бас тартқан.
Бүгінгі күні пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға психологиялық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, Қуат Манатбекұлы пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарды қоғамдық жұмыстармен қатар, түрлі спорттық жарыстарға тартылатынын, оларға қайырымдылық жұмыстары жасалатынын атап өтті.
Одан бөлек, баяндамашы 2022 жылға қатысты квота бөлінген мекемелер пробация есебінде және түзеу мекемесінен шығып келген сотталғандарды жұмысқа орналастыру бақылауға алынса, психолог мамандары жазасы кейінге қалдырылған сотталған азаматшалардың балаларымен әңгіме-сұхбат жиі өткізсе деген ұсынысын жеткізді.
Пробация қызметінің басшысының ұсынысына Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков жауап беріп, өтеу жазаларының мерзімі кейінге қалдырылған азаматшалардың кәмелеттік жасқа толмаған балаларымен жүргізілген психологиялық жұмыс нәтижелерін баяндады. Баяндамашы мұндай балалармен мектеп психологтары байланыс орнатып, жиі жұмыстар жүргізілетінін, олар назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Одан кейін аудандағы «Сотталғандарды ақтау орталығы» ҚБ-нің атқарылған жұмыстары тыңдалды. Орталықтың негізі мақсаты мен негізгі функциялары туралы айтылды.
Отырыстың сұрақ-жауап кезеңінде ауылдық округ әкімдері елді мекендегі пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың қоғамдық жұмысқа тартылуы туралы айтып өтті. Жалпы олардың айтуынша, мұндай азаматтар ауылдық округтерде қоғамнан тыс қалмай, бейімделу жұмыстарына тартылуда.
Ал, аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Әлібек Қарабаев пробация қызметіндегі азаматтарды жұмыспен қамтуды қолға алу керектігін, олардың құжаттарын реттеп, маусымдық жұмыстарға орналастыру қажеттігін ұсынды. Сонымен қатар, олардың мамандықтарын белгілеп, сол бойынша жұмыссыз ретінде тіркеу, квота санын көбейту керек деген өз ойын жеткізді.
Комиссия отырысының күн тәртібінде белгіленген мәселелер қаралған соң хаттамалық тапсырмалар беріліп, жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы «әлеуметтік-әріптестік байланыс жақсы болуы керек» деп қорытындылады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»