Qoǵam
Көпір құрылысы аяқталуға жақын
Б.Момышұлы ауылы Рысбек батыр көшесінің бойындағы көпір қайта жаңғыртылуда
Биылғы жылы аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында тұрғындардың игілігі үшін бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынып, атқарылып жатыр. Соның бірі – ауылдың орталық көшелерінің бірі саналатын Рысбек батыр көшесі бойындағы көпірдің қайта жаңғыртылу жұмыстары. Осыған дейін көктем және күз мезгілдерінде жауын-шашынның көп түсуіне байланысты көпірдің аузы бекітіліп, оның су өткізгіштігі де өте төмен деңгейде болатын. Оның үстіне сай бойында үйілген тұрмыстық қатты қалдықтар сумен бірге ағып келіп, нәтижесінде сайдың суы осы тұсқа келгенде арнасына сыймай ағып, төңіректегі тұрғын үйлерге қауіп төндіретін.
Адамның өмірі – бәрінен қымбат. Әрине, жауын-шашынның көп түсіп, су тасқыны кезінде тұрғын үйлерден бөлек адам өміріне де қауіп-қатердің туындап отырғанын ескерген Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі биылғы жылы осы мәселенің оң шешілуіне шындап кірісіп отыр. Стратегиялық маңызы бар көпірді қайта жаңғырту жұмыстарына алдымен арнайы жоба жасалып, құрылысқа қомақты қаржы қаралып, жақында ескі көпірдің жанынан тағы бір көпірдің құрылысы басталды. Көпірдің уақытша жабық тұруы көлік иелеріне де уақытша қолайсыздықтар туындатып отырған жайы бар. Оның үстіне, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан орындарда шаң көтеріліп, тұрғындарға да әсер ететінін жасыра алмаймыз.
Жақында көпір құрылысының барысымен танысу үшін сонда арнайы барып, мердігер компанияның өкілдерімен әңгімелескен болатынбыз. Құрылысқа жауапты «Forte Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің прорабы Бауыржан Ақыбаев жұмыстың барысы туралы бізге толығымен айтып берді.
-Біздің серіктестік көпірдің құрылысын жүргізуді жақында ғана бастады. Әр жұмыстың өз алдына қиындығы болатыны сияқты, ескі көпірдің жанынан жаңа көпір салу үшін алғаш орын дайындауға кіріскенімізде бірқатар қиындықтарға тап болдық. Бұл жерде белгілі бір тереңдікте бірнеше коммуникациялар жүйесі өткен екен. Алғаш қаза бастағанымызда «Қазақтелеком» компаниясының желілері шықты. Оған зақым келтірмеуді ойлап, қазу жұмыстарын барынша абайлап аяқтадық. Одан бөлек, ауыз судың, кәріздің құбырлары бірқатар қиындықтар тудырды. Ескі кәріз құбырын жаңа арнаға қостық. Бұл жұмыстар біраз күнге созылды. Енді қазу жұмыстарын толықтай аяқтап, көпірге қойылатын құбырдың негізгі іргетасын бетондау жұмыстарын аяқтадық. Іргетастың қалыңдығы 40 сантиметрді құрап отыр. Бетон өзінің беріктігін ұстап тұруы үшін техникалық талаптарға сәйкес жеті тәулік уақыт қатуы қажет. Сонда ғана сапалы болады. Оның үстіне салынатын көпір құбырының диаметрі бір жарым метрді құрайды. Бетон толықтай қатып, өзінің беріктігіне жеткен соң негізгі құбырларды салып, оның жан-жағын тағы да бетондаймыз. Тығыздап болған соң көпірдің үсті бетон жабындыларымен жабылып, бұзылған асфальт жабындысын қайтадан қалпына келтіреміз. Одан бөлек, көпір маңындағы үйлерге қауіп төнбес үшін көпірдің екі жанындағы сайдың арналарын кеңейтіп, биіктету жұмыстарын жүргізетін боламыз. Құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталып қалады деп күтіп отырмыз,- дейді Бауыржан Исабекұлы.
Иә, сәтін салса, бұл көпірдің құрылысы сәтті аяқталса, тұрғындардың игілігіне айналар еді. Көктем және күз мезгілдерінде көпірге жақын орналасқан тұрғын үйлерге де қауіп төнбес еді. Тұрғындардың да тілегі осы.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»