Qoǵam

Ғажапсың-ау, Алакөл!

Тоғыз ай бойы тақта мен борды серік етіп, еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың бойына білім нәрін сіңірген ұстаздар жазғы демалысты асыға күткені рас. Жұмыс бағыттарының бірі ретінде өз мүшелерін сауықтыруды міндетіне алған кәсіподақ ұйымы осы ұстаздар үшін бірнеше демалыс түрлерін ұсынуда. Солардың бірі – дертіне дауа, жанына сая іздеген ұстаздарға арналған Алакөлдегі демалыс болатын.
Алдын ала ниет білдірген кәсіподақ мүшелерінің тізімі жасақталып, Жуалы ауданынан білім саласы қызметкерлерінен 37 кісі, жалпы облыс бойынша 120-дан аса қызметкер Алакөлде демалып қайттық. Боранды станциясынан пойызға отырған соң Алматыдан басқа пойызға ауысып, одан ары Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Жалаңашкөл станциясына атбасын тіредік. Ол жерден автобусқа отырып, 60 шақырымдық жолды артқа тастап Қабанбай ауылының маңайында орналасқан «Тұран» демалыс орталығына жеттік. Асфальтталған тегіс жолда терезеден төңірекке көз сала отырып жеткенімізді байқамай да қалыппыз.
«Тұран» демалыс орталығына жеткен демалушылар жайлы бөлмелерге жайғастырылған соң көпшіліктің жүздерінен ризашылық көңілдері білініп тұрды. Мұнтаздай таза бөлменің ішінде таза төсек, кондиционер, теледидар, тоңазытқыш, душ кабиналары заман талабына сай жабдықталған екен. Ұзақ жолдан шаршап келген жолаушылар орындарына жайғасқан соң асханаға барып қош көңіл білдіріп, қызмет көрсетіп жүрген аспаздардың дәмді тағамдарынан дәм татты. Сәл демін алған жұрт демалыс орталығына жақын орналасқан көлге бет алды. Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасында тербеліп жатқан Алакөлге суға түсіп, шаршағандарын басты. Көлді алғаш көрген елдің таңданысы ерекше еді, көз тастап алысқа қарасаң көлдің ортасында тұрған «Аралтөбе» аралы аймаққа айрықша әр беріп тұр.
Алакөл – ағынсыз тұзды көл, солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 247,3 м абсолюттік биіктікте орналасқан. Көлдің аралдармен қоса есептегендегі аумағы 2696 км2, ұзындығы 104 км, ең шығыңқы ені 52 км, жағалауларының ұзындығы 384 км, орташа тереңдігі 22,1м, ең терең жері 54 метрді құрайды екен.
Көл суы минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Кеңес кезінде мұнда ғарышкерлер үйі жұмыс істеген екен. Көктен оралған ғарышкерлерді бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылтатын болыпты. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып, жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл жағасы құстар мен өсімдік дүниесіне бай. Көл аймағынан бірқазан, үйрек-қаз, шағаланы кездестірдік.
Демалысымыз тек суға түсумен ғана шектелмей, өлкетану бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды. Маңайдағы Барлық жотасына көтеріліп, табиғатты тамашаладық, жерасты бұлақтарынан ағып жатқан Көз – бастау, асқазан – бастауынан емдік су алдық. Жотада орналасқан «Барлық – Арасан» шипалы су ванналарын қабылдап, ем алуға болатын орталықтың жұмысын көрдік. Көл жағалауында минералды сумен қатар емдік қара батпақтар кездеседі. Батпаққа түсіп, ем де қабылдап үлгердік.
Пойыздан түсіп, табанымыз жерге тигенде жан-жаққа көз сала қарағанымызда өз көзімізге өзіміз сенбей, таңырқасып қалған болатынбыз. Неге дейсіз ғой? Станциядан алыс емес тұста түсі өзгеше жасыл түсті көл көрінді, бетінде толқын ойнап тұрды. Біз таңырқай қараған көл «Жалаңашкөл» деп аталады екен. Алакөлге келіп сұрастырғанымызда білгеніміз – судың құрамында күкірттің мөлшері көп екен. Судың тері, бел, буын ауруларына шипасы барын білдік. Алыстан келіп, жанымызда тұрған көлге барып көзбен көріп, суына түсудің де сәті түсті. Судың түсі ерекше жасыл, мөлдір болып тұнып тұрған жоқ, түбі де көрінбейді, міне осындай ғажап көлді көріп, тағы да таңғалысып қайттық.
«Тұран» демалыс орталығының әкімшілігі демалуға барған ұстаздарымызбен танысу кешін ұйымдастырып, өз тараптарынан ән шашу жолдап, демалушыларға зор ықыласпен көңіл білдіріп, «суға түсіп ем алып, күш алыңыздар» деген тілектерін білдірді. Жамбыл облысы өңірінен барған көпшілік те өз ән шашуларын арнап, көңілді отырыс би кешіне ұласты. Шат көңіл-күй сыйлаған орталықтың директоры, ағайынды Айбол, Ержан Тұрғановтарға, осы сапарды ұйымдастыра отырып, біз орналасқан «Тұран» демалыс орталығының қызметін ұсынған Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-ның ұжымына өз ризашылықтарын білдірген жұрт кештен көңілді тарқасты.
Көл жағалауындағы демалыс орталығының көңілге ұнамды тағы бір жағы қауіпсіздік шараларының реттелгендігі. Әр тұста бақылау камералары орнатылған, жарық шамдар айналаны жарқыратып тұр. Ымырт үйіріле бей-берекет жүрген жанды кездестірмейсіз, түнгі сағат 24.00-ден кейін барлық кафелердің есіктері де жабылады екен. Мұны демалушының тыныштығы үшін жасалған игі шара деп білдік.
Туристердің демалуына лайықталып жасалған көл жағасындағы Арбат атанып кеткен көше бойы туралы ерекше айтуға болады. Көше бойы аса зор талғаммен жабдықталған. Демалыс беседкалары, гүлзарлар, балаларға арналған тренажорлар қойылған, бағаналар түбіндегі орналасқан орындықтарға отырсаңыз Wi-fi желісіне тегін қосыла аласыз. Жай ғана отырып, жаныңыз тыныштықты қаласа, көлге қарап демаласыз. Судың түсі сан құбылып, ескен самал желмен толқынданып, одан да ерекше келбетке ене түскендей болады. Күн ұясына қонар тұстағы кезең өзінше ерекше – батысқа қарай қонған күннің сәулесі суға түсіп, айнала күңгірт тартады, күн сіздің тыныштығыңызды тілегендей болып ұясына қонады.
Көргенімізбен, түйгеніміз – отандық туризмнің қолжетімді болуы, дамуы халық үшін де, мемлекет үшін де тиімді.
Еліміздің ғажайып өлкесін көріп, суға түсіп, күнге қыздырынып, дем алып, бойына ем алған жұрт ризашылық көңілмен, қимастық сезіммен Алакөлмен қош айтысып, туған жерге кері қайттық. Көңілімізде көруге асық болған Алакөлді көріп іштей ғашық болғанымызды жасыра алмадық.

Аризат Мұртазаева,
аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы төрайымының міндетін атқарушы

Таңдаулы материалдар

Close