Qoǵam
Ұлттың рухы көтерілген күн
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасының қатысушылары және куәгерлері Нұрғали Есмұратов, Шолпан Сәбденбекова және Райгүл Әуелбековамен кездесу өтті. Орталықтың кітапханашылары Шарифат Каниева мен Назгүл Серкебаеваның ұйымдастыруымен өткен кешке кітапхананың тұрақты оқырмандары Алдабек Нұрлыбаев, Смайл Көбесов, Қайрат Сарыбаев, №1 мектеп-гимназияның оқушылары және кітапханашылар қатысты.
Шара барысында кітапханашылар «Елімнің тербеткені – тәуелсіздік» атты кітап көрмесін жасақтаған. Сондай-ақ, теледидардан Желтоқсан оқиғасына байланысты дайындалған арнайы бейнероликтер көрсетіліп тұрды.
Кездесуді жүргізушілер Шарифат Каниева мен Назгүл Серкебаева шақырылған қонақтарды таныстыра келе, ортаға «Желтоқсан желі» әнін орындау үшін Еркебұлан Тәліпбекті шақырды. Одан кейін кітапхананың жіктеу бөлімінің кітапханашылары Жазира Әбдешова мен Ақбөпе Ембердиева «Қайрат Рысқұлбековтың монологын» оқыды. Ал, мектеп оқушылары Желтоқсан оқиғасына арналған өлең жолдарын жатқа айтып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
33 жыл бұрын болған оқиға арасында болып, әлі күнге дейін жүректерінде мәңгілік із қалдырған күндерді еске алу үшін сөз кезегі Желтоқсан оқиғасының ардагерлері мен куәгерлеріне берілді. Алғашқы сөз алған Шолпан Сәбденбекова көз жасына ерік беріп, сол күндерді еріксіз еске түсірді.
– Желтоқсан оқиғасы болған жылы мен жұмыс істеп жүрген кезім еді. Теңертең жұмысқа бет алып алаңда жастардың жиналғанын көрдік. Бізде іле-шала қосылып жүре бердік. Құрбым екеуміз алаңға жастар не үшін жиналғанын да білмедік. Тек алаңға жеткенде ғана Қонаевты орнынан алып тастағанын, орнына Колбинді қойғанын естідік. Ол кезде тым жас едік. Алаңда жүргенімізде намысымызға тиетін сөздер айтып, заттар лақтыра бастады. Сол кезде басыма қатты ауыр зат тиіп, жарақат алдым. Құрбым менің күйімді көріп, үйге қайтуға бел будық. Жарақатыма қарамастан екінші күні тағы да шықтық. Ол күні қатты айқай-шу болды. Жастарға «қайтыңдар, арты жаман болады» деген сөздер айтылды. Алайда ол сөздерге де жастар тоқтамады. Алаңға шығып, өз ойларын айтуға тырысқан өрімдей қарусыз жастарға солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды. Оларды тарқату мақсатында күш қолданып, су шашты. Дала қатты суық еді. Үстіміздің барлығы малмаңдай су болып, әйтеуір жаурап қалмау үшін құрбым екеуміз тоқтамай жүгіре бердік. Міне, сол күннің зардабын әлі күнге дейін кешудемін. Бұл күн біздің есімізде мәңгі сақталып қалған, – деп сол күнді күңірене еске алды.
Сондай-ақ, Райгүл Әуелбекова мен Нұрғали Есмұратов та сол күні көрген-білген естеліктерімен және оқиғаларымен бөлісіп, балаларға тәуелсіз елде бақытты өмір сүруге тілек білдірді.
Келесі кезекте оқушылар сол күні қайратты, жігерлі, намысшыл рухымен алаңға шығып, жандарын құрбан еткен Қайрат, Ләззат, Сабира және Ерболдың суреттерін ортаға алып шығып, бір минут үнсіздік жарияланып, еске алды.
Шарада кітапханашы Лаура Сейітпуллаева мен Арай Біттібай «Тәуелсіздік» және «Желтоқсан» өлеңдерін оқыса, №1 мектеп-гимназияның оқушысы, Алмира Марсель патриоттық өлеңді нақышына келтіріп орындады.
Кешті аудандық орталықтандырылған кітапхананың ардагері Күнімкүл Қошаева қорытындылады.
Кездесу соңында Желтоқсан оқиғасының қатысушылары және куәгерлеріне Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулеттің «Жуалы» кітабы сыйға тартылды.
Айгүл Қалымханқызы.
«Жаңа өмір»